The news is by your side.

Бала бақыты – қоғам бақыты

0 441

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген екен данышпан халқымыз. Қазіргі жастар тәрбиесінде жүректі нұрландыру, ізгілендіру арқылы адамның жанына әсер ету әдісі кең қолданылып келеді. Адамдардың бас бостандығы мен оның құқықтарын қорғау, денсаулығын сақтау мен нығайту, бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу – конституциялық заңның басты талабы. Өкінішке қарай, Конституциялық заңның талаптары қаншалықты орындалып жатқанымен, қоғамда зорлық-зомбылық проблемалары азаяр емес.

Балалар – қоғамның ең қорғалмаған санаты. Олар ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Оларға байланысты қатыгездіктің барлық түрлерін жоюға міндеттіміз. Балалардың зорлық-зомбылық, қатыгездік мәселелеріне қоғамның назарын аудару, оларға әлімжеттік жасауға жол бермеу, адамға деген сенімділікті тудыруды қалыптастыру керек.
Бала – біздің болашағымыз. Балаға жақсы тәрбие беру, дамуына мүмкіндік жасау, оларға қуаныш сыйлау және толық құқылы, еркін тұлға етіп жетілдіру – барша аға буынның жауапкершілігі. Осы ретте 2020-2021 оқу жылында білім бөлімі тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу және профилактикалық қауіпсіздік шараларын жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар жоспарланды.
Сондай-ақ 2020-2021 оқу жылында құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесі құрылды. Білім бөлімінің мамандары, педагог-психологтар, мектеп директорлары, мектеп директорының орынбасарлары, ауыл әкімі, сынып жетекшілер, мектеп инспекторлары, ата-ана қауымдастығы, жастар орталығының мамандарынан тұратын комиссия құрамы бар кеңес біршама жұмыстарға жоспар түзді. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағида аясында Шу ауданының Аналар алқасы қоғамдық құрылымымен бірлескен іс-шаралар жоспары да жасалды. Кәсіподақ комитетімен бірлескен «Қызды қырық үйден тыю» ұстанымымен ауылдардағы зейнетке шыққан ардагер ұстаздармен тәрбие жұмыстары басталды. Бұған қоса қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін құқықтық тәрбие орынбасарлары мен білім бөлімінің қызметкерлері құрамынан 18 адамнан тұратын жасақ құрылып, апта сайын рейд жүргізілуде. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 112 балаға жауапты педагог-психолог, әлеуметтік педагогтар, тәлімгерлер бекітілді. Мектептерде құрылған ата-аналар комитеті құрамынан аудандық комиссия құрылды.
Тағы бір жағымды жаңалық, 2020-2023 жылдарға арналған «Қиын бала болмайды» 3 жылдық жобасы басталды. Осы жоба аясында балалармен жұмыс жүргізу бойынша жеке жоспар құрып, «Гайденс» экспериментін жүзеге асырудамыз. Атап айтқанда, тәжірибелі педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың құрамынан кеңесшілер тобын құрдық. Кеңесшілер тобы олардың ата-аналарына жеке жұмыс жүргізіп, кеңес береді, қиын балаларға болашақта өз өмірлерін дұрыс қалыптастыруға, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру мақсатында аудандағы кәсіптік, техникалық колледждерге апарып, кәсіптік бағдар беріп, нақты мамандықтар бойынша арнайы ақпараттарды ашық жеткізеді. Ірі кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, кәсіпорындарға экскурсия жасатып, жалпы еңбек әлемімен таныстырады. Дәрістер өткізеді, тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес кәсіптік мотивациясын анықтау мақсатында диагностика жүргізіп, оқушылардың еңбек іс-әрекетінің дағдыларын тиімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Ағымдағы оқу жылының қазан айында «Қиын бала болмайды» жобасы аясында айлық өтті. Айлық аясында оқушылар «Жасөспірім болу оңай ма?», «Менің үйім – менің қорғаным!», «Қиындыққа қалай жол бермеу керек» тақырыптарында эссе жазып, «Мен кіммін?», «Мен қандаймын?» тақырыптарында коллаж салды. «Психологта қонақта» тақырыбында тренинг, «Спорт — менің тірегім» атты спорттық эстафета, «Еркін микрофон» әдісі бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар 9-20 қараша аралығында «Қатігездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты ақпараттық науқан өткізілді. Ақпараттық науқанның іс-шара жоспарына сәйкес мектептерде «Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында фото көрмелер ұйымдастырылды. Балаларға өздеріне көмек қажет болған немесе отбасындағы зорлық-зомбылық, балалардың құқығы бұзылған жағдайларда қандай көмек алуға болатындығы жайлы, баланың көшеде, үйде, көлікте жалғыз қалғанда, оның өміріне және денсаулығына қауіп төнсе, зорлық-зомбылық немесе қатыгездік жасалған жағдайда «111» жедел желі қызметіне жүгіне алатындықтары туралы айтылды. Мектеп психологтары оқушыларға «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында бейнебаяндар ұсынды. Мұнда оқушыларға зорлық-зомбылық туралы жан-жақты мағлұмат беру көзделді. Өз құқықтарын қорғай білуге үйрету, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ал 6-11 сынып оқушыларына науқанның іс-шара жоспарына сәйкес «Біз болашақтағы денсаулық үшін», «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыптарында онлайн форматта тәрбие сағаттары өткізілді. Тәрбие сағаты барысында әке отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы екені айтылды. Іс-шара жоспарына сәйкес бала еңбегін қанаудың алдын алу және жасөспірімдер арасында қаңғыбастық пен құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында түнгі рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Рейд барысында аудандағы кафелер мен дүкендер, ойын-сауық орталықтарының қожайындарына түнгі сағат 22.00-ден кейінгі мезгілде аталған мекемелеріне кәмелеттік жасқа толмағандарды кіргізуге және олардың жұмыс жасауына болмайтындығы туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қорыта келе білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп пен ата-ана болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажеттігін айтқым келеді.

 

Мүбәрак Жинақбаева,
Шу ауданы әкімдігі
білім бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.