The news is by your side.

Кооперативтер қалың ұйқыға кетті

0 133

«Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы бұқараның басына қонған бақ болғаны даусыз. Тұрғындар есік алдындағы жерді кәдеге жаратып, қорасын төрт түлікке толтыра алды. Сондай-ақ ауыл сыртындағы жерлер айналымға қосылып, өз кәсібін ашамын деушілерге де қолдау білдірілді. Ал шаруалардың өндірген өнімін қабылдап, өткеру бағытында арнайы кооперативтер құрылды. Әрине аталған кооперативтердің жиын-терін кезінде тигізген пайдасы орасан. Алайда алдағы үш ай қыста кооперативтер немен айналысады? Қазына қаржысына алынған техниканы пайдалану тетігін таба алады ма, әлде көліктер тоқсан күн бойы қоймада сәндік үшін тұрады ма? Міне осы мәселеге зер салып зерделеген едік.

Мәселенің мәнісіне жету үшін бар жағдайды кооператив жетекшілерінің өздерінен сұрағанды жөн көрдік. Байзақ ауданындағы «Түймекент 2019» кооперативінің директоры Әуесжан Қалабаевтың айтуынша, олардың жұмысы қыста толықтай тоқтайды екен.
– Қазір кооператив жұмысы тоқтады. Енді наурыз айында тірлікті қайта жандандырамыз. Оған дейін біздің істейтін жұмысымыз болмай тұр. Сол себепті қыста құр жатамыз, – дейді кооператив төрағасы.
Жамбыл ауданындағы «Іске Сәт» кооперативінің де қыста жұмысы жүрмейді екен. Алайда кооператив директоры Қадыржан Дөненбаев қыста ішкі инфрақұрылымды жаңарту бағытында жұмыс істейтіндерін айтады.
– Негізі біздің кооператив көлік қоятын тұрақтары толықтай дайын болмай жатып құрылған болатын. Сондықтан жиын-терін аяқталғаннан кейін қазір көлік тұрағы мен қоймалардың жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Қыс қаһарына мінбей жатып, біз техникамызды жылы орынға кіргізіп алуымыз керек. Сол себепті бүгінде жанталасып жатырмыз. Ал одан өзге қыс айларында жасайтын шаруамыз жоқ, – дейді Қ.Дөненбаев.
Жуалы ауданындағы «Атамекен Бастау» кооперативінің директоры Заирбек Сұлтанмұратов та қыста кооператив жұмысы тоқтайтындығын ашып айтып отыр.
Дәл сондай Мойынқұм ауданындағы «Айдарлы Агро-2019» кооперативінің директоры Мейірхан Шалқарбеков те қыста жұмыс жүрмейтіндігін жасырмауда.
– Қыс айларында тірлік етейін деп едік. Оған жер тастай болып қатып қалды. Содан техникамызды бұзып аламыз ба деп қорқып, бәрін қойдық. Дәл қазір шынымды айтсам үш ай қыста не істерімді де білмей отырмын, – дейді Мейірхан Әбдікерімұлы.
Т.Рысқұлов ауданындағы «Құмарық-тау» кооперативі де қыс айларына қандай жоспар жасайтындықтарын білмеуде. Кооператив директоры Еркін Сарсебаев наурыз бен сәуір келмей тірлік тәуір болмайтындығын айтады.
Жалпы аудандардың дені қыс айларында кооператив жұмысын жүргізу қиынға соғатынын алға тартуда.Әрине тірлігі егістікпен тікелей байланысты кооперативтердің жұмысын қыс айларында жүргізу шындығында қиын шығар. Алайда кейбір аудандардағы кооперативтер қыста да қарап жатпай, техниканы барынша тиімді пайдалану тетігін табуда.Мәселен Қордай ауданындағы «Жаңатұрмыс – Бірлік» кооперативі көктемнің қамын ойлап, 200 гектарға бидай егіп, 40 гектар жерді дайындап қойыпты. Кооператив директоры Әсет Спанов күн сәл жылыса, арпа егілетін жерді де аударып, тұқым егуге әзірлеп қоятындықтарын айтады.
Ал Талас ауданындағы «Талас 2020» кооперативі техникаларын тұрғындардың тұрмысына қолдануда.
– Жиын-терін науқаны аяқталғаннан кейін біз техникамызды тоқтатып қоймай, қазір шаруалардың қорасын тазалап, шөптерін жинап беріп жатырмыз. Одан бөлек көмір жеткізіп беру бағытында да жұмыстар жүргізудеміз. Әрине комбайнды қыста кәдеге жарата алмайтынымыз анық. Алайда трактор мен«КамАЗ»жүк көлігін қоймаға тығып қоймай, халықтың қамы үшін жұмыс жасатып жатырмыз, – дейді«Талас 2020»коперативінің директоры Рахымжан Аденов.
Сарысулық «Саудакент – 2019» кооперативі де көпшілік үшін игілікті іс қылуда.
– Біздің ауданда қыс қаһарлы болатындықтан шаруаларға ең бірінші қажеттісі – мал азығы. Ал шөп шабатын аймақ ауданнан алшақтау жерде орналасқандықтан кооперативтің техникасының күшімен шөп шауып, оны халыққа арзан бағамен өткерудеміз, – дейді кооператив директоры Бегайдар Айтбаев.
Міне осылайша «Саудакент-2019» кооперативі 3 трактормен күндіз-түні жұмыс істеуде. Ол бір жағынан халыққа демеу болып жатса, екінші қырынан арзан бағамен өткерілген шөп кооператив шығынын өтеуде. Бұл сөз жоқ, табылған тәсіл. Осы орайда «Өзге аудандардағы кооперативтер қолда бар техниканы неге тиімді пайдалана алмай отыр?» деген орынды сұрақ туады. Бұл сауалмен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына қайырылдық.
– Негізі кооперативтер өз-өзін қаржыландыруы тиіс мекеме саналады. Сондықтан олар қолда бар техниканы пайдаланып, қаржы табатын болса, ешкім бетінен қақпайды. Тек халыққа ұсынған қызметі нарық бағасынан төмен болуы керек.
Қазір кооперативтердің дені көктемгі дала жұмыстарының қамын жасап, техникаларын тазалап, қоймаларына сақтауға қоюда. Алайда техникасы жарап тұрса, оны пайда түсіру бағытында қолдануға болады. Біздің тараптан оған ешқандай шектеу жоқ, – дейді облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов.
Демек кооперативтер қыс айларында техникаларын сары майдай сақтамай, қаржы табуына құқығы бар. Тек қызметін халыққа төмен бағамен ұсынса болғаны. Бұл ретте Сарысу мен Талас ауданындағы кооперативтер сенім үдесінен шығып отырғаны анық. Енді басқалары осындай жүйенің барын білмей отыр ма? Әлде, қыста техниканы қозғауға қиналып, «сен тимесең, мен тиме» деген ұстаныммен отыр ма? Бұл әрине кооператив жұмысына абырой әкелмейтіні анық.
Ресми мәліметке сүйенсек, пилоттық жоба жанданған уақыттан бері 191 дана техника алу үшін кооперативтерге 1 миллиард 6 миллион теңге несие берілген екен. Енді осы кредиттен құтылу үшін кооператив төрағаларының өздері қаржы табуға құлықты болуы керек емес пе?

 

С.ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.