Түркістан: тұжырымдама бар, тегеурін жоқ

Түркістан: тұжырымдама бар, тегеурін жоқ

«Ер түріктің бесігі, екі дүние есігі» Түркістан қаласына арнайы барып қайттық. Мақсат – рухани астанамыздың бүгіні мен ертеңі туралы жазу. Әрине, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндей ортағасырлық сәулет өнерінің жаухары бар Түркістан қаласы, онда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы аз жазылып жатқан жоқ. Сондықтан, біз соларды қайталап шыққаннан гөрі көне шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне, келбетіне сын көзбен қарап, проблемалық тұстарын ашып көрсеткенді жөн деп таптық. Көздегеніміз — тырнақ астынан кір іздеу немесе ғайбаттау емес, кемшін тұстарын түзетуге мұрындық болу арқылы киелі қаланың келбетін ажарландыруға, абыройын асқақтатуға атсалысу.

Тар көшелердегі тамашалар

Театрдың киімілгіштен басталатыны сияқты кез келген қала кіреберісінен басталады десек қателеспейміз. Айтары жоқ, бұл тұрғыдан алғанда Түркістан қаласының оңтүстіктегі кіреберісі шаһардың көне тарихынан сыр шертетіндей үлгіде әдемі безендірілген. Бір ғана әттегенайы — қонақтарды ұлттық ою-өрнекті әдемі арка емес, оның дәл алдында қоныс тепкен май құю бекеті қарсы алады. Елеусіз нәрсе сияқты көрінгенмен, Түркістан қандай болды екен деп бірінші рет алып-ұшып келе жатқан қонақтардың көкейінде жағымсыз әсер қалдыратын жай.

Одан кейінгі көзге ұратын мәселе — қаладағы орталық көшелер мен жай көшелердің арасындағы аспан мен көктей айырмашылық. Біріншілері жарқырап тұр: сапалы асфальт төселген, жиектастар орнатылып, жағалай гүлдер отырғызылған, түрлі мүсіндермен безендірілген. Биліктің қонақтар келетін Саттарханов даңғылы, Қазыбек би, Тынышқұлов көшелері, теміржол бекетіне баратын Тәуке хан даңғылы сияқты күретамыр көшелерді ғана барынша абаттандырып қоюға күш сағаны көрініп-ақ тұр. Олай дейтініміз, шеткері көшелер тозып кеткен: асфальт төселгендері ойдым-ойдым болып ойылған, төселмегендері шаңы бұрқырап жатыр. «Шеткері көшелерге ағымдағы, кейде орта жөндеу жұмыстарын жүргізген болады. Бірақ, сапасыз атқарылатындықтан бір жауыннан кейін-ақ қайтадан баяғы қалпына түседі. Содан жамап-жасқап әуреленіп жатқандары. Ал, асфальт төселмеген көшелерде тіптен қиын. Көктемгі-күзгі жауын-шашында езіліп, берекемізді кетіреді» деп қынжылады жергілікті тұрғындар.

Кеңес заманының шекпенінен шыққан қалалардың ортақ бір проблемасы — көшелердің тарлығы. Сол кездегі бірлі-жарым автокөлікке есептелген көшелер қазіргі көлік нөпіріне төтеп бере алмауда. Тұрғындарының саны 119,2 мың адамды құраған 2011 жылы қабылданған ел Үкіметінің Түркістан қаласының бас жоспары туралы қаулысында қала халқының саны 2014 жылға 140 мың адамға жететін болады деген болжам жасалған екен. Ал, бүгінде тұрғындар саны 253 мың адамға жетіп, сол болжамның өзінен екі еседей асып түсіп отыр. Тиісінше, автокөліктер саны да бірнеше есеге көбейгендіктен көлік қозғалысы айтарлықтай қиыншылықтар туғызуда. Әсіресе, базарлардың, сауда орталықтарының, көпшілік көп жиналатын мәдени-әлеуметтік нысандардың маңайында кептеліс көп. Билік бірқатар көшелерді кеңейтуге тырысып жатқанымен ол проблеманы шеше алмауда.

Оның үстіне жол жиегінің бәрін беймәлім бір пысықайлар ақылы автотұраққа айналдырып алған. Жолдың шетіне тоқтай қалсаң, үстіне сары желбегей жамылып, қолдан жасалған таяқ ұстаған біреу «100 теңге» деп жүгіріп келеді. «Кімсің?» десең, «бұл ақылы тұрақ, мына мекеменікі» дейді. Сұрастырсаң, не лицензиясы, не рұқсаты жоқ.


Көгілдір отын көгілдір сағымға айналды

Осыдан үш жыл бұрын дәстүрлі жалпыұлттық телекөпірде қала шетінен өтетін «Бейнеу-Шымкент» газ магистралі арқылы Түркістан қаласына Президенттің ақ батасымен көгілдір отынның берілгені есімізде. Телеарналар жапатармағай көрсетіп, газеттер жазып жатты. Бірақ, қаланы газдандыру сол жолы телекөпір үшін газға қосылған жиырмашақты үймен аяқталған сыңайлы.

Сол кездегі қала әкімі Бақытжан Әшірбеков «Оңтүстік рабат» газетіне берген сұқбатында (16.10.2013 жыл) «Бейнеу-Шымкент» газ құбырынан қала мен оған қарасты елді мекендерді газбен қамту мақсатында автоматты газ тарату стансасының және одан елді мекендерге дейінгі құрылыстың жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін сараптама жасауға, одан бөлек, жергілікті бюджеттен тұрғындарды газбен қамтамасыз ету құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінгенін, жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеген. Осындай ауы да, бауы да дайын емес мәселе беймәлім себептермен сол жылы 20 желтоқсанда Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірге іске қосуға толық дайын нысан ретінде енгізіліп жіберілген. Елбасының бір жолы: «Жаңа нысан жұмысқа толық дайын, деп шулайсыңдар. Мен салтанатпен іске қосамын, бірақ, жұмыс істемей, тоқтап тұрады» деп ренжігені есте. Түркістанның көгілдір отыны соның кебін киіп отыр. Телекөпірден бері өткен үш жылда атқарылған бар шаруа — күші сағатына 100 000 м³ құрайтын автоматтандырылған газ тарату стансасы және екі газ бақылау нүктесі салынған. Ал, қала халқының дені әлі де көмір жағып күн көруде.


Базарға Бозымбаев жетпей тұр

Тараз қаласында бірнеше жылдарға созылып барып оңды шешімін тапқан базар мәселесі Түркістанда әлі де сағызша созылып келеді. Әңгіме Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан орталық үлкен «Қуаныш» әмбебап базары туралы болып отыр. Қаланың орталығында, тар жолдың бойында тұрған, киім-кешектен бастап, көкөніс, жеміс-жидек, автобөлшек, мың майда-шүйдеге дейін сатылатын сауда нысаны сенбі-жексенбіні былай қойғанда жай күндердің өзінде құмырсқаның илеуіндей қайнап жатады. Сауда орындары ығы-жығы орналасқан базарды қала ажарын ашатын нысан деуге аузың бармайды. Осыны түсінген бе, базар қожайындары даңғыл жақ шетін ұзынабойы баннермен жауып тастапты. Ол базардың қиқы-жиқы сықпытын жапқанымен, кіріп-шығуды қиындатып өрт қауіпсіздігі талабына елеулі нұқсан келтіріп тұр. Базар аумағында, қоршау ішінде қалып кеткен көп қабатты үйлердің тұрғындарына тіпті обал-ақ. Базарда үлкен автотұрақтың жоқтығынан, жол жиегіне қойып кетуге көшенің тарлығынан ел көліктерін алысқа қалдырып, жаяу салпаңдауға мәжбүр. Оның үстіне даңғылдың бір бетінен екінші бетіне өту үшін сатып алған заттарыңызды арқалап, шаршап-шалдығып жер асты өткелімен өтуіңіз керек.

Осындай қолайсыздықтарға қарамастан базарды қала сыртына көшіру мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Ең қызығы, Қызылорда бағытынан кіреберіс жақта заман талабына сай кең автотұрағы, жабық сауда павильондары бар, рет ретімен орналастырылған аумағы атшаптырым жап-жаңа «Алтын бұлақ» көтерме сауда орталығы қаңырап бос тұр. Биліктің уәжі: көшіруге ел де, саудагерлер де қарсы. Таразда да осылай болғаны белгілі. Кәсіпкер қып-қызыл пайдадан қалай айырылсын.

Былтыр «Қуаныш» базары алапат өртке оранғанда енді көшіретін шығар деген үміт пайда болған. Бірақ, ескі базар орнында қалды. Бұл проблема жуық арада шешімін таппайтын сияқты. Олай дейтініміз, жергілікті билік базарларды қала сыртына шығаруды емес, орнында қалдырып, «заманауи форматқа» кезең-кезеңімен көшіру жолын таңдапты. «Қуаныш» ЖШС-ы өртеніп кеткен жерде үкен сауда корпустарын салып та қойған. Қала басшылығы ескі базарларды қанша әрлесең де рухани астанамыздың ажарын ашпайтынын, тар жерде базардың тамашасын қыздыруға болмайтынын әлі де түсінбей отыр. Әлде Қ. Бозымбаевтың батылдығындай батылдық жетпей ме екен?

(жалғасы бар)

01.09.2016
247

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...