Түркістан: тұжырымдама бар, тегеурін жоқ (жалғасы)

Түркістан: тұжырымдама бар, тегеурін жоқ (жалғасы)

(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен нөмірінде)

Ішің білсін әлу-ай

Түркістанға 2008 жылы келгенімізде Ясауи мавзолейінің жанынан тұрғызылған қамалдың үстімен қыдырып жүріп, төменгі жағынан үлкен бір ескерткішті байқаған болатынбыз. Кімге орнатылғанын сұрағанымызда білетіндер осы мавзолейді тұрғызған Әмір Темірдің ескерткіші екенін айтқан. Бұл жолы әлгі ескерткіштің Б. Саттарханов даңғылының бойында тұрғанын көрдік. Бізді таңдандырғаны ол емес, әртүрлі себептермен орны ауыстырылуы мүмкін ғой. Бізді таңдандырғаны — тұғырында оның кімге арналып орнатылған ескерткіш екендігінің жазылмағаны.

Анықтай келсек, мұндай «құпиялылықтың» өзіндік себебі бар екен. Қаланы Өмірзақ Әмет басқарып тұрған тұста ескерткіш шыныменде Ясауи мавзолейін салдырған Әмір Темірдің ескерткіші ретінде орнатылыпты. Кейін ел арасында «Киелі жерде сан елді қанға бөктірген қанішерге неге ескерткіш орнатылған?» деген әңгімелер айтыла бастағанда билік құрастырылмалы бөліктерден тұратын ескерткішті бір түнде Б. Саттарханов даңғылының бойына көшірген де, әл Фараби бабамыздың ескерткіші деп әңгіме таратқан. Жұртшылық тарапынан сұрақ туындайма деп қорыққан болулары керек, тұғырына кімдікі екенін жазбаған. Дегенмен, белінде қанжары салаңдап тұрған сұсты жүзді мүсіннің әл Фарабидікі емес екенін айтпай-ақ білуге болады. Оның үстіне көшіріп-қондырушылар тұғырындағы араб тілінде қашап жазылған «Алланың қалауымен болған әлемнің әміршісі» деген сөзді алуды ұмытып кеткен, арабша түсінбеген соң мән де бермеген сияқты. Қалай дегенде де үлкен даңғылдың бойында «ішің білсін әлу-ай» деп беймәлім ескерткіш қасқайып тұр.

Кесене маңынан Үш жүзді білдіретін үш тіреуді иіп әкеліп түйістіріп, ортасына тастан қашалған бесікті орнатып, астына «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз жазылған монументті көрдік. Әдемі-ақ дүние. Бірақ, күтімсіздіктен тозып кеткен. Қаланған тақта тастарының әр жері құлаған, айналасын шөп басқан.

Орталық алаң маңында тұрған «Бірлік» монументінің тағдыры да әл Фарабидікіне ұқсас болып шықты. Биік тұғырға алты шаңырақ шар сияқты дөңгелене орналастырылған монументалды туынды бастапқыда «Алты алаш» деп ашылған екен. «Шаңырақ әдетте киіз үйдің төбесінде тұрады, көшкенде бір бүйіріне қойылады. Ал, мына монументтегі шалқасынан жатқаны қай алаштікі?» деген әңгіме шыққаннан кейін «Алты алаш» деген сөз алынып тасталып, бір түнде «Бірлік» болып өзгеріп шыға келген...

Б. Саттарханов даңғылы бойындағы Қабанбай батырға орнатылған ескерткіштен батырдың астындағы атының ноқта-жүгенін көре алмай дал боласыз. «Мінезін, жан-дүниесін аша алмаған» деп Бекзат Саттархановтың ескерткішіне де көңілі толмайтындар бар.

Міне, осының бәрі Түркістанда идеологияның маңызды бір саласы ескерткіштер мен монументтер орнатуда жүйеліліктің жоқтығын аңғартады.


Тасбақа қадаммен тұжырымдама қашан жүзеге асады?!

Түркістан қаласының әкімдігі биыл көктемде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен туризмді дамыту бағдарламасы бойынша «Көне Түркістан» тұжы-рымдамасы әзірленгенін жария етті. Онда ескі «Шахристан» қорғанын қалпына келтіру, яғни, кесене төңірегінде ені 4 метр, биіктігі 6 метр, ұзындығы 5 шақырым қорған тұрғызу, ортағасырлық ғимараттарды, қорғанның сырт жағынан көне Рабат қаласы мен Тим базарын қалпына келтіру, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығын Шымкент бағытына шығаберіс жаққа көшіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан маңдағы орталық көшелерді ыңғайластырып, жер асты көлік өткелін, Керуенсарайда шайхана мен Шығыс медициналық орталығын, «Қазақ хандығы» мемориалды кешенін, этноауыл мен Тұран халықтарының әскери мұражайын, шағын көлі бар саябақ салу сияқты ауқымды тірліктер қарастырылған.

Енді мына деректерге назар салыңыз. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан туризмді дамыту бағытында 2015 жылы атқарылғаны: қалаға туристер тарту мақсатында қолөнер мектебінің қолөнершілері, Қ.А.Ясауи тарихи-мәдени қорық мұражайының қызметкерлері, «Тұран-Саяхат» турагенттігінің басшылары «Silk Road Fair» республикалық туристік жәрмеңкесіне қатысып қайтқан; қала әкімдігі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ арасында қолөнер және туризмді дамытуды жүзеге асыру жөнінде ынтымақтастық меморандумы түзілген; қала әкімдігінің жанында туризмді дамыту жөніндегі кеңес құрылған. Ораңғай ауылдық округінен жеке кәсіпкер Әділхан Қасымбеков саумалмен емдеу жобасын жүзеге асыруға ниет білдіргенімен, қаржының тапшылығына байланысты бас тартқан.

Алғашқысы – қағаздағы жоспар. Ал, екіншісі – биліктің туризм кластерін қалыптастыру, қалаға туристер тарту бағытында бір жыл бойы атқарған нақты жұмыстары. Осындай тасбақа қадаммен тұжырымдамада белгіленген ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл — тұжырымдама жарамсыз деген сөз емес. Тұжырымдама тамаша. Тек оны жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстар мен қомақты қаржы қажет.

Қаржы демекші, былтыр Түркістанға 1 миллиондай саяхатшы, зияратшы келіп, олардың есебінен қазынаға 4 миллиард теңгедей қаражат түсіпті. Яғни, туристерді көбірек тартудың жолдары іздестіріліп, жүзеге асырылса, табысты одан да молайтуға негіз бар.

Қонақтар қынжылып қайтпасын десек...

«Әзiрет-Сұлтан» қорық-мұражайы аумағындағы Шығыс моншасына алғаш кіргенде жуынатын дөңгелек бөлмесінің айналасындағы бетіне шиперделер тұтылған бір адамдық қуыстарды көргенбіз. Түсініктемесінде «Тазалық бұрыштары» — келушілердің оңаша отырып жуынуына, қырынуына, тырнақтарын алуына т.б., арналған» деп жазып қойған екен. «Бұл қуыстардың қажеті қанша? Неге ортадағы жуыну бөлмесінде отырып жуына бермейді?» деп түсінбей қойғанбыз. Кейіннен білдік, мұсылман әдебі бойынша ер адам ерлер моншасының өзінде абыройын ашып шомылуға болмайды екен. Сондықтан, шығыс моншасында осындай арнайы қуыстар жасалған. Моншаның жуыну бөлмесіне абыройын алжапқышпен жауып кірген адам ортадағы таста қыздырынып отырып шомылып, оңаша толық жуыну үшін қуыс ішіне кіріп, шиден тоқылған пердені жауып алғаннан кейін ғана алжапқышын шешетін болған.

Кесене аумағындағы 1975 жылға дейін жұмыс істеген шығыс моншасы 1979 жылдан бері мұражай ретінде пайдаланылуда. Яғни, рухани астанамыз, ислам өркениетінің бір жауһары деп мақтан ететін Түркістан қаласында бүгінде ислам талабына жауап беретін мұсылман моншасы жоқ. Сондықтан, қалада халал монша салу мәселесін де ойланған жөн сияқты. Олай дейтініміз, ЭКСПО-2017 аясында қонақтар баратын қалалар қатарында осы Түркістан да бар. Білуімізше осынау халықаралық көрмеге мұсылман әлемінен де қонақтар көп келмек. Түркістанның атағын естіп, алыстан ат арытып арнайы келетін мұсылман қонақтарымыз Ясауи бабамыз өткен қаладан ислам талабына сай шомылатын бір монша таппай кетсе, елдігімізге сын болатынын да ұмытпағанымыз жөн-ау.


Әзірше аты ғана рухани астана болып тұр

Халқымызда «Сырт көз — сыншы» деген қанатты сөз бар. Міне, сын көзбен қарағанымызда біз көрген Түркістан осындай. Шындығын айту керек, тұрғындарының саны анау-мынау облыс орталықтарынан асып кеткенімен, шаһар әлеуметтік-экономикалық және мәдени әлеуеті жағынан бұрынғы шағын қала шекпенінен шыға алмапты. Әзірше оны билік көтергісі келіп отырған биікке (рухани астана мәртебесіне) бір табан жақындатып тұрған үш-ақ нысан: бірі – республикалық, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына айналып үлгерген Қ. А. Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті кешені, екіншісі – Қазақстанның халық артисі марқұм Р. Сейтметов негізін қалаған Түркістан қалалық сазды-драма театры, үшіншісі — ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Ясауи бабамыздың кесенесін қамтитын «Әзiрет-Сұлтан» қорық-мұражайы. Оның өзі қазба жұмыстары да, салынатын нысандары да толық бітпеген дүние. Ал, қаланың басқа жағы сол баяғы шағын қала шекпенінен сығалап тұр. Кезінде Ясауи бабамыз ілім-білімнің шырағын жаққан шаһардың кітапханасы ескі ғимаратта орналасқан. Жанындағы «Жеңіс» саябағының да күтімі көңіл толтырмайды. Жері тастақ, топырағы қатты, суы аз болғандықтан қалада тал-дарақ сирек. Әсіресе, жаңа салынып жатқан аймақтар көгерішсіз сидиып тұр.

Дегенмен, киелі шаһардың астаналық деңгейге көтеріле алмай жатуында қала басшылығының кінәсі жоқ деп ойлаймыз. (Шаһардың бүгінгі әкімі Әліпбек Өсербаевты өте іскер азамат деп естідік. Қылмыс өршіп кеткендіктен ел «Күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» деп атап кеткен қаланы толықтай жарықтандырып, қылмысты күрт азайтқан, көшелерді тазартып, гүл еккізген, мал баспайтындай етіп қоршатқан оны облысқа басқа қызметке ауыстырғанда түркістандықтар шулап, қала әкімі етіп қайта қойдыртыпты.) Біздіңше, Түркістанды рухани астана деңгейіне көтеруге қала бюджетінің қауқары жетпейді. Ол үшін Үкімет деңгейінде тегеурінді шаралар қабылдануы тиіс. Атап айтқанда, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында келешекте ел аумағында салынатын ұлттық, мемлекеттік маңызы бар қалақұраушы ірі өндіріс ошағының бірін осы Түркістанда орналастырған жөн. Жұмыс күші жетіп артылады. Не өзені, не көлі жоқ қалада Сыр есебінен немесе жер асты су көздері есебінен жасанды су қоймасын салуды да ойластырған жөн сияқты. Бас мүфтидің Түркістандағы резиденциясын ашу, заманауи кітапхана кешенін салып, діни әдебиеттер, сирек қолжазбалар қорын құру, дін мәселесін зерттейтін, соның ішінде Ханафи мазһабын зерделеп, насихаттайтын орталық ұйымдастыру да қала мәртебесін көтеруге игі ықпал етер еді деп ойлаймыз.

Тараз-Түркістан-Тараз

08.09.2016
298

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...