Шекарадағы шырғалаң. Қырғыздар қатты айтпаса, қазақтар қозғалмай ма?

Шекарадағы шырғалаң. Қырғыздар қатты айтпаса, қазақтар қозғалмай ма?

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші қырғыз елімен барыс-келіс, алыс-беріс Кеңес одағы ыдырап, ортаға шекара түскенде де тоқтаған жоқ. Қазақтар жыл бойы Дордойға, жазда Ыстықкөлге ағылса, қырғыздар жұмыс іздеп, сауда-саттық жасап бізге ағылды. Екі ел арасындағы бақылау-өткізу бекеттері бірнеше рет жаңғыртылғанымен осынау адамдар нөпіріне дайын болмай шықты. Қазақ-қырғыз шекарасындағы басты бақылау-өткізу бекеті болып табылатын «Қордайда», әсіресе, жаз айларында шұбатылған кептеліс, аптап ыстықта алқынған, қақаған аязда бүрсең қаққан ел үйреншікті көрініске айналды.

Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін шекарадағы қиыншылықтар жойылады екен, барыс-келіс оңайлайды екен деген әңгіме елді әжептәуір қуантып тастаған. Бірақ, экономикалық одақ еркін сауданы ғана білдіреді екен. Кедендік рәсімдеу мен тексеру тоқтағанымен, шекара қызметі қала берді. Қырғызстанға барып-келіп жүргендердің бақылау-өткізу бекеттеріндегі көрген адам айтқысыз қиындықтары туралы әңгімелері де азаймады. Бірақ, олар, көнбістігіміз бе, реніш пен күңкілден ары аспайтын. Ал, қырғыз ағайындар ондай көнбістік танытпады. Олар өз елдерінің омбудсмені (қырғызша айтқанда — акыйкатчы) Кубат Оторбаевқа қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан адам төзгісіз жағдай туралы шағымданған. Оторбаев мырза, мемлекетаралық нәзік мәселе болғандықтан ба, айғайға аттан қосып тұра жүгірмей, алдымен «Қордай» бақылау-өткізу бекетіне барып, айтылғандардың ақиқаттығына көз жеткізгеннен кейін ғана Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен өзінің қазақстандық әріптесі Асқар Шәкіровқа хат жазған.

Бір ғана 2015 жылы «Қордай» бекетінің шекарашылары 70 килограмм ауыр есірткіні тәркілеген, шекара тәртібін бұзудың 1500 оқиғасының жолын кескен.

«Сізге бұл хатты жазуыма Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны «Қордай» бақылау-өткізу бекеті арқылы өткенімде мені қатты қынжылтқан жайлар мәжбүрлеп отыр. Екі елдің азаматтары Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа, ал, Қазақстан Кедендік одаққа кіргеннен кейін шекарадан өту жеңілдейді, Қазақстан Шекара қызметі тарапынан адамдарға деген қорлаушылық қатынаспен қатар жүретін бюрократтық сөзбұйда тоқтайды деп сенген еді. Бірақ, үлкен өкінішке қарай, мен аталмыш бекеттегі Қазақстан Шекара қызметі қызметкерлері тарапынан өздерінің қызметтік міндеттеріне ғана емес, адамдарға да немқұрайдылықпен, жауапсыздықпен қарайтындығына, екі ел азаматтарына деген адамшылыққа жатпайтын қатынасына куә болдым. Шекарадан өткенімде постта бес қызметкер болды. Алайда, олардың екеуі ғана құжаттарды тексерумен айналысып, қалғандары анекдот айтып отырды. Менің байқағаным, олар сөмкелерді, басқа да заттарды тексеру барысында тексеріліп жатқандарға мәселеге қатысы жоқ сауалдар қояды екен. Тіпті, жас қыздардың телефон нөмірлерін сұраған жайлар да болған. Мұның бәрі, әрине, азаматтардың шекарада жазда аптап ыстықтың астында, қыста қақаған аязда бір жарымнан үш сағатқа дейін, тіпті, одан да ұзақ уақыт тұруларына әкеліп соғуда. Соның салдарынан ел арасында «Освенцим түрмесі» аталып кеткен темір торға күн сайын тоғытылатын қарт адамдардың, жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығына орасан зор нұқсан келтірілуде», деп жазыпты өз хатында омбудсмен.


Бұқаралық ақпарат құралдары іліп әкеткен бұл хат екі елде кәдімгідей шу тудырды. Қазақстандық омбудсмен Асқар Шәкіров «Қордай» бақылау-өткізу бекетіне төтеннен барып, тексеру жүргізді. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшысы, генерал-майор Дархан Ділманов аталмыш бекетте арнайы болып, жағдаймен танысты. Қырғыз ағайындардың жанайқайы негізді болып шықты. Жағдай, әсіресе, адамдар ағыны еселеп көбейетін жаз айларында күрт шиеленісіп кетеді екен. Өткізу бекетінің инфрақұрылымы тәулігіне 9 мың адамды және 500-600 бірлік көлікті өткізуге есептелген болса, іс жүзінде жаз айларында мемлекеттік шекараны орташа есеппен тәулігіне 25 мың адам және 2 мыңға дейін автокөлік кесіп өтсе, қалайша шиеленіспесін.

Бұған өткізу бекетінде жұмыс істейтін қызметкерлердің өз істеріне салғырттығын қоссаңыз, екі ел азаматтарының наразылығының себебі түсінікті болады. Бекеттегі берекесіз тірліктің бірқатарына облыс басшысы сол жерде-ақ назар аударды. «Көріп отырсыздар, бақылау-өткізу бекетінде құжаттарды тексеретін алты терминал орнатылған. Олардың екеуінде кезекте тұрып қалғандар көп, ал, екеуінде тексерушілер жоқ, тағы екеуі қызметкерлері отырса да, жұмыс істемей тұр. Адамдарға «ең жақын терминалдарға ғана емес, басқаларына да келіңіздер», деу соншалықты қиын ба? Адамдар көбейген кезде қаншама уақытты үнемдеуге болар еді! Жеке заттарын тексеретін жерде де адамдар көп жиналған. Құжаттарды тексеруге келесі адам өтуі үшін белгі беретін шам жанып, көрсетіп тұруы тиіс. Адамдар жиналатын орын жайлы, ауа райына бейімделген, қыста жылытылатын болуы қажет. Ауызсу, қажетті дәрі-дәрмек мүйісі болуы тиіс. Қоршауларды алып тасау қажет, адамдар өздерін еркін сезінетін болсын», деген уәждермен қалайша келіспессің.

Қазақстан Республикасының периметрі бойынша 98 шекаралық-өткізу бекеті жұмыс істейді. 2015 жылы олар арқылы 46 миллион адам өткен.

Қырғыз ағайындардың айрықша наразылығын туғызған темір тормен қоршалған жүргіншілер дәлізіне келсек, омбудсмен уәкілетті орындарға оны кеңейтуді және жайлы кезек күту орнын жасақтауды ұсынды. Осыдан он жыл бұрын кедендік бақылау мен белгіленген режимді сақтау мақсатында жүргіншілер ағынын «жасыл» және «қызыл» дәліздерге бөлу үшін жасалған бұл металл құрылғыны қайта жарақтауға шекарашылардың өздері де қарсы емес. Оны айтасыз, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының бастығы, полковник Арман Қалиевтың айтуынша, «Қордай» бақылау-өткізу бекетінің бұрын кеденшілер иелігінде болған инфрақұрылымы Шекара қызметінің теңгеріміне толық берілгеннен кейін (қазір ол үдеріс жүріп жатыр) көлік құралдары қозғалысы жолағын сегізге дейін ұлғайта отырып, күрделі жаңарту жүргізу жоспарланып отыр. Құжаттарды тексеретін қызметкерлер саны 40-қа дейін көбейеді. Жаңа терминал құрылысы аяқталып келеді. Алғашқы бақылау бөлімінің штатын 184 адамнан 297 адамға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі қаралуда.

Әрине, мұның бәрі жақсы. Дегенмен, инфрақұрылымды жақсарту, онда жұмыс істейтін қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, бекеттен өтетін адамдарға деген көзқарастарын өзгертпейінше оңды нәтиже бермейтіні анық. Біз бұл жерде шекарашыларымыздың ұлттық қауіпсіздігіміздің күзетіндегі қажырлы еңбегіне шәк келтіріп отырғанымыз жоқ. Бір ғана 2015 жылы «Қордай» бекетінің шекарашылары 70 килограмм ауыр есірткіні тәркілеген, шекара тәртібін бұзудың 1500 оқиғасының жолын кескен. Алайда, ол өткізу бекеттерінде орын алып жататын берекесіздіктер мен сөзбұйдаға ақтау бола алмайды деп ойлаймыз. Еліміздің Шекара қызметі адам құқы мен мемлекет беделі сияқты категориялар тоқайласатын бұл мәселеде қатаң принциптілік танытады, мундир абыройынан мемлекет абыройын жоғары қоятын болады, яғни, өз істеріне жауапсыздықпен қарайтын қызметкерлерге төзбестік танытады деп сенгіміз келеді.

«Қордай» бақылау-өткізу бекетінің инфрақұрылымы тәулігіне 9 мың адамды және 500-600 бірлік көлікті өткізуге есептелген. Жаз айларында мемлекеттік шекараны орташа есеппен тәулігіне 25 мың адам және 2 мыңға дейін автокөлік кесіп өтеді.

Осы орайда назар аударатын тағы бір мәселе – қазақ-қырғыз шекарасындағы басқа да бақылау-өткізу бекеттеріндегі жағдай. Бізді алаңдатқаны — К. Көкірекбаев пен Д. Ділмановтың тікұшақпен Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр», Жамбыл ауданындағы «Айша бибі», Рысқұлов ауданындағы «Меркі-теміржол» бақылау-өткізу бекеттерінде болып, оларда елеулі кемшіліктердің жоқ екенін мәлімдеуі. Олай дейтініміз, билік өкілдері бұл бекеттерде Ыстықкөлдің «базары тарқаған», барыс-келіс азайған қыркүйек айында болып отыр. Жаз айларында, басқасын білмедік, «Сыпатай батыр» бақылау-өткізу бекетінде «Қордайдағыдан» кем түспейтін кептелістер жиі болып тұрады. 2014 жылы тамыз айында сондай жағдайға өзіміз де куә болғанбыз. Аптап ыстықта темір тордың ішінде екі-үш сағат тұруға тура келген. Яғни, «Қордайды» қайта жарақтандырғанда өзге бақылау-өткізу бекеттерін де ескерген жөн болар еді.

P.S.: Мақала дайындалып жатқанда Қырғызстанның «Вечерний Бишкек» басылымы акыйкатчы Кубат Оторбаевтың 8 қыркүйек күні шекарада арнайы болып, өзінің хатына орай Қазақстан Шекара қызметі тарапынан атқарылған шаруаларға оңды бағасын бергенін жазды. «Атап айтқанда, өткізу пункітінде темір тордың бір жағы алып тасталып, дәліз кеңейтілген, күту алаңшаларында орындықтар орнатылған. Ең бастысы, бұрын екі терезеде екі қызметкер ғана отырса, қазір құжаттарды компьютер арқылы тексеретін қызметкерлердің саны онға дейін көбейтілген. Сонымен қатар құжаттарды тексеретін қосымша терезелер ашылған. Акыйкатчы шекарада «Қордай» бақылау-өткізу бекетінің басшысы Ержан Ертуғановпен жолығып, ҚР Шекара қызметінің басшылығына шұғыл қимылдағаны және шекарадан өту жағдайын жақсарту бағытында атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді» делінген мақалада.

15.09.2016
212

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...