Асаба Антон: «Өкінішке қарай, жұртты күлдіремін деп бүлдіретін асабалар көбейді»

Асаба Антон: «Өкінішке қарай, жұртты күлдіремін деп бүлдіретін асабалар көбейді»

Жалпы жұрт оны «Асаба Антон» деп біледі. Өзіміз де азан шақырып қойған аты Әнуарбек, тегі Жұмағұлов екенін осы мақаланы дайындау барысында ғана білдік. Сондықтан да, өнер адамының, соның ішінде кәсіби асабаның жұмыс орны екенін сөредегі кітап-жорналдар мен қаз-қатар тұрған саз аспаптары аңғартатын өз үйінің жұмыс бөлмесіндегі сұқбатымыз оның есіміне байланысты өрбіді.

«Атымды атам түйіншеке орап, екі жыл сақтапты»

— Мен апамның қолында өстім, — деп бастады әңгімесін Антон. — Яғни, кемпірдің баласы болдым да, шешем атымды атай алмаған. Бір күні «Әнуарбек» деп атымды айтып қойған екен, апам «Сорлы қар, аузың қисайып қалады, бұл атаңның орамалға екі жыл түйіп жүріп қойған аты ғой», деп ұрсып тастапты. Сөйтсе, атам мен тумай тұрып, «атын Әнуарбек қоямын» деп қағазға жазып, орамалға түйіп қойған екен. Бірақ, 1961 жылы шешем қыз туады да, түйіншек ашылмай қалады. Екі жылдан кейін мен туғанда орамалды ашып, атымды қойған. Атам алты айдан кейін қайтыс болыпты. Апамның атымды айтқызбайтыны сол екен. Сөйтіп, шешем мені Антон деп атап кетіпті. Бір таңданарлығы әлгі оқиғадан кейін шынымен де шешемнің аузы қисайып қалып, емдетіп әрең жазылыпты. Апам «көрдің бе, менің аузым дауалы» деп отыратын. Жоғары оқу орнына түскенде курстастарыммен «Әнуарбек» деп танысқанмын. Осылайша азан шақырып қойған атымды иемденіп кетер ме едім, он жыл өзіммен сыныптас болған әйелім үйреншікті атымды атап, қайтадан Антон қылып жібермегенде. Сөйтіп, Қызылқұрттың екі қызының (шешем де, әйелім де Қызылқұрттың қызы) арқасында Антон болып кеттім.


«Мені асаба қылған — шымкенттіктер»

— Асабалыққа қалай келдіңіз?

— Өнер маған әкемнен дарыған. Әкем Құдиярбек өнерлі, ақын, сері кісі еді. Бәйге атын ұстайтын. Үйге қонақ келгенде қолыма домбыра беріп, ән айтқызып қоятын. Осылайша жастайымнан өнерге жақын болдым, сол жолмен кеткенде басқаша болар ма еді. Әкем бағымды байлады. Мен мектепте бұзық болдым, бірақ, ақылды бұзық едім. Көшеде, паркте бос сандалып жүрген, темекі шегетін балаларды ұрып-соғып, спорт, би, домбыра, күрес сияқты үйірмелерге қатыстыратынмын. Сондықтан әкем «Сені Алматыға жібермеймін, біреулер өлтіріп кетеді. Көз алдымда, Қаратауда оқисың» деп жібермей қойды.

Сөйтіп, Қаратау қаласындағы политехта оқыдым. Бірінші курста «КазПТИ-дің филиалы» деген өлең жаздым. Он екі шумақ екені есімде. Газетке шықты. Подкурсқа талапкерлер іздеп келген КазГУ-дің өкілдері соны көріп, маған арнайы жолықты. «Сен неге бізге келмегенсің?» дейді. «Азанда келеміз, мынандай тақырыптарға өлеңдер жазып қой» деді. Семестрді бітіріп, ауылға кетіп бара жатқанмын. «Ертең болмайды, қазір жазып берейін» деп үш өлеңді сол жерде жазып бердім. Риза болып, қалайда бізге кел деп қалды. Ауылға келген соң айтсам, әртіс болғанымды жақтырмайтын әкем көнбеді.

Оқуды бітірген соң, құрылыста бригадир, шебер болып жұмыс істедім. 1991 жылы одақ тарағанда коммерцияға кеттім. Бірде Шымкенттің Құмкент деген ауылында тұратын досымның үйлену тойына бардым. Бірінші антрактіден кейін елді отырғызайын десе тамада жоқ. Сабылып іздеп жүрсек, иттің үйшігінде жатыр. Мас болып қалған. Содан мен тамада болдым. Досымды ұятқа қалдырмау үшін амал жоқ тәуекелге баруға тура келді. Студент кезімде шағын отырыстарымызды басқарып жүретінмін. Тойдан кейін әлгі кеңшардың директоры «Келесі аптада баламның үйлену тойы еді. Жақсы басқарады екенсің, тамада болып бер» деп жата келіп жабыссын. «Ойланып көрейін» деп құтылғаныммен, іштей болмаймын деп қайтқанмын ғой. Келесі аптада жұмыстан кейін үйге келсем, есіктің алдында директорлар мінетін сары УАЗик тұр. Шопыры «Директор Сізге қой беріп жіберді, багажникте алыңыз» дейді. «Ой, мен тамада емеспін ғой» десем болмайды. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, «Балам, мен саған сендім, осындай күні той, жауабын тездетіп бер» деп сәлемхат жазып жіберіпті. Амал жоқ, бастығымнан сенбіге сұранып бардым. Одан кейін Шолаққорғаннан бір той шықты. Осылайша мені шымкенттіктер тамада қылып жіберді.


«Асаба сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек»

— Сіз бүгінде еліміздегі танымал, тәжірибелі асабалардың бірісіз. Сіздіңше асаба кім? Ол қандай болуы керек?

— Асаба тойды алып жүруші, бір толқында ұстап отырушы. Тойға келген елдің арасындағы дәнекер. Жас келін мен үйленіп жатқан балаға қонақтарды таныстырушы. Сондықтан, сөз бергенде сөйлейтін жақтың жақсылығын, атақ-беделін айтып отырсақ, «біздің тойымызға осындай адамдар келді» деп балалар мақтанып жүреді. Мен кезінде «Үйлену тойларына әкімдер келе бермейді. Сондықтан, жас жұбайларға тиісінше облыс, аудан, қала әкімдерінің ақ тілектері жазылған құттықтауларын тапсырайық» деген бастама көтергенмін. Біріншіден, бұл билік пен халықтың арасындағы дәнекерлік болар еді. Жастардың да «бізді әкім құттықтады» деп мәз болып қалатыны анық. Облыс басшысының өзі «жақсы нәрсе екен» деп қолдады. Өйткені, дайын насихат қой.

Асаба өнерлі болуы керек. Домбыра тартса, құба құп. Өлең айтса, тіпті, жақсы. Ең бастысы ақындығы болуы керек. Ол ақын болмай, ешқашанда асаба бола алмайды. Абайдың өлеңдерін, басқа тамадалардың айтқандарын жаттап алып, ана тойға да барып айтып, мына тойға да барып айта берсең, құның кетеді. Ел мезі болады. Ақындығың, суырыпсалмалығың болуы керек. Сонда ғана асабалығың құнды болады. Мен үлкен жазушылардың тойын басқардым. Шығармаларын оқуға, ізденуге тура келді. Соның арқасында той жақсы өтті. Нұрлан Оразалин ағамыздың «Біз Иса Байзақовты таппай жүрміз, ауылда екен ғой» дегені есімде.

Асаба тарихты, шежірені білуі керек. Мысалы, Өскеменге, Семейге барды делік. Облыс туралы, елі туралы, наймандардың тарихи тұлғалары туралы білмесең не айтасың?

Асаба психолог болуы керек. Өз басым сөз бергенде ортаға шыққан топтың ішіндегі осы шатақ шығарады-ау деген адамға барып, «алдымен кімге берейін» деп сұраймын. Оның жолы емес, біле тұра солай істеймін. «Анау сөйлесін, мынау сөйлесін» деп айтып береді. Өзі айтқан соң, «неге оған бердің» деп шатақ та шығара алмайды. Кейде «мен сөйлемей қалдым» деп шатақ шығаратындар болады. Ол есі шығып жүрген той иесінің емес, асабаның кінәсі. Соның бәрін байқап, тігісін жатқызып жіберу асабаның міндеті.

Асаба той иесінің, сөз берілген қонақтардың жақсысын асырып отыруы керек. Өйткені, той бір шаңырақтың, әулеттің қуанышы, жақсылығы. Онда жаман сөз айтуға, сынауға, мінеуге болмайды. Біреулер маған «Антон аға, Сіз туралы жас тамадалар «Ой, Антонды көрдік, алып бара жатқан ештемесі жоқ, елдің бәрін мақтай береді екен», деп жүр» дегенді айтты. Депутаттыққа түсіп жатқан жоқ қой сынайтын. Тойын өткізіп жатыр. Бүгінде ел тойға барса, әбден дайындалып барады, әйелдер арнайы көйлек сатып алады. Сондай көңіл-күймен келген қонақтардың әрқайсысының аты-жөнін атап, бір жақсылығын айтып кетсе дұрыс емес пе?

Асаба тойдың қонағын білуі керек. Той беріп жатқан әулетті білуі керек. Ол үшін алдын ала дайындалуы керек. Тойдан екі-үш сағат бұрын келіп, той иесінен қонақтардың жай-жапсарын біліп алғаны жөн. Сонда ғана той мәнді болады. Ал, базбір асабалар ешбір дайындықсыз, тура той басталарда келеді де «Аға, қандай той? Тізіміңіз қайда?» деп бастап кете береді. Дайындығы болмаған соң, тисе терекке, тимесе бұтаққа демекші сөйлей береді. Шашы тікірейіп тұрған адам болса «көке, мотоциклмен келдіңіз бе» дейді. Тамада күлдіруші емес. Күлдіру керек болса, екі-үш ән айтып кететін әншілер сияқты сықақшыларды шақыру керек.

Жалпы, бүгінде, өкінішке қарай, әзіл айтамын, жұртты күлдіремін деп бүлдіріп алатын асабалар көбейіп барады. Бір тойда асаба елге сыйлы бір ақсақалды кемпірімен сөзге шақырған ғой. Қарт кісілердің белі, аяғы ауыратын болуы керек, теңселіңкіреп келе жатыпты. Соны көрген асаба елді күлдіре қояйын деп: «Оһо, мына кісілерге биле деудің де қажеті жоқ екен, өздері билеп келе жатыр» деп қойып қалыпты. Ақсақал микрофонды алыпты да: «Әй, пәленше, сен мені асабаңа ел алдында мазақ қылдырайын деп шақырып па едің?! Мә, мынау тойанаң. Сау бол!» деп кемпірін ертіп шығып кетіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы.

Ақшасына қызығып келісіп қойып, жеме-жемге келгенде тойға келетін қонақтардың атақ-абыройын білгенде, немесе тойда өзге ұлт өкілдері болатынын білгенде «басқара алмаймын» деп тайқып кеткен асабаларды да көрдік. Неге? Білетіні аз, білімі тайыз. Мен өзімді кереметпін демеймін. Үйренетіндерім әлі де көп. Сондықтан, көп оқимын. «Той» деген кітапты жиі парақтаймын. Басқа тамадалардың қалай өткізетіндіктерін ғаламтордан көріп, саралап отырамын. Әр тойда түйгендерімді қағазға түртіп қоямын. Басқа асабалардікін емес, өзімдікін. Үлкен-үлкен екі папкі болды.


«Негізі, той — тәрбие мектебі»

— Кейбір асабалардың салт-дәстүрімізге келмейтін тірліктер жасайтыны да елдің ренішін туғызуда. Мәселен, жас жұбайлар залға кіргенде асаба елді орнынан тұрғызады. Тұрғызып отырғыза салса ештеме емес қой. Он-он бес минут мылжыңдап тұрып алады. Жап-жас келіннің алдында жалпы жұрт қана емес, ақсақалды қайынаталары мен ақжаулықты енелері қақайып тұрады. Сұмдық қой!

— Негізі, той деген тәрбие мектебі. Ал, кейбір асабалар қарттарды қақайтып тұрғызып қойғаны былай тұрсын «Орындарыңнан тұрып, мойындарыңды бұрып» деп дүйім елге бұрық береді. Қыз ұзату тойларында алдымен қызды кіргізіп, тұрғызып қоятын асабалар да бар. Ата-бабамыздың салты бойынша алдымен күйеу бала мен жолдасы келеді, елмен танысады, бұйымтайларын айтады. Содан кейін ғана жеңгелері қызды алып шығады. Баяғыда арнайы қалыңдықтың үйі тігілетін. Ізденбейтіндіктен, оқымайтындықтан соның бәрін білмейді. Білсе тойларда келінге гүл лақтыртпас еді. Бұл — батыстан енген үрдіс. Ал, халқымызда тәрбиелік мәні жағынан оны он орап алатын «шәлі тастау» деген өте тамаша дәстүр болған. Жаңа түскен келін біраз уақыттан кейін қайынсіңлілерімен танысады. Өздері отырып шай ішеді, ойнайды. Сол жерде жас келін жасы келіп қалған қайынсіңлісіне орамалын береді. Онда да «мә» деп бере салмайды. Көңіліне келмес үшін ойын үстінде ретін келтіріп қолына іліп жібереді. Жиналғандар «қолыңа орамал ілінді, бағың ашылатын болды» деп ырым қылады.

— Қазақтың салт-дәстүрі телегей теңіз ғой. Батыстың менталитетімізге мүлде келмейтін қаңсықтарын тықпалай бергенше, әйтпесе, бір асабаның енгізген жаңалығын шиырлай бергенше, сол ұмытылған салт-дәстүрлерімізді зерделеп, қазіргі заман талабына ыңғайлап пайдаланса асабаға абырой, тойға сән болар еді.

— Өзіңіз білесіз, қазір үйлену тойларында батыстан келген «торт кесу» деген жағымсыз үрдіс бар. Бір бірінің аузына торт тығып жатады. Өткенде Алматыда бір тойда торт әкелгенде оны кестірмей, орнына келіннің шайын бергіздім. Алдын ала буын бұрқыратып самаурын қайнатып, бұйралап қою шай дайындатып қойғанмын. Келін үлкендерге сол шайдан құйып берді. Келін туралы ән айтылып тұрды. Екі жастың ата-аналары сөйледі. Бір кезде «Асаба!» деген дауыс саңқ ете қалды. Жалт қарасам, Баукеңнің келіні Зейнеп апайымыз екен. Қолында микрофон. Бірнәрсем ұнамай қалды-ау, сірә, деп жүрегім зу ете түсті. Бір тойда асабаға ұрсып тастағанын көргенмін. Мені де құртатын болды ғой деп қорқа-қорқа қасына келдім. «Әкелші маңдайыңнан сүйейін. Міне, осыны таппай жүр едім. Қандай керемет! Қазақтың келінінің шайы осындай болуы керек», деп маңдайымнан сүйді. «Айналайын, бақытты бол» деп келінге сақина тағып, батасын берді.

— Жағдайды түзеу үшін асабалардың орталығын құру керек, олардың репертуарын сараптап отыратын ұйым керек, жас асабаларды оқытатын үйірмелер керек дегендей пікірлер айтылып қалады. Сіз не дейсіз?

— Орталық деген жақсы ғой. Бірақ, оны кім құрады? Біз бір кездері орталық құрамыз деп бастағанбыз. Тамадаларды беделіне, тәжірибесіне, елдің сұранысына қарай бөлдік. Бәрін жинап, «сендер енді сөздеріңді түзеңдер, бекер елді мазақ қылмаңдар» дедік. Бірақ, іс алға баспады. Неге? Өйткені, қазір жастар керегінің бәрін ғаламтордан тауып алады. Бізге қарамайды. Ешкімге тәуелді болғысы келмейді. «Маған ақыл айтатын кім ол. Өзім білемін қайда баратынымды, қалай басқаратынымды» дейді. Ал, шын мәнінде той жасайтын адамдар барып, асабаны ақылдаса отырып таңдайтын бір орталық қажет деп ойлаймын.


«Меніңше, қазақтың тойын жиналысқа айналдыратын той иесі де емес, асаба да емес, қонақтар»

— «Қазақтың тойы сөз жарыс» деген қағытпа сөз бар. Жалпы, той тағлымды, тартымды өтуі үшін не керек?

— Бір-екі сөз бергеннен кейін тамада жайына қалып, ел шулап кететін кездер де болады ғой. Ондай тойлар да өтіп жатыр. Бірақ, той мәнді болуы үшін той егесі не үшін той беріп жатырмын, елден алу үшін ба, жоқ, тойдан бір мән қалуы керек пе деген мәселенің басын ашып алғаны жөн. Асабаны дұрыс таңдай білуі, оған өзінің ойын, мақсатын дұрыс түсіндіруі керек. Асаба өзінің ұсыныстарын, кеңестерін айтып, ортақ мәмілеге келгенде ғана той жақсы өтеді.

«Қазақтың тойы сөз жарысқа» келсек, ел тойға ақ тілегін арқалап келеді ғой. Көңіліне қарап бәріне бірдей сөз бере берсең, «тойы той болмады, жиналыс болды» деп кетеді. Ал, ешкімге сөз бермей, ән-жырмен, бимен өткізсең, сол қазақ «Не, біз бұл жерге концерт көру үшін келіппіз бе. Сонша жерден келгенде бір ауыз сөз бермеді, бұл не мазағы» деп ренжіп кетеді. Яғни, көпшіліктің көңілін табу өте қиын. Осының бәрінің қиюын келтіріп, тігісін жатқызатын асабаның еңбегі оңай емес. Меніңше, қазақтың тойын жиналысқа айналдыратын той иесі де емес, асаба да емес, қонақтар. Сондықтан, әр саналы азаматтың қонақ бола білу мәдениетін ойлағаны жөн. Сонда ғана «сөзжарыстан» құтыламыз.

— Шәкірттеріңіз бар ма?

— Өзім таңдап, оқытып, «менің шәкіртім боласың» дегендер жоқ. Өздері «Антон ағаның шәкіртіміз» деп жүргендер бар. Мәселен, Өскеменде үш-төрт жас тамада өздері мені ұстаз қылып алған. Семейге тойға барғанымда «Антон аға, біз Сізді сырттай жақсы білеміз. Арнайы жолығып, батаңызды алуға келдік» деп іздеп келген. Анда-санда Алматыға келіп, менен сабақ алып тұрады. Бұл жақта да «Антонның шәкіртіміз» деп жүрген Нұрлан, Шыныбек, Елдос, Нұрқан сияқты оншақты жас бар. Меркіде бір бала арнайы келіп, «Аға, мен Сіздің шәкіртіңізбін деп той басқарып жүрмін. Мені тыңдап көріңізші» деп жолығып кеткен. Қарсы болған жоқпын. Бірақ, көңілім толмағандарына бетіне айтамын.

— Жасыратыны жоқ, «асабалар көп ақша сұрайды» деп ренжитіндер де бар...

— Түсіндім. Асабалықты қоямын деп жүргеніме 16 жыл болды. Жарнама бермеймін. Той іздемеймін. Білетін ел өздері іздеп келеді. Мен бір ақшам көп болғаннан кейін қояйын деп жүрген жоқпын. Той басқару оңай емес. Елу үш күн ұйықтай алмай ауырып, алып қойған тойларыма адам апарған кездерім де болған. Біреулер дерт деді, біреулер тіл-көз деді. Дәрігерлерге де, тәуіптерге де көріндім. Содан «қой, бұл тамадалықты қояйын, ауыр екен» деген ұйғарымға келдім. Ақшасына келсек, адам өзінің еңбегінің бағасын білуі керек. Бағасын білмесең, қадірі болмайды. Дегенмен, бағамды аспандатып жіберген кезім болған емес. Керісінше, той иесінің жағдайына қарап қоямын. Естимін, біреулер «Ойбай, Антонның бағасы мың доллар екен, екі мың доллар екен» дейтін көрінеді. Оның бәрі өтірік.

— Біраз жыл бұрын «өнер адамдары — әншілер, ақындар, асабалар салық төлемейді екен» деген әңгіме елді бір шулатқан еді. Қазір бұл мәселе қалай болып жатыр?

— Негізі, табыс тапқаннан кейін салық төленуі керек. Өз басым Қаратауда бастағанда салық төлегенмін. Қарамағымдағы әнші, сазгерлердің бәрі үшін өзім төлеп тұрдым. Ол кезде бірыңғай талон деген бар еді. Асабалардың бәрі «Антон, сенің жағдайың бар, сондықтан салық төлеп отырсың» деп шулап кетті. Кейін облыс орталығына келгенде қарасам, ешкім төлемейді. Жалғыз не істеймін, қойдым. Қазір маған салығымды шығарып берсе, қашпаймын, төлеймін.

— Әлеке, мәнді де тағылымды әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

— Әңгімеміздің түйінінде бір нәрсені атап айтқым келеді. Жоғарыда айтылғандардың бәрінен бізде асабалықтың жағдайы өте нашар екен деген пікір тумаса деймін. Мен Қазақстанның түпкір-түпкірінде тойларда болдым. Сонда байқағаным — біздің елдің асабалары мықты. Ал, жоғарыда айтылғанның бәрі әлі де орын алып жатқан кемшіліктер түзетілсе, тойларымыз бұдан да мәнді, тартымды, тағылымды өтсе деген ниеттен туындаған пікірлер ғана.

22.09.2016
450

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...