Денсаулық сақтау саласының «денсаулығы» болмай тұр

Денсаулық сақтау саласының «денсаулығы» болмай тұр

Облыстық прокуратура тарапынан жүргізілген тексерулер облысымыздың денсаулық сақтау саласындағы көптеген былықтардың бетін ашты.

Мемлекет қоржынынан қыруар қаржы жұмсалып, барлық дерлік ірі елді мекендерде дәрігерлік пункттер салынып, қымбат медициналық құрал-жабдықтар сатып алынғанымен онымен жұмыс істей алатын білікті мамандардың болмауынан шаң басып тұрғандары баршылық екен. Мәселен, Талас ауданында осындай 30 құрал-жабдықтың пайдаланылмай тұрғаны анықталған. Тұрғындарға көрсетілетін дәрігерлік көмекке көңіл тола бермейді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмегін ала алмай жүрген науқастар бар. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында бес азамат тиісті дәрі-дәрмегін ала алмаған.

Облыстық прокуратураның осы мәселені қараған алқа отырысында облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов тексеру барысында науқастарды емдеуде, дәрі-дәрмектер мен медициналық техникаларды сатып алуда, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін жеткізіп берушілерді таңдауда, қызметкерлерге қосымша төлемдер төлеуде заңдылықтардың бұзылғаны, дәрі-дәрмекке қажеттіліктің дұрыс жоспарланбағаны анықталғанын мәлімдеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында бөлінген бюджет қаржысын талан-таражға салу оқиғалары анықталған. Шу қалалық емханасының лауазымды тұлғалары басшылық құрамға, былайша айтқанда, өздеріне 10 миллионнан астам теңгенің үстемесін заңсыз төлеген. Аталған факті сотқа дейінгі бірыңғай тізбеге тіркеліп, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.

Жалпы, тексерулер қорытындысы бойынша прокуратура органдары 24 ұсыныс енгізіп, жиырмадан астам әкімшілік іс қозғаған, 12 адам тәртіптік жазаға тартылған. Сонымен қатар, 15 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін сатып алу жөніндегі тендер қорытындысының күші жойылыпты. Денсаулық сақтау мекемелерінің бюджет қаржысын мақсаттан тыс жұмсауына қатысты екі материал сотқа дейінгі бірыңғай тізбеге тіркелген. Мемлекет кірісіне 15 миллион теңге өндірілген.

Иә, облыс денсаулық сақтау саласының бағы ашылмай-ақ тұр. Саланы көтереді, жұмысын оңға бастырады деп денсаулық сақтау департаментінің тағдырын сеніп тапсырған басшылар өздерінің құлқындарының қамын ғана ойлап жүрсе қайдан ашылсын.

Жақында ғана №2 Тараз қалалық соты облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Е. Масалимовке дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, өзі алған параның жетпіс еселенген сомасы мөлшерінде, яғни, 10 миллион 767 050 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындағаны белгілі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті оны үстіміздегі жылы сәуір айында парақорлығы үшін ұстаған болатын. Жеке бас мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойған ол қанатының астына алып, қолайлы жағдай жасағаны үшін қол астындағы медициналық мекемелердің басшыларынан жүйелі түрде 300-10 000 АҚШ доллары көлемінде пара алып отырған. Салада қатардағы қызметкерлердің лауазым баспалдағымен өсуі үшін, жәй акушердің бас акушер болуы үшін, бас дәрігерлердің өз жұмыстарындағы кемшіліктерін жасырып-жабуы үшін, медициналық мекеме басшыларының тиісті бюджет қаражаты мекеме есепшотына кешікпей түсуі үшін пара беруі әдеттегі жағдайға айналған.

Осылайша жемқорлық дертінің жайлап алуы, іштен ірітіп жатуы денсаулық сақтау саласындағы қордаланған проблемаларды шиеленістіре түсуде. Ең қасіреттісі — саладағы қалыптасып отырған осындай ауыр ахуал адам өліміне әкеліп соғуда. Атап айтқанда, жоғарыда айтылған тексерулер барысында прокуратура қызметкерлері Меркі аудандық ауруханасында ауыл тұрғынына «туберкулез» диагнозы өте кеш қойылғандықтан, әлгі әйелдің облыстық ауруханада көз жұмғанын анықтаған. Бұл не, дәрігердің өз ісіне жауапсыздығы, салғырттығы ма? Әлде диагнозды дәл әрі дер кезінде қоя алмағандығы ма? Бейшара әйелдің ауруы әбден асқынып, өлер шағына жеткенше туберкулез екенін анықтай алмаған болса, дипломды сатып алған ғой. Олай болса ондай «маманды» басшылар қалай жұмысқа алған? Сұрақ көп. Оның бәріне тергеу жауап береді деп ойлаймыз. Қазір ішкі істер бөліміне жолданған бұл іс сотқа дейінгі бірыңғай тізбеге тіркеліп, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Дәл осындай сорақы оқиға Тараз қаласында да орын алып отыр. Студенттік емханада емдеуші дәрігер білімгер қыздың туберкулезбен ауыратынын екі жыл бойы «анықтай алмаған». Ең сорақысы, қыздың әке-шешесі «жолдама жазып беріңіз, диагностикалық орталыққа апарып тексертейік» дегенде дұрыс емдеп жатқанын айтып, көнбей қойған. Абырой болғанда әке-шешесі қыздарының жағдайы күн санап нашарлап бара жатқаннан кейін ақылы емдеу мекемесіне апарып тексертіп, нақты диагнозын анықтапты. Бүгінде білімгер қыз туберкулез диспансерінде емделуде. Егер ата-анасы осындай қадамға бармаса жап жас қыздың халі не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Осының бәрі облыстың денсаулық сақтау саласына үлкен сілкіністің қажет екендігін көрсетеді. Ал, ол үшін осындай сілкініс жасай алатын, саланы жемқорлықтан арылтып, қордаланып қалған проблемаларды шешуге қабілетті басшы қажет. Әзірше облыс әкімдігі денсаулық сақтау департаменті басшысының орны бос тұр. «Бұл қызметке бұрын ұртын майландыру үшін ұмтылатын. Қазір қадағалаушы органдар қатаң назарда ұстап отырған, оның үстіне былығы көп салаға басшылыққа кім қызықсын?» дейді білетіндер. Кім біледі?..

29.09.2016
261

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...