Гуманизмнің жеңісі ме, жемқорлардың жеңісі ме?

Гуманизмнің жеңісі ме, жемқорлардың жеңісі ме?

Елбасы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында» сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер ретінде айқындалған. Өйткені, жемқорлық елдің мемлекетке, мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін жоғалтады, өзгелердің, соның ішінде инвесторлардың елімізге деген сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан да осынау қоғамдық дертпен күрес ымырасыз әрі қатал болуы тиіс.

Басында күрес солай басталған да. Прокуратура мен Қаржы полициясының торына жемқорлар топырлап түскен. Олардың қатарында төменгі және орта буын шенеуніктер ғана емес, лақтырсаң бұғалық жетпейтін, тартсаң жебе жетпейтін биліктің олимпіндегі серкелер де болды. Ең бастысы, бәрі дерлік қылмыстары аймандай әшкереленіп, нақты мерзімге бас бостандықтарынан айрылып, темір тордың ар жағына тоғытылды.

Жоғарыдағылар бұқаның басына түскен іс бұзаудың да басына түсетінін ойлады ма, әлде басқа бір себептері болды ма, біраз жылдардан кейін мойындарына бұғалық түскен сыбайластардың біразы сот залынан шартты жаза алып, шырайланып шыға бастады. «Мейлі, ең бастысы жалпы жұртқа жемқор ретінде әшкере болды, мемлекеттік қызметтің маңайынан жүрмейтін болды» деп жұбаттық өзімізді.

Соттар түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтқан жемқорларды «мойындарына миллиондаған айыппұл салдық, мелекеттік қызметтің маңайынан жүрмейтін қылдық» деп, ноқтасын сыпырып, бостандыққа қоя бере бастағанда да қоғам «мемлекеттің мойнында масыл болып түрмеде отырғанша миллиондап айыппұл төлегендері де дұрыс шығар» деп түсіністік танытқан.

Жақында облыста кәдімгідей қоғамдық пікір туғызған сыбайлас жемқорлыққа қатысты тағы бір оқиға мәресіне жетті. Яғни, жаңа қалалық аурухана ғимаратын әлі ауы мен бауы дайын еместігіне қарамастан пайдалануға қабылдау туралы құжаттарға көзді жұмып қол қойып жіберген облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев мырзаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті істі Р. Байтелиев мырзаның… өз істегеніне қатты өкініш білдіруіне байланысты (!) тоқтатқаны белгілі болды. Ол басшылық қызметімен қош айтысқан және мемлекеттік қызметке оралу құқынан айрылған.

Біз бұл жерде сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің шешіміне шәк келтіргелі отырған жоқпыз. Мүмкін гуманизмді басшылыққа алған болар. Мүмкін Байтелиев мырза шынымен де шынайы өкініш білдірген шығар. Ел арасында «ол нақақтан күйіп кетті, біреулер үшін басын ноқтаға тықты» деген әңгімелердің айтылып жүргені де жасырын емес. Біз оның ақ-қарасын ажыратқалы отырған жоқпыз.

Біз бұл жерде жалпы тенденцияны, яғни сыбайлас жемқорларға жазаның жыл өткен сайын жұмсарып бара жатқанын айтқалы отырмыз. Егер осы бетімен жүре беретін болса, жемқорлардан кешірім сұрап, алғыс хат тапсыратын күн де келіп қалады-ау, сірә.

29.09.2016
128

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...