Қазаннан қақпақ, иттен ұят кетіп тұр

Қазаннан қақпақ, иттен ұят кетіп тұр

Өткен аптада облысымыздың аумағында, Бетпақдала құмды аймағында табиғатқа қаскөйлікпен (браконьерлікпен) айналысқан Сауд Арабиясының екі азаматының ұсталуы елді бір шулатты. Сарысу аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураның табиғат қорғау қызметкерлері рейд жүргізу барысында қолға түсірген олардан бір ұңғылы мылтық және 70 оқ, ең бастысы, атып алынған алты қарабауыр бұлдырық пен бір дуадақ табылған. Барлығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, айрықша қорғаудағы құстар. Жол талғамайтын «Ниссан Патрол» көлігіне мінген арабтар, өздерінің айтуынша, Қазақстанға өз еліндегі құстармен будандастыру мақсатында қырғауыл аулауға келген көрінеді. Көздері тұнып кетсе керек, қарабауыр бұлдырық пен дуадақты көріп, атып алған. Қазір тиісті орындар қылмыстық іс қозғап, сот алды тергеуі жүргізілуде.

Осы ақпаратты естіген талай азаматтың «елімізге келіп, білгендерін істеп жүргендерін қарашы, ондайларды аямай жазалау керек» деп кіжінгендері анық. Дұрыс қой. Бірақ, мыңдаған жылдар даламыз бен орманымыздың, тау-тасымыздың сәні болып келген аң-құстарымызды өзіміз бағалай, аялай алмай отырғанда өзгелерге қалай ренжиміз? Мейірімсіз көзқарасымыз иен далада желе жортқан талай аң мен құстың басына қара бұлт үйіріп, кейбірінің тұқымын тұздай құртып жібере жаздағаны жасырын емес қой. Өкінішке қарай, табиғат байлығына тағылықпен қарайтын, саны онсыз да сиреп бара жатқан аң-құстарды аяусыз қыратындар қатары азаймай тұр.

Әсіресе, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тоқсаныншы жылдары аң-құстар жыртқыштықпен ауланды. Ен байлыққа көзі тұнған ел саны көбін де, азын да аяған жоқ. Бір ғана мысал. Тоқсаныншы жылдардың басында «Андасай» мемлекеттік қаумалына жабайы құландар әкелініп, олардың саны екі жүзден асқан болатын. 2000-шы жылдардың басында содан отыз бас қана қалыпты. 2007-2010 жылдары тағы 56 құлан жеткізілген. 2011 жылы қаумал аумағында әуе және автокөлікпен жүргізілген түгендеу барысында 24 ересек құлан мен алты құлыны ғана жүргені анықталған. Мамандардың айтуынша, құлан жыртқыштарға алдырмайтын жануар. Олардың жалғыз ғана жауы бар, ол – мылтық ұстаған қаскөйлер. Соңғы жылдары Алматы маңындағы табиғи парктен «Андасай» қаумалына тағы отыз құлан жеткізіліпті. Олардың қатары көбейетініне тағы сенім жоқ. Өйткені, қару асынған екі аяқты жыртқыштар алақанын ысқылап дайын отыр.

«Киіксіз дала – қалыңдықсыз тоймен тең» дейтін ата-бабаларымыз бағзы замандарда тұқымыңа қарғысы тиеді деп киік атуға тиым салған екен. Тоқсаныншы жылдары қарғысқа да қараған жоқпыз, мыңдап қырып салдық. Саны апатты түрде азайып кеткендіктен Қазақстан Үкіметі 2012 жылы ел аумағында киіктерді атуға 2020 жылға дейін тыйым салуға мәжбүр болған. Мүйізіне қызыққандар (бір деректер бойынша Қытайда киік мүйізінің бір келісі 4 мың доллар тұратын көрінеді) оған да пысқырып қарар емес. 2012 жылы Т. Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе мемлекеттік мекемесі аумағында табиғат байлығын қорғауға жауапты орманшы Асқар Өрісбаевтың өзі заңсыз атып алған елігімен қолға түсіп, аймандай болғаны есте. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» деген осы да.

Тоқсаныншы жылдар қиын заман еді ғой, ел қиналғаннан аң-құсқа көз алартты, оның үстіне «әй» дейтін ажа, «қой» детін қожа болмады делік. Ел есін жинады. Ендігіміз не? «Ел байлығы, дала көркі ғой, ертеңімізді де ойлайық» деудің орнына екілене атып алып жатырмыз. Соңғы жылдардың деректері осыны аңғартады.

2015 жылы қаңтар айында Ормандарды қорғау жедел қызметінің инспекторлары Мойынқұм АІІБ қызметкерлерімен бірлесе жүргізген іс-шара барысында «Андасай» мемлекеттік қаумалынан жабайы шошқа атқан аңшы М. Егембердиевті қолға түсірген. Мойынқұм аудандық сотының шешімімен оған 138 740 теңге айыппұл салынып, оған қоса 396 400 теңге көлеміндегі келтірілген залал өндірілген.

Осы «Андасай» қаумалынан қырғауыл атқан мойынқұмдық Е. Пернебаев та сот шешімімен 138 740 теңге айыппұл төлеген.

Сол жылдың маусымында Жуалы ауданындағы Қошқарата өзенінінің бойында электрлі қармақты (!) пайдаланып жыртқыштықпен балық аулаған Бейімбет Төлендиев деген азамат ұсталып, жазаланыпты.

Өткен жылы желтоқсан айында Ормандарды қорғау жедел қызметі мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткізген бірлескен іс-шараның нәтижесінде Талас ауданына қарасты «Нарбай» қыстауының маңынан Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген аналық екі қарақұйрықты атқан заңбұзушы құрықталыпты. Дала еркелерін «ащы қуырдағы» үшін оққа байлаған қаскөй сот шешімімен 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Браконьерлердің қатары биыл да сиремей отыр. Жылдың бірінші жартыжылдығында заңсыз аң-құс аулау оқиғалары бойынша 14 хаттама толтырылып, қарулары тәркіленіпті. Бұл анықталғандары ғана. Шын мәнінде қанша аң-құстың қаскөйлердің қанжығасында кетіп жатқанын бір Құдай ғана біледі. Елдің айтуынша, аз емес. Заңсыз аңшылық құрып, елік, қарақұйрық, ақбөкендерді қалай қырғандарын мақтана айтып отыратындарды әр ауылдан дерлік кездестіруге болады. Ендеше тиісті орындардың, бірінші кезекте облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Ормандарды қорғау жедел қызметі» мемлекеттік мекемесінің браконьерлікпен күресті жандандыра алмай отырғаны ғой.

Шындықтың шыңы Шерағаңның ана бір жылдары депутат кезінде Парламент мінберінен «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп ашына айтқаны бар еді. Бұл мәселеде де әзірше солай болып тұр...

06.10.2016
272

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...