Жыл аяқталуға таяу, құрғанымыз жалғыз кооператив. Неге?

«Меркі ауданында «Аймақтық сүт кластерін» құру бойынша 42 шаруа қожалығы топтастырылып, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Қазіргі уақытта Жуалы ауданында «Жуалы өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне ұсақ шаруашылықтарды біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген жаңалықты облыс ақпарат құралдары жабыла таратты. Майда шаруашылықтар бірігіп, әлеуеті артып жатса жақсы болған екен деп біз де қуанып қалғанбыз. Алайда, Елбасының жуырдағы Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында осы өңірде 32 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрылып, жұмыс істеп жатқанын естігенде көңіліміз су сепкендей басылды. Мәселенің мәніне зер салсақ, бұл игі мәселеде біз салпаңдап басқалардың соңында келеді екенбіз. Түсінікті болу үшін әңгімені әлқиссасынан бастайық.

Ел Парламенті 2015 жылдың соңында ауыл шаруашылық кооперативтерінің барлық түрін ұйымдық-құқықтық өндірістік кооператив түріндегі коммерциялық заңды тұлға деп жариялап, майда шаруашылықтардың іріленуіне жол ашып берген «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» заң қабылдаған болатын. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы елімізде ауыл шаруашылық кооперациясын одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Онда министрліктің Ұлттық палатамен бірлесіп 2016 жылы Алматы облысында жеміс-жидек бағытындағы, Жамбыл облысында сүт бағытындағы, Ақтөбе облысында ет бағытындағы және Солтүстік Қазақстан облысында майлы дақылдар бағытындағы төрт пилоттық жобаны жүзеге асыруы, сонымен қатар аймақтарда кооперацияның негізгі қағидалары мен артықшылықтарын түсіндіру жөніндегі кең ауқымды жұмыстар жүргізуі қарастырылған. «Құр табаққа бата жүрмейді» демекші, министрлік ауыл азаматтарын ұжымдасуға ынталандыру мақсатында агроөндірістік кешендегі субсидиялау механизмдерін қайта қарап, кооперативтер үшін субсидия нормативтерін көтеретіндігін, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жеңілдікті несиелеу жөніндегі жаңа нұсқалар жасайтынын мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда бұл алтын бесік ауылымыздың өміріндегі тарихи кезең болғалы тұр.

Осы мүмкіндікті мүлт жібермейік деген бе, солтүстікқазақстандықтар жаңа 2016 жыл тарих табалдырығын аттағаннан-ақ қызу жұмысқа кірісіпті. Жыл бойы жарғақ құлақтары жастыққа тимей шапқылап жүріп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 48 кеңес өткізген. Елге кооперацияның тиімділігін түсіндірген. Нәтижесінде өңірде жаз айларында-ақ 32 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеліп, жұмысын бастап кетіпті. Олар жыл соңына дейін тағы 74 ауыл шаруашылығы кооперативін құруды жоспарлап отырған көрінеді.

Ақтөбе облысында мамыр айының өзінде 35 шаруа қожалығы, үш жеке кәсіпкер және 888 жеке аула шаруашылығы иелері ет, сүт және картоп бағытындағы 26 ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіпті.

2015 жылдың 1 мамырына елімізде 1481 ауылдық тұтыну кооперативі, су пайдаланушылардың 489 ауылдық тұтыну кооперативі, 43 ауыл шаруашылық серіктестігі, АӨК саласындағы 1843 өндірістік кооперативі болды. Бұл республикадағы ауыл шаруашылық құрылымдарының жалпы санының екі пайызына да жетпейді.

Жоғарыда айтылған пилоттық жобаға кірмеген Қызылорда облысының өзінде Кәсіпкерлер палатасы жыл басынан бері жергілікті әкімдікпен бірге түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бірінші тоқсанда-ақ 16 кооператив құрып тастапты. Бүгінде мұнда 11 кооперативті тіркеу жұмыстары жүргізілуде екен.

Ал, біз болсақ теңселіп әлі жүрміз. Жыл аяқталуға жақын, құрғанымыз — жалғыз кооператив. Бұл орайда басқалардың бәрі кооператив құруға құлшынып отыр, жамбылдық шаруалар ғана құлықсыздық танытуда деуге аузымыз бармайды. Өйткені, шаруаларымыз ешқандай жаңалықтан да, қиындықтан да қашпайтынын сан рет дәлелдеген. Шаруаларымыздың басы бірікпей жатса, ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктеріміз бен облыстық кәсіпкерлік палатасындағылардың жайбасарлығы, түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізе алмауы кінәлі деген жөн болар.

13.10.2016
115

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...