Қойшы көп болса, қой арам өледі

Қойшы көп болса, қой арам өледі

Өткен аптада Байзақ ауданының әкімшілігі жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялады. Қайбір жетіскеннен дейсіз. Арнасынан тасыған Талас өзені жағалаудың қырық метрдейін шайып кетті. Қостөбе ауылында 34 үйдің ауласын және жеке кәсіпкердің жылыжайын су басып қалды. Жергілікті билік пен ауданның өрт сөндіру бөлімі әупірімдеп жүріп жағалауды нығайтты. Жиналған су ағызып жіберіліп, су басқан үйлердің аулалары тазартылды. Адам шығыны жоқ, мал да аман. Табиғи апат тоқтатылды. Бірақ, сұрақтар қалды.

Жұртты мазалаған сұрақтардың ең бастысы – өзен бойын жайлаған ел қашанғы жандарын шүберекке түйіп отырады? Иә, басын Қырғызстаннан алатын Шу мен Таластың елді шулатқаны бір бұл емес. Өзен тасыса тұра шауып барып, салдарларын жоямыз да тынышталамыз. Мәселе түбегейлі шешілмегеннен кейін Шу «шатағын», Талас «тентектігін» тоқтатпауда. Обалы не керек, 2006 жылы сол кездегі облыс басшысы Бөрібай Жексембин өңірімізден сайланған Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, басқа мәселелермен қатар осы жайды да талқылаған. Шу, Талас өзендерінің жағалауын бекіту жұмыстарын республикалық бюджет есебінен жүргізу мәселесін көтерген. Қаржы болмады ма, құлық болмады ма, аяқсыз қалды.

2013 жылы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының су тасқындарының алдын алу бағытында атқарып жатқан жұмыстарына талдау жасаған облыстық прокуратура Талас өзенінің жекелеген телімдерінде жағалауды қорғайтын және арналарды түзететін бөгеттерді су шайып жатқанын, жағалауды бекіткен плиталардың қирағанын анықтаған болатын. Бірқатар жауапты тұлғаларды жазаға да тартқан. Онда да бар жұмыс атап көрсетілген тұстарды жамап-жасқаумен тынды.

Биыл көктемде су шаруашылығы нысандарының жай-күйі қаралған облыс әкімінің аппарат кеңесінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов су шаруашылығы нысандарының жағдайын зерделеу тобы аудандарда болып, арнайы тексеру жүргізгенін, барлық аудан су тасқынына және селге қатысты іс-шараларға дайын еместігін, қажет жағдайда арнайы техника алу туралы шаруашылық субъектілерімен келісімдер жасалмағанын, жанар-жағармай қоры белгісіз екенін, каналдар мен су нысандарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы да бөлінбегенін айтқанда ішіміз қылп ете түскен. Бекер алаңдамаппыз, соңы елді мекенді су алуға әкеліп соқты. Бұл жолы да жағалаудан су кету қауіпі төніп тұрған аймақтарды нығайту жұмыстарын жүргізумен шектеліп отырмыз.

Осы орайда «Қашанғы жамап-жасқай береміз, неліктен тиісті құрылымдар өзендердің бойындағы елді мекендер орналасқан тұстарына толықтай мониторинг жүргізіп, қауіпті жерлерін анықтап, тиісті қаржы бөлдіртіп, жөнге келтіруге мұрындық болмайды?» деген тағы бір сұрақ туындайды. Ол үшін белесебет ойлап табудың қажеті жоқ. Кеңес заманында одақтық мемқұрылыстың өндірістік және ғылыми-зерттеу институты өзендер мен су қоймаларының жағалауларын су шаю деңгейін бағалау мен болжау жөніндегі нұсқаулықтар әзірлеген. Қоғам өзгергенімен табиғаттың заңы өзгерген жоқ қой. Өзіміздікі болмаса соны неге пайдаланбасқа? Мониторинг жүргізіліп, өзендердің қауіпті тұстары анықталып жатса, оларды нығайтуға қажетті қаражатты бөлуге Үкімет те, облыс басшылығы да, депутаттар да қарсы болмас еді деп ойлаймыз.

Көңілді күпті қылған тағы бір сұрақ: тиісті қызметтер Таластың таситынын білмеген бе? «Білмеді» деуге аузымыз бармайды. Өйткені, кезінде Киров су қоймасы бұзылыпты деп Тараз дүрліккенде биліктегілер «Бұл мәселеде Қырғызстанмен күн сайын, тіпті, сағат сайын хабарласып отырмыз» деп ант-су ішкен. Айыр қалпақты ағайындар суды көп жіберетінін хабарламады дегеннің өзінде жобалық сиымдылығы 550 миллион текше метр Киров су қоймасында биыл судың ернеуіне дейін толғанын, сондықтан қырғыздардың Таласқа суды ауық-ауық көп мөлшерде жіберуге мәжбүр болып отырғанын білді ғой. Оның үстіне биыл жазда ғана Талас тасып, газ құбырының тіреуін шайып, Жамбыл ауданының Қызылқайнар және Жасөркен ауылдары көгілдір отынсыз қалғаны белгілі. Ендеше, тиісті құрылымдар шұғыл түрде өзеннің апатты тұстарын анықтап, бекіту жұмыстарын жүргізулері керек еді. Ол істелмеген. Яғни, өзеннің арнасынан асып кетуіне Киров су қоймасынан секундына 86,5 текше метр судың жіберілуі емес, жауапты құрылымдардың жауапсыздығы себеп болған деген жөн болар.

«Жауапты құрылымдар» демекші, облыста су тасқынының алдын алуға міндетті мекемелер аз емес. Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Жамбыл су қоймалары» мемлекеттік мекемесі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Шу-Талас бассейнді инспекциясы, осы комитетке қарасты «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық әкімдіктер мен олардың тиісті құрылымдары… Иә, мекеме көп, бірақ, мәселе әлі шешілмей тұр. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді қазақ мұндайда.

13.10.2016
212

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...