Жергілікті билік жастарды неге шақырып отыр?

Жергілікті билік жастарды неге шақырып отыр?

Жақында Тараз қаласындағы Төле би көшесінің бойында, тура «Баласағұн» орталық концерт залының қарсысындағы билбордқа жаңа әлеуметтік жарнама ілінді. Бұл жолғы әлеуметтік жарнама жастар арасындағы қылмысқа арналған екен.

Төбелесіп жатқан жастардың, жүкті болып қалған жас қыздың, темір тордың ар жағында тұрған жасөспірімнің суреттерінің тұсына жазылған ұрансөзді оқыдық та, құлап қала сақтадық. «Жасөспірім, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бер (!?) ме!» деп айқайлап тұр. Сөйлем соңындағы «МЕ» деген екі әріптің нені меңзейтінін осы билбордты дайындағандар мен оны ілуге келісімін берген шенеуніктер ғана білер. Ал, «ЖОЛ БЕР» деген сөздердің жасөспірімді қылмыс пен құқықбұзушылыққа шақырудан басқа ештемені білдірмейтінін кез келген тіл маманы түсіндіріп бере алады.

Әрине, бұл осы сөйлемді оқығанда айран-асыр болған санаға алғаш оралған ой ғой. Шын мәнінде оның «Жасөспірім, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол БЕРМЕ!» деген сөйлем екенін зер салып оқығаннан кейін түсіндік. Әлеуметтік жарнаманың мәтінін дайындағандардың сауатсыздығынан, оны бекіткен шенеуніктердің жауапсыздығынан мағынасы мүлде бұрмаланып кетіп отыр. Ақыл тоқтатқан ересектерді қойшы, «әй, сауатсыздар-ай» деп бір күлер де қояр. Әлі ақыл-ес тоқтатпаған жасөспірімнің «қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бер» деп айқайлап тұрған жарнаманы қылмыс пен құқық бұзушылыққа шақыру ретінде қабылдамасына кім кепіл? «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, дәл осы жағдайда «сауатсыз жазған сырқаттанбай өледі» дегің келеді екен.

20.10.2016
78

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...