Жауапты орындарды жолаушылардың жайы толғандырмауда

Жауапты орындарды жолаушылардың жайы толғандырмауда

Құрметті редакция! Менің қолыма қалам алуыма облыстағы жолаушылар тасымалында, соның ішінде Тараз қаласындағы «Тараз» автобекетінде қалыптасқан келеңсіз жай түрткі болып отыр. Нақтысын айтқанда бұл автобекеттен аудан орталықтарына қатынайтын шағын автобустардың жүретін уақыттары белгіленбегендіктен жолаушылар көптеген қиындықтарға тап болуда. Ерте келсең, «адам толмай жатыр» деп сарғайтып күттіріп қояды. Кеш келсең, керек автобусың кетіп қалуы мүмкін.

Жақында Мойынқұмнан емделуге келген қарт анам тиісті ем- домын қабылдағаннан кейін ауылға қайтатын болды. Мен шығарып салдым. Шалғайдағы Мойынқұмға шағын автобус Тараздан азанда жүретіндектен қалып қалмас үшін автобекетке таңғы алтыда келдік. Бір-екі рет кешірек келеміз деп, күніне бір-ақ рет жүретін автобустан қалып қойғанымыз бар еді. Сондықтан, таксимен жеттік. Ерте келгенімізді қайтейік, Мойынқұмның автобусы бекетке әлі келмепті. Содан бір сағаттай күтуге тура келді. Күн суық, жаңбыр жауып тұрған. Жаурай бастадық. Кіріп жылынайық десек, автобекеттің жөндеуден өткізілген үлкен ғимараты жабық тұр. Сырттағы билет сататын касса орналасқан шағын ғимараттың ішінде күту бөлмесі бар екен, бірақ, есік-терезесі жоқ, алқа-салқа болып тұрған оның есігіне де құлып салып қойыпты. Әсіресе, арамыздағы қарт кісілер суыққа шыдамай бара жатқаннан кейін басқа бағытқа қатынайтын шағын автобустың жүргізушісінен өтініп, сонда кіріп отырдық.

Жаз айларында, уақытымды жоғалттым демесең, күтіп отыра бересің ғой. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, сонда жолаушылар не істемек? Жылдар бойы созылып келе жатқан бұл келеңсіздіктерге тиісті орындар неге тоқтау салмайды? «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп отыра бере ме? Осы жанайқайымызды облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларына жеткізулеріңізді сұраймыз.

Ғалия Құлмағанбетова. Тараз қаласы.

Редакциядан: Иә, облысымызда жолаушылар тасымалына қатысты айтылып жатқан сын аз емес. Оның бірқатарын кезінде біздің басылым да жазған. Алайда, кемшіліктердің түзетіліп жатқанын көре алмай отырмыз. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ҚР көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін облыста жүзден астам тұрғыны бар барлық елді мекен жолаушылар көлігімен жүз пайыз қамтамасыз етілетінін, 10 автостанса, 10 жолаушыларға қызмет көрсету бекеті мен 79 такси тұрағы салынатынын айтып емексітумен келеді.

Мейлі, мұның бәрі қыруар қаржыны қажет етеді, сондықтан кезең кезеңімен жүзеге асырылады делік. Ал, аудан орталықтарына, қалаларға қатынайтын шағын автобустардың жүретін уақыттарын нақты белгілеп қоюға, автобекеттегі ғимараттардың қожайындарын тәртіпке шақырып, жөнделгендерін аштыртып, жөнделмегендерін жөндетіп қоюға не кедергі? Жалпы, аталмыш автобекеттің қожайыны «Автобекет Тараз» ЖШС-ның бекет ғимаратын жауып қоюға қандай қақысы бар? Ғимарат серіктестікке тиесілі болғанымен ол Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында халықтың қаржысына жөнделді емес пе? 1967 жылы салынған, тоқсаныншы жылдары қараусыз қалып, әбден тозып кеткен қалалық автобекет ғимаратын жекешелендіріп алғандар «әне жөндейміз, міне жөндейміз» деп сөзбұйдаға салып келгені жасырын емес. Қазақ хандығының мерейтойы болмағанда әлі жөнделмеуі де мүмкін еді. Солтүстік Қазақстан облысы мерейтойға тарту ретінде 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөліп, айналасы гүлмен көмкеріліп, жасыл төсеніштер төселді. Жағалай жарық шамдар қойылды. Ендеше, серіктестіктің ғимарат есігіне құлып салып қоюға моральдық құқы жоқ деп ойлаймыз.

20.10.2016
209

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...