«Бала бейнеме қарап, қыздармен танысуға ұяламын»

«Бала бейнеме қарап, қыздармен танысуға ұяламын»

Облысымыздың Сарысу ауданына қарасты Шағала ауылында туылған Қожамқұл Байкеев деген азаматтың жасы орда бұзар отызға таяп қалса да түрі 12 жасар баланың кейпінен өзгермеген қалпында қалып отырған көрінеді. Бұл туралы баяндаған zamana.kz сайтының жазуынша, бойы да, салмағы да жасөспірімдердікіндей өспей қалған. Даусы да кішкентай баланыкіне ұқсайтын көрінеді.

Қожамқұл сол ауылдағы «Шағала» орта мектебінде 9-сыныпқа дейін оқып, Байзақ ауданындағы Бурыл ауылына қоныс аударыпты. Бірақ мектепті сол күйі бітіре алмаған. «Бала күнімде басым жиі ауыратын. Алайда оған өзім де, үйдегілер де аса мән бермейтінбіз. «Суықтаған шығарсың», «Тынығып ал, қояды» деп жүре беретінбіз. 8-сыныпқа дейін сабақты жақсы оқыдым. Кейіннен басым шыдатпай ауыра берген соң, үлгерімімді нашарлатып алдым», дейді Қожамқұл.

Жігіт науқас екенін колледжге құжат тапсырар кезде бір-ақ білген. Медициналық тексеруден өтіп жатқанында дәрігерлер күдіктеніп, томографияға түсіреді. Миында ісік бары сол кезде анықталады. Дәрігерлер Астанадағы нейрохирургиялық орталыққа жіберген. Бірақ ота жасауға болмайды екен. «Ісік мидың ең белсенді, қажетті бөлігінде болғандықтан алып тастаса мүгедек болып қалу қаупі бар» дейді дәрігерлер. Бір қуантарлығы, ол ісік өспейді екен. Дегенмен ол Қожамқұлдың өсіп-жетілуіне, гормондардың дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізген. Соның салдарынан 27 жастағы жігіттің бойы бүгінде – 1 метр 32 сантиметр, ал салмағы – 28,5 келі.

Таяуда ол «Қазақстан» ұлттық арнасының «Айтуға оңай» бағдарламасынан бойы өспей қалған адамдарға көмек көрсете аламын деген дәрігердің сөзін естіп, соған көрінуге барыпты. Қуанышына орай, дәрігер Жангентхан Абылайұлы Қожамқұлдың бойындағы кемшілікті түзетуге, яғни бойының өзге жігіттер секілді өсіп-жетілуіне мүмкіндік бар екенін айтқан. Бірақ ол үшін бір жыл бойы ампуласы 120 мың теңге тұратын дәрі егу қажет. Ал, ол — 5 миллион теңгедей қаражат. «Дәріні өзім тауып беремін, бойыңа, салмағыңа лайықты дозаны да белгілеп беремін. Бір апта бақылауда боласың, сосын өз ауылыңда да салдыра беруге болады», депті дәрігер. «Негізі мұндай емді 28-29 жасқа дейін қабылдаса, шипасы дариды екен. Одан кешіксе, гормондардың дамуы тоқтап, адамның ағзасы түбегейлі қалыптасып үлгереді де, дәрінің күші болмай қалатын көрінеді. Осы нәрсе мені қатты мазалап жүр. Ертерек тиісті ем-домды қабылдап, жасыма лайық бейнеге ие болсам деймін», деп мұңын шағады жігіт.

Қожамқұл – үйіндегі төрт баланың кенжесі. Өзінен үлкен аға-әпкелері үйленіп-жайланып кеткен. Анасы зейнеткер екен, ал әкесі ертеректе, бұл бірінші сыныпқа барар жылы қайтыс болыпты. «Бірге оқыған жігіттердің бәрі үйленіп жатыр. Мен де соларға қарап үйленсем, бала-шағам көп болса деп армандаймын. Бірақ қазіргі жағдайыма, түр-әлпетіме қарап қыздарға сөз айтуға ұяламын. Көбісі мені кішкентай, мектеп оқушысы деп қалады», дейді Қожамқұл.

Қожамқұлға қол ұшын берер қайырымды жандар табылып, дәрігерлер айтқан дәріні ертерек салдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Онымен жеңгесі Кенже арқылы байланысуға болады. Телефоны – 8-707-820-84-30.

27.10.2016
349

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...