Хакім Абай Қордайда болған ба?

Хакім Абай Қордайда болған ба?

Бұл әңгімені мен 1947 жылы жаз айларында өзіміздің облыстық «Сталин жолы» газетінде (ол кезде газет редакторы Ғайса Сармурзин болатын) жарияланған газет тілшісі Тұлғажановтың мақаласынан оқыған едім. Тілші өз мақаласында Абайдың Қордай өңіріндегі Ноғайбай ауылына неге және қалай келгені туралы жазған екен.

Ал, әңгіме желісі мынандай. Тобықты руының атақтысы Құнанбайдың ауылында жесір қалған бір арғын әйел әмеңгерлік дәстүрмен, өзінің қалауы бойынша сол ауылдың бір адамына қосылуды ойлайды. Бірақ, Құнанбай оған келіспей, өзінің бір діттеген адамына қоспақшы болады. Оған наразы болған әйел түнделетіп ауылдан қашып шығып, Верныйға (Алматы) келеді. Кімнің үйіне келгені туралы Тұлғажановтың мақаласында бар еді, бірақ, менің есімде қалмапты. Шамасы ол да жақсы-жайсаңдарға сөзі өтетін, елге сыйлы адам болса керек. Әлгі әйел «Құнанбай мені қалағаныма қоспады, оның айтқан адамына бармадым. Енді мен Ноғайбайға ғана жар боламын» деген соң, хабар беріп, Ноғайбайды шақыртып, жағдайды айтады. Ноғайбай «әйеліммен келіспей тұрып, шешімін айта алмаймын» деп ауылға, әйелі Әселге кісі жібереді. Құнанбай мен Ноғайбайдың арасындағы кейбір тірестерден хабардар Әсел хабаршыға «Нохаңның бұл ісіне қарсылығым жоқ, бірақ, оны маған күндес ретінде емес, келін есебінде әкелсін. Барлық жағдайын жасап күтіп аламын» дейді. Сонымен, Ноғайбай би әлгі әйелді әкеліп, бұрынғы Красногор ауданы жеріндегі кейіннен ел сол әйелдің құрметіне «Арғын апа сайы» атап кеткен жерге түсіріпті.

Мақалада қанша уақыттан кейін және қай жылы екені жазылмаған, бірақ, жесірлерін іздеп Абай бастаған төрт-бес жігіт келгені айтылады. Ноғайбай оларды тай сойып, құрметпен жақсы қарсы алады. Күнде жастардың ойын-сауығын ұйымдастырады. Бірер күннен кейін «Қырғыз манаптары Ноғайбайды қонаққа шақырып жатыр екен. Онда барса, біраз уақыт жатып қалатын көрінеді», деген әңгіме жеткен Абай «Нохаңа жолығып, елге қайтсақ» деп кісі салады. Мұны естіген Ноғайбай: «Шырағым, Абай, күнде келіп жатқан жоқсыңдар, неге жата тұрмадыңдар» депті. Сонда Абай жасалып жатқан сый-сияпатқа риза екендіктерін білдіріп, елге қайтсақ деген ойын жеткізеді.

— «Қонақтың бұйымтайын келгенде емес, кетерде сұра» деген, шырағым Абай, бұйымтайыңды айт, — дейді Ноғайбай.

— Әкем жесірімізді алып қайт деп жіберіп еді. Бұйымтайымыз сол.

— Құдай алдында некесі қиылған жарым ғой, оны мен сендерге қалай міңгестіріп жіберемін?
— Егер Ноғайбай жесірімізді қайтармайтын болса, қалыңмалын алып қайт, деп еді әкем, — дейді Абай.

— Құнанбай қартаяйын деген екен. Бір әйелдің қалыңмалын атаң Өскенбайдың асында қалдырып кеткен едім, ұмытқан ба? – депті сонда Ноғайбай.

Әңгіме былай болған екен. Құнанбай әкесі Өскенбайдың асында аламан бәйгеде бірінші келген сәйгүлікке әппақ 40 іңген бастаған жүлде тағайындапты. Бәйгеге қосылатын аттарды қарап шыққан Құнанбайдың адамдары: «Ноғайбайдың аты нағыз бабында екен. Бірақ, ол жол жүріп келді. Сондықтан, демалуына мұрсат бермеу үшін ауа райын сылтауратып бәйгені белгіленген күннен ерте өткізейік» дейді. Сөйтіп, аламан бәйге мерзімінен екі күн бұрын өткізіледі. Сонда да Ноғайбайдың жүйрігі бірінші келе жатқан атпен үзеңгі қағысып, құйысқан тіресе келеді. Сол жерде кімнің аты бірінші келді деген дау туындайды. Ақыры төрешілер бас бәйге Ноғайбайдың атына берілуі керек, өйткені алыстан болдырып келген аттың демалуына мүмкіндік бермей, бәйге екі күн бұрын өткізілді, деген уәжге тоқтайды. Бірақ, бәйге жүлделерін үлестіргенде бас бәйгеге тиесілі 40 іңгеннің түсі ақ болмай шығады. «Құнанбай әкесінің асына тіккен 40 ақ іңгенді бере алмады», деп Ноғайбай бәйгесін алмай, астан ерте қайтып кетеді.

Осы оқиғаға қанық Абай жесірлеріңнің қалыңмалын атаңның асында қалдырып кеткенмін, дегенде үндей алмай қалады. Ноғайбай: «Шырағым, тағы қандай қолқаң бар» дегенде Абай: «Ауылдарыңызда өнерлі жастар көп екен, бірақ, оқитын мектеп жоқ екен», депті. «Мұның орынды, ол орындалады», деп Ноғайбай аттанып кеткен екен, деп жазған еді Тұлғажанов. Оның қаншалықты шындық екенін анық білмедім. Бірақ, кейін ауданымызға газет редакторы болып келген Ордабаев «Мұқаң сол мақаланың жариялануына байланысты «Сталин жолы» газетінің сол кездегі басшысы Сармурзинге кейіс білдіріпті» деп еді.

Совет Ғалиакпаров, еңбек ардагері. Тараз қаласы.

Редакциядан: Қордай өңірінде халық Абайдың Жетісуда болуын осы күнге дейін аңыз қылып айтады. Абай болыс боп сайланар алдында ма, әлде содан кейін бе, бір жылдың жазында Алматыға, одан «Сұлутөрдегі» Ноғайбай аулына келіп кеткен, дейді қариялар. Ол туралы көнекөз кариялардың айтуына сүйеніп Кенен Әзірбаев та, этнограф-зерттеуші Есім Байболов та жазған. Ал, Абай Қордайға неге келген? Ол туралы болжам көп. Біреулер Жетісу ояздық губернаторының жиын-мәслихатына, әлде Верныйда қызмет істеген баласы Әбдірахманға келгенде жолы түскен десе, енді біреулер Тәйті, Әпсемет сияқты құда-жегжаттарының шақыруымен келген дейді. Дегенмен, бұлардан гөрі Құнанбайдың тапсырмасымен жесірлері Ақмайдың артынан іздеп келген деген болжамның жаны бар сияқты. Неге? Өйткені, қазақ ешқашанда жетімін жылатпаған, жесірін жатқа жібермеген. Әсіресе, сүйекке таңба болады деп жесір мәселесіне қатты қараған. Зерттеуші, журналист Жандарбек Қарабасовтың жазуы бойынша Ақмай — Абайдың ағасы Құдайбердінің екінші әйелі Ботантайдан туған ұлы Әмірдің жесірі. Ендеше, жесірлері Ақмайды Ноғайбайға жіберіп қойып Құнанбайдың тыныш жатуы ақылға қонбайды.

27.10.2016
122

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...