Жамбылдық жемқорлар

Жамбылдық жемқорлар

Шенеуніктердің жүріс-тұрысына, өздерін қалай ұстайтынына зер салып қарап көрдіңіз бе? Қарап көріңіз, қызық нәрсе. Біреулері теңіздің суы тірсегінен келмей, маңғаздана басады. Айналасындағыларға биіктен қарайды. Енді біреулері қағанасы қарық, сағанасы сарық, жайраңдап, әріптестерін қалжыңмен қағытып жүреді. Бұл екі топтағылар – көкесі де, жағдайы да мықтылар. Әрі сыбайлас жемқорлықпен күрестің салқыны тимегендер.

Халық қызметшілерінің қатарында салы суға кетіп, әбіржіп жүретіндер де бар. Анда-санда болса да кездесіп тұрады. Олар жиналысқа келсе, әріптестерімен сүлесоқ амандасып, орындарына сүйретіліп барып отырады да, алдындағы қағазды қаламымен шұқылап, терең ойға батады. Көп ұзамай ел арасында «естідіңдер ме, пәленше деген басшы істі болыпты ғой» деген әңгіме гу ете түседі. Содан араға айлар салып көкесі мен бағы барлар шартты мерзімді арқалап шығады немесе айыппұл төлеп құтылады. Ал, басқалары темір тордың ар жағына аттанады.

Бағымызға дейміз бе, сорымызға дейміз бе (бағымызға дейін десек, жемқорлар қатары көбейіп барады, сорымызға дейін десек, әшкереленіп жазаларын алуда, қалай деуді де білмей қалдық қой) әшкереленіп жатқан жемқорлардың қатары жыл сайын артып келеді. Жемқорлықпен күрес үстіміздегі жылы жамбылдық шен-шекпенділердің қатарын да селдіретіп кетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыс бойынша департаментінің мәліметіне қарағанда биыл жамбылдық шенеуніктер жемқорлық жөнінен көршілес шымкенттік әріптестерінің жанында арқан есе алмағанымен, өзіміздің облыс үшін «айтарлықтай нәтижелерге» қол жеткізіп отыр. Барынша қоғамдық пікір туғызғандарын сала бойынша саралап көрелік.

Құқық қорғау

Өкінішке қарай, бұл салада қой терісін жамылған қасқырлар көп болып тұр. Мәселен, тараздық жол-патрульдік полициясының төрт бірдей қызметкері кезекшілік кезінде автокөлік жүргізушісінен 60 мың теңге пара алып жатқан жерінен қолға түскен. №2 Тараз қалалық соты бұрынғы полиция қызметкерлері Д. Нұрымбетов, Г. Батырбасов, А. Байтасовты 4,2 млн. теңге айыппұл төлеуге, Б. Абдыкаримовты шартты түрде бес жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті. Ал, өткен жылы наурыз айында бір азаматтың қалтасына беймәлім затты білдірмей салып, «қалтаңнан есірткі шықты, қылмыстық іс қозғаймын» деп қорқытып, 200 мың теңге пара алған Шу қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілі Ж. Құрманалиев биыл шілде айында сотталып, жеті жылды арқалап кеткен болатын.

Шу өңірінің тағы бір өкілі, аудандық ІІБ-нің бұрынғы жедел уәкілі И. Хасанбаев пайда көру мақсатында өзіне берілген билік пен қызметтік құзыреттерді асыра пайдаланған. Яғни, бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғасы бойынша қылмыстық істе жалған дәлелдемелер жасап, А., деген азаматты қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартуға жағдай туғызған. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы азаматының құқы мен заңды мүдделеріне елеулі нұқсан келтірген. Шу аудандық сотының үкімімен И. Хасанбаев бес жылға бас бостандығынан және «Полиция аға лейтенанты» арнаулы шенінен айырылды.

Тараз қалалық ІІБ №2 ТП бұрынғы қызметкерлері Н. Медеуов пен А. Аманбаев та өздеріне азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қорғау үшін берілген билік пен лауазымдық өкілеттікті бас мүдделері үшін пайдаланыпты. Яғни, күдіктілерді қорқытып, ұрланған алтын заттарды сатып алуға мәжбүрлеген, жалған хаттамалар толтырып, пара алған. Олар, тиісінше, 6 және 5 жылға шартты түрде бас бостандықтарынан айырылды. «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» дейді қазақ мұндайда.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында бір азаматтан әкімшілік жазаға тартпау үшін 20 мың теңге және екі қой пара алған облыстық әділет департаменті Рысқұлов аудандық аумақтық бөлімінің сот орындаушысы да лайықты жазасын алды. Мүлкі тәркіленіп, үш млн. теңге айыппұл төледі. Ұлттық бюро департаментінің торына Қордай аудандық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы А. Аманғазиев пен сот орындаушысы Н. Үсіпжанов та түсіп отыр. Олар бопсалау жолымен бір азаматтан қарыз сомасын төмендету үшін 30 мың теңге пара алған.

Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Дидар Рахымбердиевке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеуді аяқтаған Ұлттық бюро департаменті бұл жоғары шенді шенеуніктің 2008-2016 жылдары сотталғандарға қамақта жайлы жағдай туғызу, мерзімінен бұрын босату мәселесін шешу үшін бірнеше мәрте аса ірі көлемде пара алғанын анықтады. Сондай-ақ ол колония басшыларынан жүйелі түрде 2-3 мың доллардан жылу жинағаны, қол астындағы қызметкерді туысқанының автокөлігін сатып алуға мәжбүрлегені үшін де айыпталуда.

Қазан айында Ұлттық бюро департаменті облыс ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясының үш қызметкеріне және көші-қон полициясының төрт қызметкеріне қатысты пара алу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қордай ауданындағы «Отар» постында жол полициясы қызметкерлерінің көлік жүргізушілерінен пара талап ететіндігі туралы дерек алған жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, жол-патрульдық полиция қызметкерлерінің әр өткен көліктен 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейін пара алатынын, бір айдағы заңсыз табыс көлемі 90 миллиондай теңгені құрайтынын анықтаған. Жемқорлыққа қарсы күрес органының қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізу барысында арызданушыдан 3 мың теңге көлемінде пара алған ІІД қызметкері Р. Исаевты ұстады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың алты айында елімізде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 2 121, оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 1 644 құқық бұзушылық тіркелген. Олардың 31 пайызын – парақорлық, 28 пайызын – лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, 20 пайызын қызметтік жалғандық құраған. Қылмыстық істердің 73 пайызы бойынша тергеу аяқталып, 1576 іс сотқа жіберілген. Аяқталған қылмыстық істер бойынша залал 29,3 млрд. теңгені құраса, оның 7,5 млрд. теңгесі өтеліп, 13,2 млрд. теңгенің мүлкіне тыйым салынған.

Сәулет-құрылыс

Сыбайлас жемқорлық бойынша жарыс ұйымдастырылар болса жүлделі орындардың бірі сәулет-құрылыс саласының қанжығасында кетер еді. Өйткені, бұл — қыруар қаржы айналымда жүретін майлы жер. Сондықтан болар салада жолдан тайып жатқан «періштелер» аз емес. Мәселен, Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Н. Кенжебеков жер телімін таңдау актісін тездету үшін 200 мың теңге көлемінде пара алған. Дегенмен, Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Б. Мауытбаеваның жанында оныкі жай ғана баланың ойыны болып көрінеді. Бухгалтерлік есеп жүргізу құқы бар Мауытбаева ханым 2013-2015 жылдары қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында заңсыз жолдармен түрлі кәсіпкерлердің есепшоттарына 47,9 млн. теңге аударған. Тергеу барысында кәсіпкерлер мен серіктестік басшылары ол ақшаны шоттан алып, бас маманға әкеліп бергендерін растаған. Б. Мауытбаева сот үкімімен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Байзақ ауданының бір топ шенеунігіне қатысты қозғалған атышулы қылмыстық іске биыл заңды нүктесі қойылып отыр. Ақша арбаса қиын ғой, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы, жеке кәсіпкер және Сарыкемер ауылдық округінің екі маманы екі жылда Өзбекстаннан келген оралмандарға жеке үй салу үшін қағаз жүзінде ғана бар төрт гектар жер телімін сатып, қыруар қаржыны қалталарына басып келген. Қылмыстық топтың үш мүшесі сот үкімімен темір тордың ар жағына аттанды. Тиісті сараптама төртінші мүшесі – ауыл әкімінің ақыл-есі кем екенін анықтаған. Ауыл тізгіні оған қалай сеніп тапсырылғанын аудан әкімі білмесе, біз білмедік.

Саладағы ғана емес, облыстағы ең шулы оқиғалардың бірі Ұлттық бюро облыс бойынша департаментінің тарапынан облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевке қатысты қылмыстық істің қозғалуы болды десек артық айтқандық емес. Ол жаңа қалалық аурухана ғимаратын әлі ауы мен бауы дайын еместігіне, нақтырақ айтқанда мердігердің келісімшартта көрсетілген 118 млн. теңгенің медициналық жабдықтарын жеткізбегеніне қарамастан пайдалануға қабылдау туралы құжаттарға көзді жұмып қол қойып жіберген. Жемқорлықпен күрес қызметі мердігердің келтірілген зиян орнын толтырып, қажетті жабдықтарды сатып алуына және Байтелиев мырзаның өзінің істегеніне қатты өкініш білдіруіне байланысты тергеуді тоқтатып, істі жапты. Басқарма басшысы қызметімен қош айтысты және мемлекеттік қызметке оралу құқынан айырылды.


Білім беру

Жемқорлық жарысында «Пара алудағы жаңашылдық ізденістері үшін» аталымын, сөз жоқ, білім саласының «білгірлері» алған болар еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, алған парасының келісілген сомадан артығын қайтарып беру кімнің қолынан келеді?! Білім саласындағы бақылау департаментінің екі басшысы осындай «ерлікке, адалдыққа» барған. Ибн-Сина атындағы Тараз медициналық колледжінің бұрынғы директорынан білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру және одан кейінгі жалпы желеп-жебеп жүрулері үшін 30 мың доллар пара алған олар біраз уақыт өткеннен кейін 200 мың теңгесін санап тұрып қайтарып берген. Сөйтсе, бастапқыда олар 10 млн. теңге параға келіскен екен. Ақшаны шетел валютасымен әкеліп бергендіктен, адалдық танытып, артығын теңгелей қайтарып беруді ұйғарыпты. Бірақ артық қыламыз деп тыртық қылған. Жергілікті жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері оларды ақшаны беріп жатқан кезде қолға түсірген. Екі шенеуніктің бірі бүгінгі таңда сотталып та кетті.

Денсаулық сақтау

Биылғы сәуір айы облыстың денсаулық сақтау саласы үшін тәуір ай болмады. Осы сәуір айында саланың облыс және аудан деңгейіндегі екі бірдей басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыс бойынша департаментінің құрығына ілінді.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е. Масалимов өз қоластындағы медициналық мекемелердің басшыларынан заңсыз алым-салық жинаған, пара алған. Атап айтқанда, қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері К. Сағынғалиева мекемеге жылжымалы рентген аппаратының қажет екендігін айтып, басқарма басшысына бірнеше рет кірген. Е. Масалимовтың ымдауынан мәселенің материалдық сыйақысыз шешілмейтінін түсінген бас дәрігер оған 150 мың теңге пара берген. Одан кейін де басқарма басшысы өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, пара берушілердің мәселесін шешіп берген. №2 Тараз қалалық сотының үкімімен парақор басшыға мүлкін тәркілеу, алған парасының 70 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 10 767 050 теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.

Ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері ай соңында облыс денсаулық сақтау департаменті басқармасына қарасты Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігерлік-консультативтік комиссиясының төрағасы Б. Сабыровты ұстады. Ол мүгедектік туралы дәрігерлік қорытынды беру үшін 70 мың теңге пара алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті 2016 жылдың бірінші жартыжылдығанда өндіріске 422 қылмыстық іс қабылдаған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үш іске көп.

Әкімдік

Биыл Ұлттық бюро торына түскен шортандардың қатарында қала әкімі, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бар. Қордай ауданы әкімінің орынбасары К. Иманалиев тапсыру-қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдесемін деп, «Компания КазСтройИндустрия» ЖШС басшылығынан 100 мың теңге пара алған. Бұл шенеунік аудандық соттың үкімімен 5 млн. теңге айыппұл төлеп құтылды. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, өзі өмір бойы мемлекет органдарында қызмет ету құқынан айырылды.

Ал, Шу қаласы әкімінің орынбасары әріптесі сияқты «ауыз жарымайтын» ақшаға қолын былғап жатқысы келмесе керек, жергілікті кәсіпкерден «фаст фуд» тағамдарын сататын үш павильон ашуға аудандық әкімдіктің келісімін алу үшін қажет деп 300 мың теңге талап еткен. Кәсіпкер әділдік іздеп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының жергілікті қызметіне шағымданған. Осыдан кейін жемқорлықпен күрес қызметі шенеуніктің телефон арқылы кәсіпкерден аванс ретінде 60 мың теңге талап еткен әңгімесін жазып алады да, кәсіпкер кәртішкесіне аталмыш соманы аударғаннан кейін әкім орынбасарын ұстайды. Сонда ғана павильон ашуға жер бөлу мәселесі жер комиссиясының отырысына енгізілмегені, шенеуніктің өзінің қызмет бабын пайдаланып, кәсіпкердің сауда орындарын жекеменшіктегі жерлерге орналастырып, 300 мың теңгені қалтасына басып алуды көздегені анықталған.

Қаратау қаласының қазір енді бұрынғы әкімі Қойшыбай Мақашев, әкімдіктің бөлім басшысы мен бас маманы биыл мамыр айында әкімдікке жер телімін сұрап өтінішпен қайырылған жеке кәсіпкерге мәселені тездетіп шешу үшін 80 мың теңге пара беруді ұсынған. Халық қызметшілерінен мұндай арсыздықты күтпеген кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қаратау аймағы бойынша ауданаралық басқармасына арызданады. Сөйтіп, басқарма қызметкерлері шектен шыққан шенеуніктерді пара алып жатқан жерлерінен қолға түсіреді. Талас аудандық соты оларға өздері алған параның 70 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 5 600 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ, олардың меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүліктері тәркіленіп, өздері өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан айырылды.

Әскери бөлім

Жамбыл облысындағы 42062 әскери бөлімі командирінің орынбасары-қаржы қызметінің бастығы А. Туғанбаев қызметтік құзіретін пайдаланып, әскери бөлімнің жалпы сомасы 33 млн. теңгеден астам қаржысын жеп қойған. Бірақ жегені желкесінен шықты. Қылмыстық істі қараған Шымкент гарнизонының әскери соты оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге, өмір бойына мемлекеттік және әскери мекемелерде әкімшілік-шаруашылық қызметтер атқару құқынан айыруға үкім шығарды.

Экология

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері облыс бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Д. Атауоллаұлын «ГазСпецСтрой-А» ЖШС өкілі М. Алтамировтен пара алып жатқан кезде ұстады. Тергеу барысында қылмыстық сызбаға экология департаментінің басшысы М. Қонысбековтың да қатысы бар екендігі анықталған. Ол орынбасары Д. Атауоллаұлы екеуі лауазымдарын құқыққа қарсы мақсатта пайдаланып, өздерінің бас пайдалары үшін қоластындағы қызметкерлерге сыйақы ретінде аударылған қаражаттан заңсыз ақша жинаған, мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойғандары үшін «ГазСпецСтрой-А» ЖШС өкілінен пара талап еткен. Сот үкімімен М. Қонысбеков пен Д. Атауоллаұлына 7 млн. теңгеден айыппұл салынып, мүліктері тәркіленді. Пара берген М. Алтамиров те жазадан құтылған жоқ, 3 млн. теңге айыппұл төледі.

Тексеру комиссиясы

Параның көлемі жөнінен облысымыздағы мешін жылғы рекордтық көрсеткішті облыстық тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы-бас инспектор Нұрлан Дүйсенов орнатып отыр. Талас ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінде жоспарлы тексеру жүргізген аудитор тексеру нәтижесі бойынша оң қорытындысының құнын 4,5 млн. теңгеге бағалапты. Аталмыш білім беру бөлімінің сектор меңгерушісінен алдын ала келісілген ақшаның үш миллион теңгесін алған Дүйсенов қалған бір жарым миллион теңгені алу үстінде қолға түскен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның қызметкерлері оны өзі тұрақтаған Қаратау қаласындағы пәтерден ұстаған. Кінәсі дәлелденсе, өмірінің он бес жылын темір тордың ар жағында өткізуі мүмкін.

08.12.2016
748

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...