Сырты бүтін, іші түтін?

Сырты бүтін, іші түтін?

Әулиеата өңіріндегі жетекші жоғары оқу орны болып табылатын М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте алтыншы орында тұр. Басқа марапаттарын айтпағанда университет ректоры Махметғали Сарыбеков жақында ғана «Нұр Отан» партиясының төсбелгісін партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің өз қолынан алып қайтты. Сырттай қарағанда бәрі тамаша. Бірақ ТарМУ-дің «сырты бүтін болғанымен, іші түтін» дейді облыс әкімінің блогына жазған шағым хатында Қайжан Ермеков деген азамат. Едеше хатқа кезек берейік.

Құрметті Кәрім Насбекұлы!
Жақында М. Х. Дулати атындағы ТарМУ ректорының сайлауы болғалы жатыр. Соңғы жылдары университеттің қазіргі басшысының іс-әрекетінің арқасында жемқорлықпен байланысты көптеген келеңсіз жағдайлар орын алуда. Осын орай Сізден тиісті орындар тарапынан тексертіп, көпшілікті мазалап жүрген мынадай сұрақтарға жауап беріп, жоққа шығарып немес растап беруіңізді сұранамыз.

1. Облыстық прокуратура 2015 жылдың қазан айынан 2016 жылдың ақпанына дейін ТарМУ-дың қаржы жағдайы мен басшыларының іс-әрекетіне тексеру жүргізді. Нәтижесінде көптеген олқылықтар анықталып, университеттің лицензиясы тоқтатылған болатын. Бұл жағдай ұжымда талқыланған жоқ, жасырылды. Неге? Университеттің барлық анықтамаларында ғылыми дәрежесін көтермелеу үшін докторлардың, кандидаттардың саны қосылып жазылып, жалған көрсетіледі. Ал заң факультетінде бірде бір ғылым докторы жоқ. Бірақ соған қарамастан жалған мәліметтерді пайдаланып, осы мамандық бойынша магистратура заңсыз ашылды. Бұл жағдайды жасыру үшін заң факультетінің мұғалімдерінен ақша жинап, тексерушіге пара берілді, дейді ел. Ол рас па?

2. Неге магистранттар мен докторанттар базалық білімсіз қабылданады және ағылшын тілін білмей тұрып грантқа түседі. Мысалы магистранттарды тексерсеңіз, ағылшын тілінде сөйлемек түгілі әріпін танымайды. Кейбір магистранттар стипендия ала тұрып, сабаққа келмейді, жұмыс істейді, тіпті басқа калаларда тұрып жұмыс істейді. Оны зейнетақы төлемдері арқылы тексеруге болады. Оның ішінде мемлекеттік қызметте отырғандар да аз емес, араларында басқарма басшылары да бар. Сонда қалай, олар жұмыс істей ме әлде оқи ма, ғылыммен қашан айналысады? Арасында пысықтары стипендияларын алып, оқытушыларына апарып беріп, бағаларын қойдырады. Бұрын аспирантурада грантта оқып, стипендияларын алып, ғылыми дәрежелерін қорғай алмаған кейбіреулері PһD докторантураға қайтадан грантқа түсіп, білім және ғылым туралы заңға қайшы әрекеттер жасалып жатыр.

3. 2015 жылы қазан айында «Қазақ хандығының 550 жылдық тойына» деген уәжбен сенімді 40 қызметкерге бірнеше миллион теңгедей сыйақы жазылып, ол ақша ректордың қонақтарды күтіп алуына жұмсалды. Осындай жолдарды кеңінен пайдаланады. Мысалы: Білім министрі Таразға келгенде М. Сарыбеков ол кісіні бір автокөліктің құны тұратын вискимен күткен және дастархан мен сыйлықтар сыйақылар арқылы жасалған.

4. Жоғары оқу орындары арасындағы рейтингтегі алтыншы орнына күнде мақтанатын ректор ол орынды кадр бөлімінің бастығы А. Халиеваның НКАОКО-да бағарламашы болып жұмыс істейтін баласы арқылы ТарМУ-дің көрсеткіштерін көтермелеп, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі іс жүзінде 40 млн. теңгені құраса, оның орнына бір нөлді қосып, 400 млн. теңге деп жалған мәлімет көрсетіп, жасанды рейтинг көрсеткіші ретінде алып отыр. Бұны да тексеруге болады.

5. Ректордың баласы Санжар Сарыбеков неліктен университеттің мемлекеттік сатып алу тендерлеріне ұйымдастырушы болып қатысады және туған қайнысы арқылы жеткізіп берушілермен жұмыс істейді? Сонда университет Сарыбековтер әулетінің отбасылық бизнесіне айналғаны ма? Оқу ғимараттарының 2016 жылдың жазында ғана күрделі жөндеуден өткізілген шатырлары күзде бірінші желмен-ақ ұшып кетті. Өйткені, жөндеу жұмыстары техникалық қауіпсіздікке, эстетикалық талғамға сай келмейтін, сапасы ең төмен және арзан материалдармен жасалған, керек емес жерге – дәліздерге ламинат төселіп, бөлмелерге нашар линолеум, текпешектерге тайғанақ керамогранит төселген. Осыған тікелей жауапты әкімшілік шаруашылық проректоры қабылдау актісіне қол қойғаны үшін жауапкершілікке тартылудың орнына не үшін медальмен марапатталды?

6. Ректордың әйелі Ж. Сарыбекова бір мезгілде толық ставкамен екі жоғары оқу орнында (ТарМУ мен ТИГУ) жұмыс істейді әрі жұмысқа келмей жалақы алады. Қызметкерлердің ғылыми қажеттілігіне керекті іс-сапарларға ақшаны аяйтын ректор өз әйелін Астанаға университет қаржысы есебінен жіберуден шаршамайды. ТИГУ-да кафедра меңгерушісі қызметін атқаратын Ж. Сарыбекованың іс-сапарларға кеткен шығындары неге ТарМУ-дің қаражатынан төленіп келеді? Оның үстіне іс-сапарларының кейбіреуіне төленген қаражат көлемі негізсіз жоғары, себебі ректор әйеліне сапарластарымен бірге қосып жазып жібереді. Ал, керісінше, өзіміздің қызметкерлерімізге іс-сапарларға өз қаражаттарын жұмсап барса да сөгіс беруге де барып жатқан жайы бар. Жалпы университетте билік ректордың емес, оның әйелінің қолында. Қадрлық саясатқа әйелі араласқанымен қоймай, жағымпазданушыларды айналасына жинап алып, оларға барлық жағдайларды жасаған. Сонда неге университеттің ректоры іс жүзінде ректордың әйелі Ж. Сарыбекова болады?


7. Ректор өзімен бірге алып келген өзі сияқты мамандығы педагог А. Абдуалыдан басқа бірде бір проректормен тіл табыспай, соған ғана қошемет, марапат және ерекше сенім көрсетуінің себебі неде? Техникалық университетті техникалық білімі жоқ мамандар басқаруының салдарынан соңғы жылдары ТарМУ педагогикалық институтқа айналуда. Көрші ТарМПИ-дан техникалық университетке қажет емес дәл сондай көптеген педагогикалық мамандық иелерін өз қол астына алып, университетті өсек ордаға айналдырып жатыр. Қазақстан тарихында гинеколог та КНБ генералы болып, қандай жағдайға алып келгенін жұртшылық біледі.

Осы мәселелерді анықтап, ректордың сайлауында осы сұрақтарды қойсаңыздар, М. Сарыбеков қандай жауап қайтарады екен? Сыбайлас жеморлықпен бүкіл ел күресіп жатса, қазіргі ректор жемқорлықты өзі басқарып, отбасымен бірге ұйымдастырып, ТарМУ-ді жемқорлықтың ордасына айналдырып отыр. Сонда іргелі университеттің ректоры қызметіне лайықты, ел экономикасына пайдасын келтіретін сапалы мамандарды даярлау ісін кәсібіи деңгейде ұйымдастыра білетін, заманауи көзқарастағы, менталитеті жоғары, өз ісіне адал, жемқорлыққа қарсы тұра алатын, батыл, техникалық білімді, ұлтжанды қазақ жоқ па елімізде?

Қайжан Ермеков


Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өзінің блогына түскен осы шағымхатқа жауабында Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 7-бабы 6-тармағына сәйкес, негізінен қарау үшін өтініштің облыс прокуратурасына жолданғанын, қарастырудың нәтижесі қосымша хабарланатынын жазыпты. Естуімізше осы мәселе бойынша облыстың білім саласындағы бақылау департаменті (басшысы Ускумбаева Дәмеш) пен ҚР қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Жамбыл облысының ішкі мемлекеттік аудит департаменті (басшысы Колбаев Бекет) де тексеру жүргізіп жатыр. Ендеше құзырлы органдар мәселенің ақ-қарасын анықтайды деп сенгіміз келеді.


САРЫБЕКОВ Махметғали Нұрғалиұлы


1956 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер (қазір – Төле би) ауданы, Қазығұрт ауылында дүниеге келген.

Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетін (1978), Мәскеу қаласындағы КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының аспирантурасын (1981) бітірген, физика пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Орта мектеп мұғалімі (1978-1981), аспирант (1981-1984), Жамбыл педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, педагогика факультетінің деканы, оқу жұмыстары жөніндегі проректор (1984-1996), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің докторантурасы (1996-1998), Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, проректор (1998-2001), Еуразия гуманитарлық институтының ректоры (2001-2004), Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (2004-2009), Қазақстан Республикасының Білім жіне ғылым вице-министрі (2009-2012), 2012 жылдың қараша айынан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры.

2010 жылдың қыркүйек айынан «Ұлттық инновациялық қор» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған.

«Теория и практика экологической подготовки будущего учителя начальных классов», «Система экологической подготовки учителей», «Экология и Я», «Словарь науки» кітаптарының, экологиялық білім мен тәрбие тақырыбындағы жүзден аса ғылыми еңбектің авторы.

Отасылы, үш баласы, немерелері бар.Әйелі Сәлібекова Жанат Төленқызы — педагогика ғылымдарының докторы. Әкесі Сарыбеков Нұрғали (1934-1998) педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық акмеология академиясының және қазақ халықтық экология академиясының академигі.

16.03.2017
215

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...