Сырты да, іші де бүтін!

Сырты да, іші де бүтін!

Газетіміздің 2017 жылдың 16 наурызы күнгі нөмірінде «Сырты бүтін, іші түтін?» тақырыбындағы мақалада Қайжан Ермеков атты азаматтың облыс әкімінің блогына М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне және оның ректорына қатысты жазған шағым хаты жарияланған болатын. Осыған орай аталмыш университеттің ректоры Махметғали Сарыбековтен жауап хат келді.

«Жамбыл апталық ««Тараз Times» газетінің бас редакторы Ж. Нұралиевке.

2017 жылдың 16 наурызында Сіздің газетте «Сырты бүтін, іші түтін?» тақырыбында жарияланған мақалаға жауап ретінде келесі ақпаратты жолдап отырмын.

Жамбыл облысы әкімінің блогына «Қайжан Ермековтың» атынан келіп түскен «домалақ арызда» көрсетілген деректерді тексеру мақсатында Тараз мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жамбыл облысы бойынша Білім және ғылым саласындағы бақылау департаментінің комиссиясы жіберілді. Сонымен қатар, оның алдында осыған ұқсас шағым хат бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекет аудит Комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық тексеру жүргізген болатын.

Тексерулердің нәтижесі бойынша шағымдарда көрсетілген бірді-бір дерек расталмады.
«Тараз Times» газетінің 2017 жылдың 16 наурызы күнгі нөмірінде жарияланған мақалада қойылған сұрақтарға қатысты келесі мәліметті беремін:

1. Облыстық прокуратура тарапынан «2015 жылдың қазан айында басталып, 2016 жылдың ақпан айына дейін созылған» (5 ай!!!) тексеру болған емес. 2015 жылы 9-30 қазан аралығында облыстық прокуратура білім саласындағы заңнамалық актілерді орындауға байланысты жоспарлы тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде кейбір кафедраларда ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың жетіспейтіндігі; кейбір мамандықтарда күндізгі және сырттай оқитын студенттердің саны 4:1 көрсеткішіне сай келмейтіндігі анықталды. Тексеру қорытындысы 2015 жылдың 02 қарашасында ұжымда ашық талқыланып, ректораттың кеңейтілген отырысында қаралып, кемшіліктерді жою жоспары бекітілді. Осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижелерін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитетінің комиссиясы 2016 жылдың 16-19 мауысымында тексеріп, жоғарыда корсетілген кемшіліктер жойылғаны туралы акт берді.

Арызда «Заң факультетінде магистратура ашты, сол үшін тексерушіге пара берілді» делінген. ТарМУ-да «құқықтану» мамандығы бойынша магистратура 2001 жылы ашылып, мамандар даярлануда.

Университте бүгінде 36 ғылым докторы, 240 ғылым кандидаты, 34 PhD докторы, 243 магистр қызмет етеді. Ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың үлесі 50 пайыздан асады. Оның ішінде заң факультетінде 19 ғылым кандидаты, 1 заң ғылымының докторы дәріс береді.

2. Магистратурада 39 мамандық бойынша барлығы 477 адам оқиды (302-сі — бірінші курста, 175-і — екінші курста). Оның 205-і (яғни 43%) мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда (89-ы — бірінші курста, 116-ы — екінші курста).

Тексеру барысында магистратурада оқып жатқан білімгерлердің барлығының базалық білімдері бар екені дәлелденді. Магистратураға қабылдауда заңға қайшы әрекеттер орын алған емес. Магистранттардың сабаққа қатысуы деканат пен кафедралар тарапынан жүйелі түрде қадағаланып отырады. Комиссия жұмыс істеген 6-7 наурыз күндері магистранттардың сабаққа қатысу көрсеткіші 77,3 пайызды құрады.

3. 2015 жылы қазан айында Қазақ хандығының 550-жылдығына байланысты іс-шаралар университеттің бюджеттен тыс қаражаты есебінен ұйымдастырылды. Университетке келген бірде-бір Министрге дастархан жасалып, сыйлықтар берілген емес.

Университеттің бюджетін тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алуға байланысты заңнамалық актілерді орындау мәселелері 2013-2016 жылдары бірнеше рет Есеп комитеті, прокуратура, Қаржылық бақылау инспекциясы (бүгінде — Ішкі мемлекеттік аудит департаменті) тарапынан тексерілді.

4. Тараз мемлекеттік университеті Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық рейтингте: 2013 жылы — 11-ші орынды, 2014 жылы — 9-шы орынды, 2015 және 2016 жылдары 6-шы орынды иеленді. Тәуелсіз агенттік жүргізетін бұл рейтинг 6 индикатор мен 40 көрсеткіш бойынша анықталады және бірнеше жабық сауалнамалар (білімгерлермен, оқытушылармен, жұмыс берушілермен) арқылы сараптамадан өтеді. Сондықтан ұлттық рейтинг жасанды болуы мүмкін емес. Шағымда «ТарМУ-дың кадр бөлімінің бастығы А. Халиеваның сол агенттікте жұмыс істейтін баласы арқылы жасалған рейтинг» деп көрсетілген. А. Халиеваның баласы НКАОКО-да 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Сонда 2015 жылы ТарМУ кімнің арқасында 6-шы орынға ие болды екен?!

5. Менің туыстарым университеттің тендерлеріне қатысқан емес.

Ал, 2016 жылы ғимараттардың шатырларын жөндеу жұмыстарының сапасын, оған бөлінген қаражатты жұмсау тәртібін (барлық қаржыландыру бюджеттен тыс қордан бөлінді) Облыстық ішкі аудит департаменті тексерді. Аудиторлық тексеру нәтижесі бойынша кемшіліктер анықталған жоқ.

6. Менің жұбайым Сарыбекова Жанат Төленқызы — педагогика ғылымдарының докторы, университетте «Психология және педагогика» кафедрасында профессор қызметінде жұмыс атқарады. Соңғы үш жыл қатарынан рейтингтік көрсеткіштері бойынша (оның ішінде, студенттердің берген бағасына сәйкес) «Факультеттің ең үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Профессор Ж. Т. Сарыбекова Астанаға бару үшін университеттің қаражатын пайдаланған емес. Айына бір рет Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторлық диссертациялық кеңесінің жұмысына мүше ретінде қатысады. Барлық іс-сапар шығындарын Еуразия ұлттық университеті төлейді.

Тексеру барысында профессор Ж. Т. Сарыбековаға байланысты бірде-бір дерек расталған жоқ.

7. «Ректордың техникалық білімі жоқ» депті. Менің базалық білімім — физика. Ал, физика (түсінетін адамға) техникалық білімнің негізі. Кандидаттық диссертациямды физиканы оқыту әдістемесінен, докторлық диссертациямды экологиялық білім беру мәселесінен қорғадым.

«ТарМУ педагогикалық институтқа айналуда» деп жазыпты. Керісінше, 2014 жылы университеттегі педагогикалық мамандықтар жабылып, қасымыздағы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына берілгені халыққа мәлім. ТарМУ-ды техникалық білімі бар азаматтар басқарып, университеттің қай деңгейде болғанын облыс жұртшылығы жақсы біледі!

Мақаланың соңында (бұл редакцияның толықтыруы болар, себебі облыс әкімінің блогына түскен шағымда соңғы абзац жоқ!) менің кәсіби деңгейіме, заманауи көзқарасыма, менталитетіме, ұлтжандылығыма, адалдығыма күмән келтіріледі. Бұл менің ар-намысыма тікелей нұқсан келтіру деп қабылдаймын. Маған баға беретін халық, республикамыздың педагогикалық қауымдастығы, менің шәкірттерім. Қайдағы бір «Қайжан Ермеков» емес! Егер мен адамзаттық құндылықтардан жұрдай болсам (мақаланың қорытындысында көрсетілгендей), онда ректорлық қызметтен бөлек, республика және облыс басшылығы көптеген ауқымды жұмыстарды (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Елдің зияткерлік әлеуеті» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, Оңтүстік өңірлік ректорлар кеңесінің төрағасы, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әулие-ата» қазақ этномәдени Орталығының төрағасы, Жамбыл облыстық жеке кәсіпкерлікті дамыту «Бизнес-2020 жол картасы» бойынша конкурстық комиссияның төрағасы) маған қалай сеніп тапсырды екен?!
Жалпы айтқанда, Сіздің газетіңізде жарияланған «домалақ арыз» мені ректорлық қызметке конкурстың алдында негізсіз «қаралау» деп түсінемін.

Махметғали САРЫБЕКОВ,
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры

30.03.2017
29

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...