Сайт па, сайқымазақ па?

Сайт па, сайқымазақ па?

Кезінде республикамызда, соның ішінде біздің облыста да аудан әкімдерінің сайттары жаппай ашылды. Ондағы мақсат ел өздерін толғандырға мәселелерге жауап іздеп биліктің есігін қағып, табанын тоздырмасын, керегін осы сайттарда тауып алсын деген ой еді. Өкінішке қарай бұл мақсат әліәзір орындалмай тұр. «Сіз аудан әкімінің сайтына кіріп көрдіңіз бе?» деп сұрай қалсаңыз елдің басым көпшілігінен «жоқ» деген жауап алар едіңіз. Бұл жерде мәселе ауыл тұрғындарының ғаламторға кіруге техникалық мүмкіншілігінің жоқтығында емес (жастарды былай қойғанда егде жастағылардың өзі смартфонның құлағында ойнайтын, ғаламторды өз ауылындай шарлайтын, қарияларының өзі ұялы телефон арқылы «әләу» деп немере-шөберелерімен хабарласып жататын бүгінгі ауылдықтар үшін оның іш қиындығы жоқ), аудан әкімдіктері сайттарының сапасында, нақты айтқанда сапасыздығында болып тұр.

Аудан әкімдіктерінің ресми сайттарын саралағынымызда бірден көзге ұрғаны — олардың бәрінің дерлік қарабайыр жасалғандығы. Безендірілуі біршама тәуір Шу ауданы әкімдігінің сайты болмаса, басқалары ғаламтордағы бірінен бірі өтетін, безендірілуі жағынан көздің жауын алатын небір сайттардың жанында аса қораш көрінеді. Сондықтан талғамы жоғары бүгінгі тұтынушының бұл сүреңсіз сайттарды жапқанша асығатыны түсінікті.

Әрине, базбіреулер «ел ресми сайттарға эстетикалық ләззәт алу үшін емес, керегін табу үшін кіреді, сондықтан керемет безендірілуі шарт емес» деген уәж айтуы мүмкін. Өкінішке қарай бұл тұрғыдан келгенде де аудан сайттарының оза шауып тұрғаны шамалы. Аймақтың сан алуан саласы толық қамтылмаған. Келтірілген деректердің дені құрғақ мәліметтермен шектелген. Бір қызығы бұл тұрғыда бізді шалғайдағы Мойынқұм ауданының сайты мәлімет, деректердің толықтығымен таңқалдырды әрі тәнті етті. Сайттан ауылдық округ әкімдерінің функционалдық міндеттері, азаматтарды қабылдау кестесінен бастап мемлекеттік бағдарламалар, олардың орындалуына кім жауапты екендігі, өтініштердің үлгілері, өтініш-арыздар туралы хабарлама, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың тізіміне дейін таба аласыз. «Жалпы мәлімет» тарауында аудандағы көрнекі орындар мен ғимараттардың суреттері, «Discovering Kazakhstanның» Мойынқұм табиғаты туралы бейнефильмі орналастырылған.

Аудан сайттарының бәрінде дерлік «ЭКСПО» айдары бар. Байқағанымыз ондағы бірді-екілі ақпарат халықаралық көрменің ресми сайтынан алынып бере салған. Бұндай көзбояушылықтан гөрі ЭКСПО-ның ресми сайтына сілтеме орналастырып, аудан сайтындағы «ЭКСПО» айдарына ауданда осы шараға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берсе әлдеқайда пайдалы болар еді.

Байзақ ауданы сайтының негізгі бетіне «Жаңалықтар», «Кері байланыс», «Байланысу», «Сайт картасы» түймелері орналасқан, басып әуре болмаңыз, ешқайсысы істемейді. Жуалы сайтындағы «Өңірлер арасында оң тәжірибе алмасу» түймесі бос тұр.

Аудандардың ресми сайтында кездесетін тағы бір келеңсіздік – жүйесіздік. Мәселен, Жамбыл ауданының сайтындағы «Аудан туралы жалпы мәлімет» айдарында «Президенттің үндеуі қоғам мен мемлекеттің алдындағы көптеген сауалдарға жауап берді — сарапшы» деген «Қазинформның» мақаласы орналастырылса, Жуалы сайтындағы «Хабарландыру» айдарында аудан әкімінің құттықтаулары мен марапаттаулары, Ауыл шаруашылығы министрі А. С. Мамытбековтың 2013 жылға арналған келісімі жүр. Осындағы «БАҚ жаңалықтар» айдары бос тұр, жаңалықтар «Соңғы жаңалықтар» тақырыбымен негізгі бетте орналастырылған. Ендеше арнайы айдар ашудың керегі не? Сарысу сайтындағы «Баспасөз орталығы» айдарында ауыл шаруашылығына қатысты хабарландырулар берілген. Сол хабарландырулар «Ауыл шаруашылығы» тарауында да жүр.

Әкімдіктердің ресми сайттарының салмағын түсіріп тұрған тағы бір жай — ескіріп кеткен мәлімет, ақпарат, деректердің өріп жүруі. Атап айтқанда Сарысу сайтында Елбасының 2015 жылғы Жолдауын талқылау туралы мақалалар, Жолдау бойынша өткен жиналыста Сарысу ауданының сол кездегі әкімі Б. Жайлыбаевтың сөйлеген сөзі әлі тұр. Ал Байзақ ауданы әкімдігінің ресми сайтынан ауданның бұрынғы әкімі М. Шүкеевтің 2016 жылғы жұмыс жоспарларын жүктеп алуыңызға болады. Осы сайттан 2015 жылға арналған мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерiн бекiту туралы әкімдік қаулысымен танысып, Елбасының кітапханасы мен қоры 2016 жылы журналистерге арнап «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсын жариялайтынын біле аласыз. Олардан меркіліктер де қалыспапты. Сайттағы «Хабарламалар» айдарында 2017 жылғы 6 ақпанда Ойтал ауылдық округінің қоғамдастық жиналысы өтетіні туралы ақпарат әлі ілулі тұр.

Аудан әкімдерінің, ол басшылық ететін әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі жергілікті жерлерде Елбасы саясатын насихаттау, түсіндіру, жүзеге асыру екендігі белгілі. Базбір әкімдіктердің сайттары бұл міндеттің де үдесінен шыға алмай отыр. Мәселен, Меркі ауданының сайтында Президент Жолдауы мүлдем жоқ. Негізгі беттегі 2015 жылғы Жолдауға сілтеме де, «Послание Президента РК» түймесі де жұмыс істемейді. Ал Сарысу сайтында Елбасы Жолдауын енгізгі беттегі сілтеме арқылы ғана табасыз. Айдарларда жоқ. «Жолдау іс-шаралары» айдарында Елбасының 2015 жылғы жолдауын талқылау туралы мақалалар орналастырылған. Жуалы ауданы әкімдігі сайтының әкімшілеріне «Жолдау» айдарында орналастырылған Елбасының биылғы Жолдауымен қатар 2015 жылғы Жолдауды тағы бір айдар етіп орналастырудың не қажеті болғанын біз түсіне алмадық.

Жасыратын жоқ, сайттарға сараптама жасар алдында тәуелсіздігімізге ширек ғасыр болды, Тіл туралы заңымыз бар, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуды Елбасының өзі тұрақты талап етіп келеді, ендеше осы мәселеде өзгелерге үлгі болуы тиіс әкімдіктер өздерінің ресми сайттарының қазақша нұсқасында тіл тазалығын барынша ескерген болар деген үмітіміз болған. Өкінішке қарай ол үмітіміз ақталмады. «Мойынқұм ауданы әкімінің алғыс сөзі» (дұрысы «алғы сөзі»), Меркі ауданы ақпараттық порталында «Аудан жаңалықтар» (дұрысы «Аудан жаңалықтары») сияқты қателер ә, дегеннен өріп шыға келді. Жамбыл ауданы сайтындағы «Мінездеме» айдарының дұрысында «Сипаттама» (мінездеме адамға беріледі), Шу ауданы әкімдігінің сайтындағы негізгі беттегі «Телефон қабылдау» нүктесінің дұрысында «Қабылдау бөлмесінің телефоны» екенін орысша нұсқасымен салыстырғаннан кейін ғана түсіндік.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші қазақ тілін қиқалаудың көкесі әлі алда екеніне Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың сайт пайдаланушыларына арнау сөзін оқығанда көз жеткіздік. Алақандай арнау сөзде жібі түзу бір сөйлем болмағандықтан мәтінді толық бергенді жөн көрдік. «Құрметті Жамбыл ауданы әкімі аппаратының сайтын пайдаланушылар! Жамбыл ауданы Жамбыл облысының батыс аумағында орналасқан алаңы 431,8 мың шаршы метр. Ауданының әкімшілік-аумақтық бөлігіне 17 ауылдық округтер, 42 елді мекендер, аудан орталығы — Аса ауылы. Аудан Қазақстан Республикасының өзіндік кіру карточкасы болып табылады. Өзге елмен шекаралас жатқан аудан мәртебесі басшылықты және тұрғындарды көпке міндет етеді. Бүгін ол күшті инфрақұрылыммен куатты кадрлық потенциалмен Жамбыл облысының экономикалық даму ауданы болып табылады. Аумағымыз туралы жедел объективті және нақты ақпарат алу үшін, біздің сайтымыз қамтамасыз ететініне сенімдімін. Жемісті қарым-қатынасқа үміттенемін! Жұмыстарыңызда береке, табыс тілеймін! Құрметпен Жамбыл ауданының әкімі Мұсаев Мәден Тоқтарбайұлы». Ал орыс тіліндегі мәтіні ешқандай қатесіз, қыздың жиған жүгіндей әдемі болып тұр. Қазақ тілін, мемлекеттік тілді қорлау ғой бұл! Ана тілімізді бұлайша тілім-тілім еткенше Мәден Тоқтарбайұлының осы арнау сөзді арнамай-ақ қойғаны жөн болар еді.

Міне, аудан әкімдіктерінің ресми сайттарының бүгінгі сиқы осындай болып тұр. Көзге қораш, қарабайыр, жүйесіз жасалған, деректері ескіріп кеткен, қателері өріп жүр. Сайтты жасауға тапсырыс беріп, қабылдап алған әкімдіктердің «елге пайдасы тисінші, керегін оңай тауып алсыншы, аймақтағы атқарылып жатқан тірліктерден жедел хабардар болып отырсыншы» деген ойды емес, жоғары жаққа сайт ашылды деп есеп беруді ғана мақсат еткені байқалады. Ендеше аудандық әкімдіктердің сайтына ел неге кірмейді деп таңқалуға болмас. Жұртты айтасыз, өз сайттарына аудан әкімдерінің өздері кіре ме екен, деген сұрақ мазалайды бізді. Оған негіз де жоқ емес. Бір ғана мысал. Талас ауданы әкімдігінің ресми сайтында әлі күнге дейін «Қаратау қаласының әкімі Махашев Қойшыбай Орынбекұлы» деп жазулы тұр. Аудан басшысы Болат Рысмендиев мырза өз сайтына анда-санда болса да кіріп, қарап тұратын болса істі болып қызметінен кеткелі бір жылға таяп қалған Махашевтың сайтта әлі күнге қала әкімі болып отырғанына кінәлі қызметкерлерінің апшысын қуырып, жаңа әкімнің аты-жөнін жаздырып, түзеттіріп қоймас па еді.

20.04.2017
240

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...