inDriver иілмей тұр

inDriver иілмей тұр

Ресейлік inDriver қосымшасы Қазақстанда 2014 жылдың желтоқсанынан жұмыс істей бастады. Елордамызда қосымша — жаңажылдық мерекелер қарсаңында, Алматыда 2015 жылдың наурызынан іске қосылды. Бүгінде сервис еліміздің барлық дерлік ірі қалаларында, соның ішінде Таразда да жұмыс істеуде. Өте арзанға түсетіндігімен жолаушылар арасында, қосымша табыс табуға мүмкіндік беретіндігімен және қала кезіп клиент іздеп жанармай шығындамайтындығымен жүргізушілер арасында ә, дегеннен кеңінен танылған бұл қосымшаның проблемалары да аз болмай шықты.

InDriver қосымшасын пайдаланатын жеке тасымалдаушылар көп жағдайда салық төлемейді. Тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігін айқындайтын міндетті сақтандыру келісімін рәсімдемейді. Яғни, жол апатына ұшыраған жағдайда жолаушы өз мүддесін тиісінше қорғай алмайды. Жүргізуші жолда біреулерді отырғызып алса, бағаны көтерсе, балағаттаса, салонда қалдырып кеткен заттарыңызды бермей қойса ешкімге шағымдана алмайсыз. Ең бастысы, рейске шығар алдында такси жүргізушісі — медициналық тексеруден, көлігі техникалық тексеруден өткізілмейді. Яғни, қосымша арқылы таксиге тапсырыс жасаған жолаушының қауіпсіздігіне ешкім кепілдік те бермейді, жауапкершілік те алмайды. Өкінішке қарай, ондай жағдай Тараз қаласында болды да. Былтыр 29 сәуір күні таңғы жетілер шамасында өндірдей жас екі қыз автобекетке бару үшін InDriver арқылы таксиге тапсырыс жасаған. Тапсырыс бойынша 18-ге енді толған өрімдей жас бала келген. Қасында өзі қатарлы «штурманы» болған. Қыздарды отырғызып алып, қала ішінде құйындатқан «Приора» көлігі автобуспен соқтығысқан. Бір-бір үйдің жалғыздары өрімдей екі бала сол жерде тіл тартпай кетті. Ал, екі жас қыз қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатып, әупірімдеп аман қалды.

Осындай кемшіліктері көп inDriverдің жосықсыз бәсекелестікке барып отырғанын, Қазақстанда тіркелмегендіктен салық төлемейтінін айтып, алдымен еліміздегі такси қызметтері дабыл қақты. Бір жылда ҚР Көлік комитетіне еліміздің ресми такси парктері мен Ұлттық кәсіпкерлік палатасынан осындай сегіз шағым түсіпті. Компания салықты ҚР және РФ үкіметтері арасындағы конвенцияға сәйкес өздері тіркелген Ресейде төлейтіндіктерін айтып құтылғанымен Комитет тарапынан жүргізілген тексеру inDriver сервисі өз қызметінде еліміздің «Автокөлік туралы» Заңының бірқатар талаптарын бұзып отырғанын анықтады. Сервис қожайындары қызметін Қазақстанның заң талаптарына сәйкестендіру туралы бірнеше мәрте ескертуді елемегендіктен 2016 жылы сәуір айында заңсыз такси тасымалдаушыларына қызмет көрсететін inDriver сервисін ел аумағында шектеу туралы шешім қабылданған. Бірақ, іле-шала өздерінің сайтында бөгде қосымшалар арқылы тосқауылды қалай айналып өтуге болатыны жөнінде нұсқаулық жариялаған, кейінірек бағдарламаға жаңғыртулар жасап шығарған компания тығырықтан оңай шығып кетті.

Беймәлім әлеуетті күштер араласты ма, әлде басқа себептері болды ма содан кейін ресми орындар тарапынан inDriverді ауыздықтауға бағытталған шаралар қабылданған жоқ. Бірақ, еліміздегі такси қызметін көрсететін ұйымдар күрестерін тоқтатқан емес. Өйткені, амалсыздан күресуге мәжбүр. Еліміздің заңдарын орындамайтын, ешқандай шығын шығармайтын inDriver бәсекелестікті бұзғандықтан көптеген таксопарктер банкроттыққа ұшырауда. Жақында Тараз қаласындағы «Тараз Такси» ЖШС такси қызметінің жүргізушілер ұжымы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың блогына ашық хат жазып, көмек сұрады. Онда былай делінген:

«Тараз Такси» ЖШС такси қызметінің жүргізушілер ұжымы Сізге такси қызметі саласында тәртіп пен адал бәсекелестік орнатуға ықпал етуді, Заңда қарастырылған барлық тетіктерді қолдана отырып, заңсыз тасымалмен айналысуға тиым салуды сұрап өтінішпен қайырылып отыр. Мәселенің мәнісі: Озық ақпараттық технологиялардың енгізілуіне байланысты ғаламторда «inDriver» (инДрайвер) бағдарламасы жұмыс істей бастады. Жалпыға қолжетімді болғандықтан кез келген азамат оны өзінің ұялы телефонына орнатып, жолаушы ретінде көлік қызметіне тапсырыс бере де алады, тасымалдаушы ретінде сондай тапсырыстарды орындай да алады. Клиент диспетчердің қатысынсыз, осы бағдарлама арқылы таксиге тапсырыс беріп, қалаған бағасын қояды, телефонында осы бағдарлама бар кез келген жүргізуші тапсырысты қабылдай алады. Бір қарағанда жақсы сияқты – адамдарға ыңғайлы, бағасы арзан… Бірақ, бұл тапсырыстарды орындаушы жүргізушілер ҚР Заңдарын бұзып отыр. Нақты айтқанда:

1. Бұл жүргізушілерде Заңда қарастырылған жолаушы сақтандыруы жоқ.
2. Автокөліктің жартыжылдық техникалық тексеруі жоқ.
3. Көп жағдайда көліктердің техникалық жағдайы талапқа сай емес.
4. Жүргізушілердің тәжірибесі мен өтілі жоқ, бақылаудың мүлде жоқтығынан олардың көлікке қандай күйде отыратыны белгісіз. Міне, осы жайлардың бәрі жолаушылар тасымалының басты шарты болып табылатын қауіпсіздікке кері әсер етеді.

Заңда қарастырылған талаптардың бәрін орындау тасымалдаушы тарапынан белгілі бір шығын шығаруды қажет етеді. Ал Заң талаптарын орындамайтын олар ешқандай шығын шығармайтындықтан тасымал бағасын еселеп төмендете алады. Соның салдарынан салада адал бәсекелестік мүмкін болмай отыр.

Қаламызда такси қызметін жүзеге асыратын және одан қыруар табыс табатын инДдрайвер Жамбыл облысы аумағында заңды тұлға ретінде тіркелмеген. Сондай-ақ облысымыз бен Тараз қаласы аумағында AUTO KZ такси қызметі (Шымкент қаласы) жолаушылар тасымалы қызметін жүзеге асыруда. Бұл ұйым да аумағымызда заңды тіркелмеген, яғни, облысымызға ешқандай пайда әкелмеуде, тек қаладағы такси қызметтеріне кедергі келтіруде.

Сізден тиісті қадағалаушы құрылымдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз:
1. Барлық өркениетті елдердегі сияқты бағдарламаны бұғаттау арқылы облысымыздың аумағында инДдрайвер такси қызметіне тиым салынсын.
2. Қызметтер үшін «сынақ сатып алу» жүргізу арқылы жосықсыз тасымалдаушыларға ауқымды тексерулер жүргізілсін. Ол көбейіп кеткен заңсыз тасымалмен айналысушыларды анықтап, жазаға тартуға көмектеседі, ал, айыппұл ретінде түскен қаражат аймақ игілігіне жұмсалады. Құрметпен және үмітпен «Тараз Такси» ЖШС такси қызметінің жүргізушілер ұжымы».

Міне, бұл мәселеде бүгінгі жағдай осындай болып отыр. Тығырықтан шығар жол бар ма? Біздіңше тиым салу арқылы мәселе шешілмейді. Қазіргі жоғары технологиялар заманында кез келген тиым салуды оңай айналып өтуге болатынын бір рет тиым салып байқадық. Дұрысы — inDriverдің Қазақстандағы қызметін Ресейдегі қызметіне сәйкестендіру. Мәселені саралау барысында байқағанымыз, Ресейде бұл мобильдік қосымшаның қызметі қатаң реттелген. Атап айтқанда қосымшаны пайдалану шарттары inDriver.ru сайтында жарияланған. Қосымша арқылы такси қызметін көрсету үшін кемі үш жыл жүргізушілік өтілің болуы шарт. Салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуің керек. Ел аумағында жеңіл таксимен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға рұқсат (лицензия) алуың, медициналық және жолаушыларды сақтандыруды рәсімдеуің қажет. Жалпы Ресейде барлық ережеге сай рәсімделген inDriver жүргізушісі ел қазынасына жылына салық және басқа да төлемдер ретінде 40 мың рубль (200 мың теңге) шамасында құяды екен. Мұнда 2015 жылдың 1 ақпанынан тексерілмеген жүргізушілердің жұмыс істеуіне толық тиым салынған. Ал, бізде мұның біреуі де жоқ. Неге? Ресейлік компанияның елімізде жұмыс істеуіне рұқсат берген тиісті орындар осы жайларды басынан ескергенде жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі, әділ бәсекелестік, салық түсімі мәселелері ә, дегеннен-ақ өз шешімін табар еді ғой.

Түптеп келгенде біз қалайық-қаламайық мобильдік қосымшалар – заман талабы. Ендеше өркениетке тұсау саламын деп әуре болудың қажеті бар ма? Керісінше, тұрмысымызды жеңілдететін мұндай қызметтердің жақсы жақтарын жетілдіріп, ел заңдарына сәйкестендіріп, бәсекелестікке бейімдегеніміз жөн шығар. Мәселен, өркендеуге түсіністік танытып, интернет-такси үшін арнайы заңдар қабылдаған АҚШ-та аса танымал UBER таксиге тапсырыс беру сервисі жемісті жұмыс істеп жатыр. Сол үлгі бойынша тиісті заңдар қабылдап, озық ақпараттық технологиялар жетістігін ел игілігіне айналдыру Парламентте отырған халық қалаулыларының еншісіндегі мәселе.


Анықтама:

Такси шақыру қызметін жүзеге асыратын inDriver мобильді қосымшасын 2012 жылы якут бағдарламашылары жасаған. Оған Саха елінің бір топ бастамашыл жастарының ВКонтакте әлеуметтік желісінде «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы» тобын ашып, көліктерімен бірін бірі қажет жерлеріне жеткізіп салып отыру туралы идеясы түрткі болған. Идеяның тез арада үлкен сұранысқа ие болуы смартфондарға арналған inDriver қосымшасын жасап шығаруға алып келді.

27.04.2017
179

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...