Базарлар соғысы бітпей тұр

Базарлар соғысы бітпей тұр

2010 жылы сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев Тараз қаласындағы ығы-жығы орналасқан Орталық базарды (Көк базар) шаһар сыртына көшіру, орнына археологиялық парк жасап, базар астында көміліп жатқан тарихи жәдігерлерімізді ел игілігіне айналдыру туралы шешім қабылдағанда қарсы шыққандардан қолдағандар басым болды. Сөйтіп, 2012 жылы күзде Көк базар жабылып, саудагерлер қаланың сыртынан жаңа салынған ірі сауда орталықтары «Атакент-Тараз» (құрылтайшысы Халық Абдуллаев), «Орталық базар» (құрылтайшысы Алтынбек Садырбаев), «Ауыл Береке» (құрылтайшысы Алтай Қарабеков) базарларына жайғасты. Көне шаһардағы базар хикаясы осымен аяқталғандай көрінген. Бірақ, бұл шатақтың басы ғана екен.

Нарық заңы бойынша үш базар арасында ә, дегеннен-ақ бәсекелестік басталып кеткен. Бұл бәсекеде ниет білдірген саудагерлердің бәрін қабылдап, кәсіпкерлерге тиімді жалға беру келісім-шартын ұсынған, барынша жағдай жасауға тырысқан «Ауыл Береке» басым түсті. Иесіз қалып, қоқыс тастайтын орынға айналған карьердің орнында салынған, бастапқыда болашағына ел күмәнмен қараған базар жан-жақты ойластырылған менеджмент пен маркетингтің арқасында саудасы қызып, қысқа уақытта көшбасшы орынға шықты. Сол сол-ақ екен аяқтан шалу, жосықсыз бәсекелестік басталды. Базарда сауда жасайтын кәсіпкерлерді қорқытып-үркіту, базардың жабылатыны туралы қауесет тарату, ІІД пультіне «Ауыл Берекеде» бомба қойылғаны туралы жалған қоңырау шалу, Қырғызстанмен шекарада базарға тауар әкеле жатқан көтерме сауда жасаушылардың құжаттарын алып қою үйреншікті жайға айналды. Үш жыл бұрын белгісіз біреулер жанармай құйылған бөтелкелер мен газ баллондары тиелген автокөлікті базар қақпасы алдында жармақ та болды. Ауылберекелік кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жосықсыз әрекеттердің бәрінің артында Асқаров көшесінің соңында орналасқан «Орталық базардағы» бәсекелестері тұр.

Бес жыл бойы дәрі толтырылған бөшкенің үстінде өмір сүріп жатқандай күй кешіп отырған кәсіпкерлер араша сұрап Елбасына дейін арыздануға мәжбүр болған. Бірақ, базарлар соғысының тоқтар түрі көрінбейді. Былтыр жазда осы отқа тағы бір «тамызық» тасталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «Ауыл Береке» базарының бірқатар жерін су алып кеткені туралы бейнетүсірілімнің жариялануына байланысты прокуратура тексеру жүргізіп, қалалық әкімдіктің базар орналасқан жерді жалға беру туралы қаулысының күшін тоқтата тұру жөнінде шешім шығарған. Бүгінде Тараз қаласының әкімдігі осы қадағалаушы органның ұсынысымен аталмыш базар орналасқан жердің бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтарып алу мақсатында соттасып жатыр.

«Қазір Тараз қаласы әкімдігі мен прокуратурасы ұйымдастырған, «Ауыл Береке» базарындағы бизнесті рейдерлік тартып алуға бағытталған үш сот процесі жүріп жатыр. Ел басшылығы мен Бас прокуратурадан осы іске араласып, бізді озбырлықтан қорғап қалуды сұраймыз», дейді «Ауыл Береке» базарының директоры Алтай Қарабеков.

«Көк базарды жапқанда бәрімізді «Кировқа» (жаңа «Орталық базар» — ред.) қойша қуып алып барды. Ондағылар «бізге қалыпты жағдай жасалсын» деген тілегіміз үшін боқтап, қуып жіберді. Ал, бұнда бәрімізге адам сияқты қарайды, бақылаушылары жақсы. «Ауыл Берекені» жапса қайда барамыз, қалай күн көреміз? Бәріміздің бала-шағамыз, кредитіміз бар» деп шыр-пыр болады базарда сауда жасайтын кәсіпкерлер. Қалай дегенде де ауылберекеліктер күн көріп отырған нәпақаларынан оңай айрылып қалмақ емес.

04.05.2017
77

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...