«Жанашырылық» емес, жемқорлық екен

«Жанашырылық» емес, жемқорлық екен

Біз Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы, №18/1 көпқабатты үйдің тұрғындарымыз. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, біздің машақатымыз үйіміздің 2011 жылы сол кезде Үкімет тарапынан жаңадан қолға алынған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына енгізілуінен басталды. Үйіміз бізге, тұрғындарға ескертпестен осы бағдарламаға кіргізіліп, тіпті жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сметасы да жасалып қойыпты. Оны «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Дәурен деген өкілі келіп, үйіміздің 26 миллион теңгеге жөнделетінін айтқанда бірақ білдік. Бұл ақылға қонбайтын ақша еді. Бірден бас тарттық. Біраз уақат өткеннен кейін 13 миллион теңгенің сметасын алып келді. Онда да келіспедік. Мәселе қымбатында да емес, біздің үйіміздің жағдайы жақсы болатын. «Шатырымыз бүтін, жертөлесі құрғақ. Жөндеудің қажеті жоқ» дедік. Тұрғындардың жетпіс пайызы келіскен жағдайда ғана жөндеу жүргізіледі екен дегенді естігенбіз ғой, енді болған шығар деп ойлағанбыз. Бір күні құрылысшылар келіп, әй-шәй жоқ жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі Дәуренге «бұларың не?» десек, «сендердің келісімдеріңнің қажеті жоқ, әкімдіктің рұқсатын алдық» деп қысқа қайырды. Шын мәнінде өздері бізге айтпай сыртымыздан үйімізді кондоминиумге кіргізу туралы жиналыстың жалған хаттамасы мен үйімізді күрделі жөндеуге тұрғындардың жалған келісімін рәсімдеп қойыпты. Біз оны білген жоқпыз. Әншейінде мұқтажыңды айтып мың барсаң да селт етпейтін шенеуніктердің қалада әбден тозып кеткен көп қабатты үйлер жетіп жатқанда бізге неге жандары ашып қалғанына түсіне алмай дал болдық. Жабысқақ «жанашырлықтың» астарында құлқынның қамы жатқанын кейін түсіндік қой.

Көп ұзамай-ақ жертөледегі ыстық судың құбыры жарылып, өзіміз ақша жинап жөндеттік. Одан кейін шатырымыздан су ағып кетті. Оның үстіне көршілес орналасқан, жағдайлары біздің үймен шамалас көп қабатты екі үйге жөндеу жұмыстары бар болғаны 7 миллион теңгеге жүргізілгені естіп қатты қапа болдық. Амал жоқ «Нұр Отанға», прокуратураға арыздануымызға тура келді. Қоймайтынымызды түсінді ме, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2014 жылы қараша айында жөндеу жүргізген мердігер «TORTAY engineering Co» ЖШС-ын сотқа беруге мәжбүр болды. Біз ол кезде жалған хаттама мен келісім туралы білмейтінбіз. Мердігер серіктестіктің басшысы Кенбай Тоғызбаев шатырдың жамылғысынан ақша жеген алаяқ ретінде шартты түрде сотталып, оңай құтылды. Іс сонымен бітті.

Шыдам кесесінің шарасынан шығуына себепкер соңғы тамшы бір топ тұрғынның 2016 жылы қазан айында сотқа шақырылуы болды. Бізді сотқа берген «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС екен. Кінәміз – үйімізге біздің келісімімсіз, яғни, заңсыз жүргізілген жөндеу жұмыстары үшін әр пәтер иесіне есептеліп ай сайын келіп жатқан түбіртектер бойынша төлемақыны төлемегеніміз. Сотта күрделі жөндеуге рұқсат беру туралы келісім хаттамасы мен кондоминиумге кіргеніміз туралы анықтаманы көріп, төбемізден жай түскендей болдық. Себебі ондай жиналыс өткен емес, келісімімізді берген емеспіз. Хаттамамен таныссақ, көп тұрғындардың қолдары жалған болып шықты. Хаттамада үйбасы (старшая по дому) деп көрсетілген, әлдеқашан Алматыға көшіп кеткен Майра Махамбаева адвокаты арқылы нотариалды расталған түсініктеме жолдап, өзінің ол кезде үйбасы болмағанын, жиналыс хаттамасына қол қоймағанын айтып, бас тартты. Хаттамада жиналыс хатшысы деп көрсетілген Заурбекова Сара да бас тартты. Ең сорақысы 2014 жылғы «TORTAY engineering Co» ЖШС-ына қатысты сотта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы куәгер ретінде қатыстырған біздің үйдің тұрғыны Нұрлан Бекарыстанов «ол кезде мен үйбасы болатынмын, әкімшіліктен адамдар келіп, біздің үйде жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты» десе (соттың үкімінде тұр), осы корпорацияның еншілес құрылымы «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС-і бұл жолғы сотқа «үйбасы Майра Махамбаева» деп көрсетілген хаттама әкеліп, өз құжаттарын өздері жоққа шығарып масқара болды. Кондоминиумге кіргеніміз туралы анықтама да жалған болып шықты. БТИ-ден сұрау салып, онда біздің үйдің кондоминиумға кіргені туралы ешқандай құжат жоқ екендігін, ал «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС-і сотқа тапсырған «Ақпараттық анықтамалықтың» үйді кондоминиум нысаны ретінде тіркеуге негіз бола алмайтынын білдік. Осындай сорақылықтар бола тұра сот істі «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» серіктестігінің пайдасына шешіп берді.

Біз «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» серіктестігін жалған құжаттар жасады деп қарсы сотқа бердік. Бұл жолы олар сотқа 2011 жылмен рәсімделген біздің көп қабатты үйді кондоминиум нысаны ретінде Әділет бөлімінде тіркеуге келісім құжатын және Тараз қаласы әкімдігінің «Кондоминиум меншік пәтер иелеріне жерге ортақ үлестік пайдалану құқығын беру және кондоминиум обьектілеріне жер учаскелерін бекіту туралы» 2010 жылғы №1082 қаулысын алып келіпті. Келісімнің жалған екені ешқандай сараптамасыз-ақ көзге ұрып тұр. Тұрғындардың аты-жөндері бір қолмен жазылып, бәрі үшін бір адам қол қойған. Қайтыс болып кеткен адамдар да жүр. Әкімдіктің қаулысындағы сол кездегі қалабасы Бекболат Орынбековтың қолына да күдігіміз бар.

Әділдік іздеп жүргенімізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы–жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінен иәтер иелері кооперативіне кіру туралы тұрғындардың жалпы жиналысының тағы бір жалған хаттамасы табылды. Өздерінің заңсыз әрекеттерін жасырып-жабу үшін кейінгі датамен рәсімдеп, тастап қойса керек. Алдында сұрау салғанымызда «үйлеріңіздің кондоминиумға кіргені туралы бізде ешқандай құжат жоқ» деп едіңіздер ғой десек, «хаттаманы көрмей қалыппыз» дейді.

Соттың ауанын байқап, амалымыз қалмағаннан кейін болған жайды, жасалып отырған қиянатты айтып Елбасына шағым хат жазуға мәжбүр болдық. Шағымымыз сатылап-сатылап қалалық әкімдікке түсіпті. Әкімдіктің өкілдері келіп үйдің жағдайын көрді. «Біз үйіміздің жағдайы туралы емес, жалған құжаттар жасап, заңсыз жөндеу жүргізіп, енді соған қыруар ақша төлеуге мәжбүрлеп жатқандары үшін шағымданып жатырмыз» дегенімізге қарамастан шағымымызды сырғытпа жауаппен жапты.

Сот жалған құжаттарды қарамай, бұларды құқық қорғау органдарына беріп, қылмыстық іс қозғату керектігін айтқаннан кейін былтыр Тараз қалалық прокуратурасына арыз жаздық, адвокатпен келісе отырып, сот процесін тоқтаттық. Прокуратура қарап, шешім қабылдау үшін арызымызды 28.11.2016 жылы қалалық ішкі істер департаментіне жолдапты. Онда «Қорытындысы мен қабылданған шаралар туралы арыз иесіне заңда белгіленген мерзімде хабарлау керек» деп тайға таңба басқандай көрсетілгенмен әлі күнге дейін не қылмыстық іс қозғалған жоқ, не бізге жауап берілген жоқ.

Жалпы, бұл мәселеде түсініксіз, тұманды тұстар көп болып тұр. Неліктен қалада әбден тозып кеткен көп қабатты үйлер жетіп жатқанда жағдайы жақсы біздің үйді бағдарламаға күштеп кіргізіп отыр? Неліктен бастапқыда ақылға қонбайтын 26 миллион теңгеге смета жасаған? Неліктен біздің үйді 13 миллион теңгеге, көрші тұрған, жағдайы біздің үймен шамалас көп қабатты үйлерді 7 миллион теңгеге жөндеген? Неліктен жауапты құрылымдар өтпеген жиналысты өтті деп, қоймаған қолдарды қойды деп жалған құжаттар жасап жанталасып жүр? Неліктен заңды белден басуға, көзге ұрып тұрған заңсыздықтарға қарамастан мәселе созбаққа салынып, заңды шешімін таппай келеді?

Сұрақ көп, жауап жоқ. Өз басымыз ойлана келіп бар мәселе мемлекет тарапынан бағдарламаға бөлінген миллиондардың базбір шенеуніктердің көз құртына айналуында-ау шамасы деген шешімге тоқтадық. Тозығы жеткен үйлерді бағдарламаға кіргізетін болса, бөлінген ақшаның бәрі жөндеуге кететіні түсінікті. Ал, жағдайы жақсы үйлерді кіргізсе, бетін ғана әрлеп, қажетті құжаттарды толтырып, миллиондарды бөлісіп алуға болады ғой. Біздің үй соның кебін киіп отырған сияқты. Ал, оның азабын тартатын, яғни, миллиондарды қайтаратын біз, қарапайым тұрғындар болмақпыз.

Егер олай болмаса, біз қателесіп отырсақ, тиісті орындар тыңғылықты тексеріп, анық-қанығын анықтап берсін. Мемлекет қаржысы талан-таражға түскен болса, кінәлілер жазасын тартсын, бізді заңсыз төлемнен құтқарып, конституциялық құқымыз қорғалсын. Біздің бар талабымыз осы.

Марат СӘРСЕКОВ, Рахат НОҒАЕВА, Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы, №18/1 көпқабатты үйдің тұрғындары атынан

08.06.2017
131

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...