Тараздағы мешіт құрылысының құйтырқылары

Тараздағы мешіт құрылысының құйтырқылары

Көне Тараздағы көрнекті ғимараттардың бірі — орталық «Хибатулла Тарази» мешіті туралы сөз бола қалса тараздықтардың, жалпы Жамбыл жұртшылығының кеудесін осынау асқақ та әсем ғимаратқа деген мақтаныш сезімі кернеп қана қоймай, талай жылға созылған, басшылардың да елдің де жүйкесін тоздырған құрылысы ойға оралатыны анық. Олай болатын жөні де бар, Құдай үйінің құрылысына тараздықтар ғана емес, жалпы облыс жұртшылығы талай рет ерікті, кейде ерікті-мәжбүрлі түрде ақша жинаған. Бірақ, ол осынау діни кешен құрылысына қатысты шырғалаңның жалпы жұрт білетін бет жағы ғана. Бұл «сақалды құрылыстың» кезінде жекелеген лауазым иелерінің жүйкесін қаншалықты тоздырғаны және қанша қаржыға түскені бұған дейін терең құпия болып келді. «Тараз Times» тілшілері бірен-саран қала тұрғындары мен шенеуніктерге ғана белгілі осы құпияның шымылдығын түруге тырысқан еді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстан аумағындағы тұңғыш мешіт Тараз шаһарында 893 жылы бұрынғы ғибадатхана орнында салыныпты. Ақылға қонбайды-ақ, бірақ, осындай тарихы бар, қазағы да, мұсылман қауымы да тұрғындарының басым бөлігін құрайтын әрі ірі облыс орталығы саналатын қалада бертінге дейін заманына сай еңселі мешіт үйі болған жоқ. Қала орталығында христиандардың шіркеуі крестері жарқырап, асқақтап тұрғанда, мұсылмандар намазға жығылу, басқа да діни рәсімдерін өткізу үшін шаһардың әр шалғайында орналасқан шағын мешіттерге асығып бара жататын.

Дін апиын деп саналған Кеңес заманында жаңа мешіттер салмақ тұрмақ, барларының өзі қиратылып кеткені белгілі. Ал, еліміз егемендігін алғаннан кейінгі өтпелі кезең жылдары қомақты қаражат болмады. Сондықтан, ел жаппай дінге бет бұрып жатқанына қарамастан тараздық намазқан қауым бертінге дейін ығы-жығы орталық базардың ішінде орналасқан шағын «Әулиеата» мешітін қанағат етті.

Бұл мәселедегі сілкініс облысқа Амалбек Тшанов әкім болып келгенде басталды. Көптеген идеялар мен жобаларды бірінен соң бірін қолға алған тынымсыз Тшанов облыс орталығына лайықты үлкен мешіттің құрылысы үшін қаржы жинау мәселесін бірінші болып көтерді. Әкім айтқан соң жан қала ма, жұмыс қызып сала берді. Шұғыл түрде есеп-шоттар ашылып, барлық мешіттерде қасиетті іске ерікті түрде ақша қосқысы келетіндер үшін арнайы қораптар қойылды. Тіпті, 1997 жылы қыста Қарахан баба кесенесі басында екі мың жылдық тарихы бар қалаға көне Тараз атын қайтару туралы Жарлығына қол қойған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол жерде салынады деп жоспарланған болашақ мешіт үйінің алғашқы іргетасын өз қолымен қалады да.

Бірақ, бастама біртіндеп басылып қалды. Өйткені, қанша ақша түскені, оларды билік пен дінбасылардың қайда жұмсап жатқаны туралы жарытып ешкім білмеді. Мәселен, жиналған қаражаттың елеулі бөлігі сол тұста ел біріншілігінің жеңімпазы атанған «Тараз» командасының футболшыларын марапаттауға жұмсалып кеткені қазір жасырын емес.

Облыстың жаңа басшысы Сарыбай Қалмұрзаев та жұртшылықтың жаңа мешіт салу туралы тілегін елеусіз қалдыра алмады. Бірақ, өзінен бұрынғы әкімнің бастаған ісін кең көлемде жалғастырып, бірден жүзеге асыруға бел буған. Сол жылдары екі араб шейхінің Таразға сапарлап келіп қайтқанын ел ұмыта қойған жоқ болар деп ойлаймыз. Сол тұста Парламент Сенатын басқарған жерлесіміз Өмірбек Байгелдиевтің бастамасымен Әулиеата өңіріне ат басын бұрған қалталы шейхтар мешіт құрылысына валютамен аса ірі көлемде қолдау көрсетуге уәде бергендері белгілі. Әңгіме 10 миллион АҚШ доллары туралы болған. Бірақ, осынау қомақты қаржының «тағдыры» туралы нақты дерек жоқ. Бұл қаражаттың Таразға жеткен жетпегені де беймәлім. Мүмкін шенеуніктердің шекпендерінің кең қалтасында қалып кеткен шығар?

Көп ұзамай Жамбыл облысының әкімі болып Серік Үмбетов тағайындалады. Құдайға сенетін, арақ-шарапты татып алмайтын Үмбетов те жаңа мешіт мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Дегенмен, «Әулиеата» мешітінің бас имамы, оның үстіне Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының облыстағы өкілі болып табылатын Ербол Қосбағардың қол астындағы көп молда жинап жатқан қолма қол ақшаға бақылау орнатудың қиын болатынын түсінген Серік Әбікенұлы өзінен бұрынғыларға қарағанда анағұрлым кең әрі заманауи әрекет етуді ұйғарды. Бұл дұрыс та еді. Себебі, мешіт құрылысы мәселесіне жақын адамдар ел ерікті түрде жинаған миллиондаған теңгенің мешіттерден жайлап облыстың бас имамына өткенін, одан ары қандай мақсатқа жұмсалғаны жабулы қазан күйінде қалғанын бүгінде ашық айтуда.

Киелі құрылыс мәселесін өркениетті арнаға түсіру мақсатында «Әулиеата» корпоративті қорын құру туралы шешім қабылдаған Серік Үмбетов жергілікті бизнесмендермен алғашқы кездесуде-ақ қор қаржысының мешіт құрылысына жұмсалатынын атап көрсетеді. «БМ» ЖШС-ы (бас директоры Сұлтан Махмадов), М.Х.Дулати атындағы ТарМУ (ректоры Әбдіманап Бектұрғанов), «Әулиеата» университеті (ректоры Жомарт Қошқаров) «Әулиеата» қорының құрылтайшылары болады. Сонымен қатар қамқоршылық кеңестің құрамына «Қазфосфат» ЖШС-ы, «ЖЭС» ЖАҚ-ы, «Жамбылжолқұрылыс», «Қант» ААҚ-лары, «Айдаров» ЖК-ы, облыстың бас имамы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы кіреді. Қамқоршылық кеңестің төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Мырзақасым Байбеков сайланады.

Басы осылайша жақсы-ақ басталған іс, біртіндеп қожырай бастайды. Оған мынандай жайлар себеп болған сияқты. Ә, дегенде Жарғыға бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізіліп, қор жұмысындағы негізгі басымдық облыс халқын әлеуметтік-экономикалық қолдауға, қайырымдылық мақсаттарға, шағын және орта бизнеске, облыс пен Тараз қаласын дамытуға бағытталады. Яғни, мешіт құрылысы қордың көп қызметінің бірі ғана болып қалады.

Оның үстіне қордың директорлығына көне Таразға қалай және қайдан келгені белгісіз, бүгінде жаманатымен жақсы таныс (былтыр миллиардтаған қаржылық заң бұзушылықтары және фармацевтика саласын іс жүзінде күйреткені үшін Мемлекет басшысының өзінің қатаң нұсқауымен «СК-Фармация» басшылығанан қуылған) Нұржан Әлібаев сайланады.

Оны аз десеңіз қамқоршылық кеңесінің мүшелері бірінші кезекте қор басшылығына миллиондаған соманы өз қалауларынша жұмсауға, содан кейін ғана есеп пен түсінік беруге рұқсат ету туралы шешім қабылдайды.

Міне, осыдан кейін әкім С. Үмбетовтан басқа ешкімге есепті емес қор басшылығының мешіт құрылысына елден жиналған және демеушілерден түскен қаржыны білгендерінше жұмсағанына таңдануға бола ма? Атап айтқанда, қомақты сома Тараз қаласының 2000 жылдығын тойлауға, Рысқұлов ауданындағы зілзаладан зардап шеккендерге көмекке, кітап шығаруға, ардагерлер кеңесін қаржылай қолдауға берілген. Қарап отырсаңыз бәрі де қажетті, иманды істер, дегенмен, бұл ақша аударылымдары турасында күдік көп, нақтылық турасында айтпай-ақ та қоюға болады. Әрі қорда қатаң бухгалтерлік есеп жүргізілмеген, қыруар қаражат шетке, кей жағдайда әкімдіктен соғылған қоңырау бойынша кеткен.

Көп ұзамай Нұржан Әлібаев Тараз қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, қор басшылығына Айдар Әбдуәлиев келеді.

Міне, мынау қамқоршылық кеңесінің бұрын жұмсалған сомалар бекітіліп, түрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткізуге және тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алуға қосымша қаражат бөлінетін көп отырысының хаттамаларының бірі (3.08.2004 жыл). Қордың қаражаты шамамен былай жұмсалған:

— кәдесыйлық топтама кешені – 5 млн. 300 мың теңге;
— футболкалар (бейсболкалар) — 3 млн. 110 мың теңге;
— жемпірлер -2 млн. 909 мың теңге;
— Олимпиада чемпионы Б. Артаевты қарсы алуға қатысушылар үшін футболка мен таяқшалы тулар — 670 мың теңге;
— плакаттар — 2 млн. 750 мың теңге;
— тағы да жемпірлер — 2 млн. 089 мың теңге;
— кермелерді жасау және орнату — 920 мың теңге;
— мерекелік шаралар өткізу және тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу — 4 млн. 500 мың теңге;
— Олимпиада чемпионы Б. Артаевты қарсы алуға қатысатын құрметті қонақтарға тапсырылатын кәдесыйлық топтама кешендері — 600 мың теңге...

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.Осылайша қамқоршылық кеңестің бір ғана отырысында бұрын жұмсалған 27 млн. теңге көлеміндегі сома бекітілген. Бүгінгі күннің тұрғысынан алғанның өзінде бұл аз сома емес, ал, ол кезде тіпті қыруар қаржы болатын.

Бірнеше айдан кейін, 2005 жылдың сәуірінде облысқа жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Осыдан кейін «Әулиеата» қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында Мырзақасым Байбеков мәртебелі қонақты күтіп алуға тыңғылықты дайындалу қажет болғанын, оған миллиондаған теңге кеткенін мәлімдейді. Сөйтіп, түрлі шаралар өткізуге және тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алуға жұмсалған деген желеумен тағы да қомақты сома есептен шығарылады:

— кәдесыйлар — 1 млн. 761 мың теңге;
— сусындар – 276 мың теңге;
— тапсырыстыжолсапар – 690 мың теңге;
— спорт тауарлары — 1 млн. 788 мың теңге;
— автокөлік жалдау – 250 мың теңге;
— тағы да сусындар — 1 млн. 404.814 теңге;
— «Бәйдібек» кәдесыйы – 922 мың теңге;
— қайырымдылық шарасын өткізу және қонақтарға қызмет көрсету – 599 мың теңге.

Бұл хаттамадағы ондаған тармақтың бір бөлігі ғана. Жалпы, бұл жолы барлық шығын 11 млн. теңгені құраған. Осыған қарап отырып, мән-жайын біле бермейтін адамдарда ел Президентін қарсы алумен және қабылдаумен тиісті құрылымдар емес, таза «Әулиеата» корпоративті қоры айналысқан екен-ау деген әсер қалыптасуы да мүмкін.

Ақиқаттан алшақтамас үшін ол кезде облыс басшысы Бөрібай Жексембин болғанын айтқан жөн.

Елбасының өзі тездетіп бітіріңіздер деген тілекпен алғашқы тасын өз қолымен қалаған мешіт құрылысының созылып кетуі күндердің күнінде қор мен әкімдік басшыларын да ойландыра бастады. Діни ғимарат құрылысын бюджеттен қаржыландыруға заң рұқсат етпейтіні белгілі. Ендеше қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдарын ойластыру қажет еді.
2005 жылы мамыр айында Тараз қаласының әкімі болып «Әулиеата» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып табылатын «Жамбылжолқұрылыс» АҚ-ның бұрынғы президенті Ілияс Тортаев тағайындалады. Жаңа әкім бұған дейін басқарған құрылыс кәсіпорны мешіт құрылысының бас мердігері болғанын ескерсек, құрылыс штабының облыстық әкімдіктен жәйлап қалалық әкімдікке ауысқанына түсіністікпен қарауға болады. Оның үстіне «Жамбылжолқұрылыс» АҚ-ның мұндай құрылысты жүргізуде тәжірибесі де бар еді. Әкім С. Қалмұрзаевтың тұсында оның еншілес кәсіпорны «Марлен және К» Шу ауданының Төле би ауылындағы бітпей тұрған мешіт құрылысын салып бітірген болатын. Сол кездегі аудан басшылары облыс әкіміне «мешіттің төбесін жабу ғана қалды» деп баяндағанымен шын мәнінде іргетесі ғана тұрған Алла үйінің құрылысын бітіруге Ільяс Тортаев басқаратын «Жамбылжолқұрылыс» АҚ-ы 250 мың АҚШ доллары көлеміндегі өз қаражатын жұмсағанын біреу білсе біреу білмейді.

Көп ұзамай Мырзақасым Байбековтың орнына қамқоршылық кеңестің төрағалығына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ертарғын Астаев келеді, ал, қордың директорлығына ТарМУ ректоры А. Бектұрғановтың ұсынуымен университет профессоры Шаизхан Сұранқұлов сайланады. Қалалық әкімдік облыс басшылығынан мешіт құрылысы барысында әріптестік пен қолдаудың жалғаса беретіні туралы уәдесін алуды да ұмытпайды.

Түбегейлі өзгерген қамқоршылық кеңестің алғашқы отырыстарының бірінде қордың қаржылық жағдайы өте мүшкіл екендігі белгілі болады. Жаңа директор Ш. Сұранқұлов 2003-2005 жылдары қор есебіне қайырымдылық көмек ретінде 131 млн. теңге түскенін, оның шамамен 122 млн. теңгесі құрылысқа және әкімшілік шығындарға жұмсалған баяндайды. Бұл соманың ішінде біз бұған дейін тоқталған, мақсатсыз жұмсалған деп деп сеніммен айтуға болатын 27 және 11 млн. теңге де бар болуы керек. Сонымен қатар, 9 млн. 182 мың теңге банкрот болған «Қазақстан Наурыз банкінің» депозитінде қалып кеткен (кейіннен бұл соманы қайтарудың сәті түспеген).Тоқ етерін айтқанда қордың есепшотында бар болғаны 1006 теңге жатқан еді. Осылайша, қордың жаңа құрамына жұмысты іс жүзінде «таза парақтан» бастауға тура келеді.

Қаржының жоқтығынан тоқтап қалған құрылыстың да сиқы өте аянышты болатын. Яғни, төрт әкімнің тұсында елден жылу жиналып, құрылысы «жүргізілген» жаңа мешіттің орнында қоршалған құрылыс алаңы мен кей тұстары опырылып құлай бастаған қазылған апан ғана жатты. Кейіннен оны қадалар мен іргетасқа лайықтап қайта жобалауға тура келді. Себебі, бастапқыда бұл аумақта жер асты бұлақ көздерінің көп екендігі ескерілмеген. Ал, мұнаралардан, күмбездерден, қалың қабырғалардан іргетасқа түсетін салмақтың аз болмайтынын ескерсек, келешекте бұл жайдың апатқа әкеліп соғуы әбден мүмкін еді.

Оның үстіне құрылыс материалдары күрт қымбаттап кетті. Егер 2003 жылы жобаның сметалық құны 533 млн. теңгені құраса, 2006 жылға қарай ол 631 млн. теңгеге жетті. Шұғыл түрде қайырымдылық қаражатын жинау жұмыстарын қайта жандандырудан басқа жол қалмады. Өйткені, бюджет қаржысын пайдалану заң бұзу деген сөз. Ал, бастарын бәйгеге тігуге ешкімнің дәті бармады. Сөйтіп, 2006 жылдың соңына дейін 148 млн. 765 мың теңге жиналды.

Тығырықтан шығудың басқа жолдары да ойластырылып жатты. Бірінші кезекте нысанның өзіндік құнын төмендету керек деген шешім қабылданды. Құрылыстың негізгі құрылымын өзгертпей, әрлеу элементтері қайта қаралды. Бұхараның қызыл кірпіші дәстүрлі ақ сылақпен алмастырылды. Одан әрі қымбат қасбеттік граниттің орнына сапалы сәндік сылақ қарастырылды. Егер бастапқы жобада кешеннің шамамен 12,5 мың шаршы метрді құрайтын жалпы аумағын сәндік плиткамен қаптау жоспарланған болса, енді оны орталық кіреберіс пен үш қабаттағы баспалдақтарға ғана төсеу, қалған жерлерін асфальттау ұйғарылды.

Сонымен қатар, мешіт ауласын абаттандыр мен көгалдандыру мәселелері бас мердігер «Жамбылжолқұрылыс» АҚ-на жүктелді. Айта кету керек, акционерлік қоғам бұл жұмыстарды бұған дейін, құрылыс жаңа басталған кезде-ақ өз мойындарына алған болатын. Қала тұрғындарының, қала ұйымдары мен кәсіпорындарының көмегі де есепке алынды. Осы шаралардың бәрі жобаны 55 млн. теңгеге арзандатуға мүмкіндік берді. Бірақ, әлі де 450 млн. теңге шамасында қаражат қажет еді.


Сондықтан, «Қазақстан-Тараз» телеарнасында телемарафон өткізу туралы шешім қабылданады. Марафон барысында Халық банкі арқылы қорға 15 млн. теңге, қолма қол 2 млн. теңгедей түседі. Қалған 80 млн. теңге есепшотқа кепілхаттармен және міндеттемелермен кейінірек келіп түсті.

Дегенмен, билік құрылысты жалғастырудағы басты тетік қорға қайырымдылық ақша аударымдары деп есептеді. Әрине, ерікті түрде, бірақ, жасыратыны не, кейде ол ерікті-мәжбүрлеумен астасып та жатты. Енді ақша облыс ауқымында, ел болып жинала бастады.
Осылайша, Жамбыл ГРЭС-і 6 млн. теңге, денсаулық басқармасы 3 млн. теңге, ТарМУ мен «Қазақтелеком» АҚ филиалы, «Таразэнергоорталық» АҚ, «РТС «Ойл» ЖШС, облыстық ауылшаруашылық инспекциясы, «Жамбылжылу» МҚК — 1 млн. теңгеден, кәсіпкер А. Еркебаев, теміржолтасымалы бөлімшесі т.б., 2 млн. теңгеден аударды… Локомотив депосының, «Тараз Raus», «Амангелді Газ» ЖШС-ларының, қазынашылық департаментінің, облыстық ардагерлер кеңесінің, облыстық балалар жұқпалы аурулары ауруханасының қызметкерлері, мектеп, балабақшалардың ұжымдары т.б., жүз мыңдаған теңге жинады.

Облысымыздың, Тараз қаласының танымал адамдары мен ардагерлер де шамаларынша үлестерін қосып жатты. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Әбдезім Қасымбеков отбасы атынан – 10 мың теңге, Орманов Ибрагим 14 мың теңге берді. Сол тұста елді елең еткізген мына жайды да айта кеткен жөн. Тараздық Қожамжаровтар әулетінің 2006 жылы 14 тамызда қайтыс болған үлкені Пернеш Сәдуақасұлы көзі тірісінде өзінің жеке жиған-тергенін мешіт қорына аударуды тапсырып кеткен екен. Көп ұзамай балалары бақилық болған әкелерінің еркін орындап, мешіт қорына 1 млн. 200 мың теңге тапсырды.

Бұл орайда бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда түсіп жатқан қаржыға бақылаудың аса қатаң болғанын атап айту керек. Қор директоры әр апта сайын облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалғанына көп бола қоймаған Құмар Ақсақаловқа, обләкімдік ішкі саясат басқармасының басшысы Масат Берікке әр теңге үшін есеп беріп отырды. Тіпті, мәселе үнем үшін қорда жұмыс істейтін алты қызметкердің екеуін қысқартуға дейін жетті.

Сонымен қатар, түсіп жатқан қаржы туралы мәліметтер апта сайын облыстық, қалалық газеттерде жарияланып тұрды. Осылайша, 2006 жылдың 20 мамырына қордың есепшотында 47 млн. теңге болған. Сол жылдың 21 тамызында шотқа 93 млн. 889 мың 459 теңге, 25 қыркүйекке 111 млн. 758 мың 590 теңге, оның ішінде 25 млн. теңгеден астамы аудандардан түскен.

Ол жылдар қоғам үшін экономикалық тұрғыда ауыр кезең еді, жұмыссыздық өршіп тұрған. Сондықтан, әкімдіктің кей тұстарда барынша қатаң әрекет етуіне тура келді. Бірақ, ерікті түрде көмек қолын созу қайырымдылық шарасы бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерден ақшаны ашық түрде күштеп жинауға ұласып кету қаупі туды. Жасыратыны жоқ, наразылар да болды. Ондайлар, әсіресе, онсыз да аз жалақыларынан игі іске деп ақша ұсталғаны туралы айлық алғанда бірақ біліп жататын ұстаздар қауымы арасында көп болды.

Осындай жағдайда жұрттың қолма-қол жиналған және есепшотқа аударылған қаржыға қатаң бақылау орнатылуын талап етуі түсінікті еді. Абырой болғанда, қордың жаңа басшылығы қаржыны жаратуда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге дайын болып шықты. Бірінші кезекте құрылыстан басқа қажеттерге ақша аудару үзілді-кесілді тоқтатылды. «Наурыз банктің» депозиті сияқты негізсіз тәуекелдерге жол берілмеді. Халық банкінде ақша мердігердің тапсырысымен, онда да нақты мақсатқа сай, алдын ала есептелген сметалық құнын ескере отырып аударылды. Қорға қолма қол ақшаны қабылдағанда бухгалтер мен ардагерлер арасынан бекітілген қоғамдық өкіл салымшының көзінше журналға тіркеп, түбіртек беріп отырды.

Осындай тынымсыз да жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қор екі жыл ішінде барлығы 287 млн. теңге жинап, 2007 жылы мешіт құрылысы аяқталды — орталық ғимараты, астыңғы қабаты, дәретханалары толық салынды. Сол жылы күзде Алланың үйі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен пайдалануға берілді. Бас мердігер «Жамбылжолқұрылыс» АҚ-ы мен оның еншілес кәсіпорындары, қосалқы мердігерлер 140млн. теңге зиянмен шықты.

Құрылысшыларда қор алдағы уақытта жетпейтін қаржыны жинайды деген үміт болған. Бірақ, мешіт ресми пайдалануға берілгеннен кейін ақшаның түсуі тоқтады. Қаражатты Діни басқармадан алуға талпыныстар жасалғанымен, бас мүфтий Әбсаттар Дербісәлі бұл түйткілді тақырыпты айналып өте берді.

Еңселі ғимаратты қор есебінен ұстап тұру да өте шығынды еді. Мысалы, қыста жылытудың өзі ғана 25 млн. теңгедей қаражатты қажет ететін. Ақырында мешіт ҚМДБ теңгеріміне берілді.

Мешіт құрылысындағы «соңғы нүктені» әкім Қанат Бозымбаев қойды. Оның тұсында астаналық «Құлагер» құрылыс компаниясы медресе үйін салды, мешіт сылағын жасанды қаптама таспен алмастырды, ауласын қосымша абаттандырды.

Шынын айтқанда «Құлагер» фирмасы басшылығының шығын 800 млн. теңгені құрағаны туралы уәждері мамандардың мысқылын ғана тудырды. Олардың есебі бойынша құрылыс компаниясы дайын нысанды әрлеп қана қойған, шын мәнінде нақты шығыны 200-220 млн. теңгені ғана құраған.

Ал, «ғасыр құрылысын» салу кезіндегі негізгі шығындар мен бар ауыртпалықты жергілікті тұрғындар мен кәсіпорындар көтерді.

15.06.2017
285

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...