Таразда иттердің өлексесі зираттың тура жанында көміліп жатыр

Таразда иттердің өлексесі зираттың тура жанында көміліп жатыр

Бірақ, бұл жантүршіктірерлік жай билікті ойландырмауда.

Тараз билігінде бір «ауру» бар. Алдымен бір нәрсені жасап алады да, содан кейін барып «осымыз дұрыс болды ма өзі?» деп ойланады. Кейде, тіпті, ойланбайды да. Ел наразылық білдіргеннен кейін барып ақталып жатады. Мәселен, қала көшелеріне қыруар қаражатқа асфальт төсеп, көп ұзамай сол төшенішті қопарып, су, газ немесе кәріз құбырларын тартқанына талай мәрте куә болдық. Ең сорақысы — ол қазылған орлардың көбі қалай болса солай жабылып, көше ойқы-шойқы болып қалып қойып жатады. Соңғы кездері бұл «ауру» басқа салаларға да ауыса бастаған сияқты. Оған Тестұрмас аймағында қаңғыбас, ауру иттерді өлтіріп, көметін арнаулы орынның салынуы куә.

Бұл жай тұрғындардың тарапынан наразылық тудырып отырғанын естігеннен кейін арнайы барып, жағдаймен таныстық. Шынымен де, өлексе көметін арнаулы орын өте ыңғайсыз жерге салынған екен. Бір қырдың астында атақты Тектұрмас әулиенің кесенесі тұр. Оның үстіне осы маңдағы мұсылман зираты биіктеу жерге салынған арнаулы орынға жетіп қалыпты.

«Бұрын білмейтінмін, былтыр мына жердегі зиратта жерлеу рәсімдеріне қатысып жүргенімде қаңғыбас иттерді көметін жер екенін ағам айтты. Иттерді машинамен әкеліп жатқанын да көрдім. Осындай орынды басқа жер таппай қалғандай әулиелі жерге салғаны ақылға да қонбайды, шариғатқа да қайшы келеді. Бұл ел келетін, зиярат ететін, күндіз-түні Құран оқылатын қиелі орын ғой. Осыны билік неге ойламаған?» дейді Тектұрмас кесенесінің шырақшысы Мәулен.

Зират басында қайтыс болған туыстарының моласының басын қарайтып жатқан екі жігітті әңгімеге тартқан едік. Олар да наразылықтарын жасырмады. «Қаңғыбас иттерді машинамен күнде дерлік алып келеді екен. Көріп тұрсыз, зираттың тура жаны. Осы дұрыс па? Мен Құмжотада тұрамын. Сол маңда елсіз жерде, таудың ортасында мал өлексесін көметін орын бар. Сол жерге неге жасамаған?», дейді өзін Талғат деп таныстырған азамат.
Осы зиратта көр қазып беріп, зиратты тазалап елге қызмет көрсетіп жүрген жігіттердің жетекшісі Әмірхан деген азамат қандай шаруамен жүргенімізді естіп, «ел наразы, елдің талабын билікке жеткізсеңіздер дұрыс болар еді» деп тіпті қуанып кетті.

Мәселені зерделеу барысында білгеніміз, бұл жер кеңес заманынан малдың өлексесін көметін орын болған. Ол кезде ор қазып, өлексені әкеліп тастап, көме берген. Осыдан үш жыл бұрын қалалық әкімдіктен, СЭС-тен өкілдер келіп, арнайы техникалардың күшімен талапқа сай арнаулы орын салыныпты. Бастапқыда бұл орын қалалық «Жасыл-Тараз» мекемесіне қараған екен, қалалық ветеринария бөлімі ашылғаннан кейін сол мекеменің құзырына беріліпті. Бәрі заңды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылғы шешімімен бекітілген Тараз қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидаларына сәйкес қаңғыбас иттерді ұстап әкеліп, мамандардың тексеруінен кейін жойылуға жататындары химиялық жолмен өлтіріліп, көмілуде. Әр аптаның дүйсенбісінде мамандар келіп, дәрілеп тұрады екен. Бірақ, өлексенің исі шығады. Біз келген күні салқын болатын, соның өзінде өлексенің жаман иісі мұрын жарып тұрды. Жаздың аптап ыстығында не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Дегенмен, елдің наразылығын тудырып отырған ол да емес, иттердің өлексесін көметін орынның киелі жерге, зират маңына салынуы. «Неге бұлай болды?» десеңіз, биліктегілер «бұл жерде өлексе көметін орын кеңес заманынан бері болған» деп ақталады. Бірақ, бұл уәж халықты қанағаттандырмай отыр. Неге? Өйткені, кеңес заманында мұсылман зираты темір жолдың бойында, бұл жерден бір-екі шақырымдай қашықта болатын. Одан бері 40-50 жыл өтті. Зират тауға қарай жылжып келеді. Қазір тиіп тұр. Адам мен хайуан қатар көміліп жатыр деуге болады. Осылай жалғаса берсе, тіпті, ит көметін жер зираттың ортасында қалып кететін түрі бар. Бұл әруақтарды қорлау ғой. Арнайы орынды бәленбай миллион теңге жұмсап салғанда осыны билік неге ойламаған?

Тұрғындар «әруақтарымызды қорлатпаймыз, мәселе шешімін таппайынша талабымыздан бас тартпаймыз» деп отыр. Тараз қалалық өзбек мәдени орталығының төрағасы Әбдірахман Зайнутдинов ақсақалдың айтуынша, бұл өзекті мәселе облыс Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің шілде айында өтетін отырысында қаралмақшы. Ендігі сөз шаһар билігінде.

Жамбыл облысы мәслихатының 2016 жылғы «7» қазандағы №5-10 шешімімен бекітілген Тараз қаласында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары
5. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою
31. Сұрауы жоқ қаңғыбас иттер мен мысықтар Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған препараттармен, дәрілік жолмен өлтіруге жатады.
32. Жануарларды өлтіру басқа жануарлар ұсталатын жайлардан бөлек орналасқан арнайыландырылған жайда жүргізіледі.
33. Иттер мен мысықтардың өлекселерін жою жануарлардың өлекселерін көмуге арналған арнайы бөлінген жер учаскелерінде (мал қорымдары және/немесе биотермиялық шұңқыр) немесе жануарлар өлекселері мен биологиялық материаларды күйдіруге арналған көшпелі немесе стационарлық қондырғыларда (инсенераторлар) жүзеге асырылады.
34. Иттер мен мысықтардың өлекселерін (қалдықтарын) елді мекендердің аумағына тастауға және оларды мал қорымдарынан тыс жерлерге рұқсатсыз көмуге рұқсат етілмейді.

22.06.2017
6901

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...