Жамбыл бизнесінің жолын байлап тұрған не?

Жамбыл бизнесінің жолын байлап тұрған не?

Кезінде көне Тараздың 2000 жылдығын тойлауға мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлініп, оның қомақты бөлігі шаһарды абаттандыруға жұмсалғаны белгілі. Нәтижесінде қаланың орталық көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылып, тозып кеткен ғимараттары жөнделіп, өңі кіріп қалған. Сол тұста көршілес Шымкент қаласының орталық көшелерінің өзі ойдым-ойдым болып ойылып, түнде қара түнекке оранып жатты. Бұл мәселеде көршімізден көш бойы ұзап кеткенімізді кәдімгідей мақтан етіп жүрдік. Бірақ, қуанышымыз ұзағынан сүйіндірмеді. Біз «ұйқыдағы ару» атанып, қалғып-мүлгіп жүргенде Шымкент тиегін ағытқан серіппедей атылды. Кәсіпкерлік қазаны бұрқ-сарқ қайнап, көп ұзамай-ақ Шым қала барлық жағынан шаң қаптырып кетті. Бүгінде Шымкент еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі болуға талпынып жатыр. Ал, біз...

Екі мыңыншы жылдардың ортасынан бастап Алматы мен Астанада, одан кейін бірқатар облыс орталықтарында сауда ойын-сауық орталықтары салына бастады. Мыңдаған шаршы метр жерді алып жатқан дүкендерін былай қойғанда заманауи кинотеатрлары, балалар мен жастарға арналған ойын-сауық және аквапаркі, автотұрағы, тіпті галереясы мен автобекеті де бар, жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алатын осындай супер, гипер маркеттердің ашылуын теледидардан тамашалап тамсанған тараздықтар, әсіресе, жастар жағы «бізде қашан ашылады» деген сауалды билікке жиі қоя бастады.

Елдің тілегі құлағына жетті ме, сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев 2011 жылы түріктің «Узман Ятырым» фирмасымен Таразда заманауи сауда ойын-сауық кешенін салу туралы келісімге қол жеткізді. Түріктер итальяндық «Париджи Экуйти Партнерс» фирмасымен әріптестікте салатын, құны 98 миллион АҚШ долларын құрайтын (қаржыландыруды түрік фирмасы өз есебінен жүргізетін болған) ірі жоба үшін қаланың солтүстік жағынан, Шымкент-Алматы автожолының бойынан 20 гектар жер де бөлінді. Тараздықтар бір бірінен сүйінші сұрап, бөркін аспанға атып жатты. Ерте қуанған екен, не себеп болғанын кім білсін, жоба осымен тоқтап, аяқсыз қалды.

Заманауи сауда ойын-сауық кешенін салуға келесі талпыныс 2013 жылы жасалды. Бұл жолы болашақ кешеннің жобасын облыс басшысына «Shangrila Luxury» ЖШС-ы ұсынды. Ол бойынша үш қабатты ғимаратта қазіргі заманғы үш бірдей 3D-кинотеатр, балалардың ойын орталығы, төрт фастфуд, кофехана, электроника және тұрмыстық техника залы, супермаркет, банктердің бөлімшелері мен қонақ үй орналасатын, жанынан аквапарк пен мұз айдыны салынатын кешен Астана, Алматыдағы баламаларымен салыстырғанда ауқымы жағынан шағын болғанымен Тараз үшін тамаша ұсыныс еді. Сондықтан да болар, әкімдік жобаны қолдап қана қойған жоқ, негізгі инвестор болуға, яғни «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 4,5 миллион доллар субсидияланған кредит беруге келісті. Уағдаластық бойынша ғимарат сол жылы күзге дейін тұрғызылып, 2015 жылы көктемде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Қазір күнтізбеде 2017 жылдың жазы, қаланың тура ортасында, Атшабар аймағында құрылысы қарқынды басталған «МЕГА Орталықтың» іргетасы ғана тұр. Жобаның аяқсыз қалуына Бозымбаевтың басқа қызметке ауысуы себеп болды ма, әлде басқа бір кілтипаны бар ма, ол жағы бізге беймәлім...

Осыдан үш жыл бұрын Төле би және Байзақ батыр көшелерінің қиылысында, бұрынғы «Керуен» базарының орнында алып құрылыс басталды. «MART TARAZ» заманауи сауда ойын-сауық кешені екен. Бес қабаттан тұратын, жалпы аумағы 55 300 шаршы метрді құрайтын, сәулеті мен сәні көз жауын алатын болашақ кешен тараздықтарды тағы бір желпінтіп тастаған. Заман ағымынан шетте қалып бара жатқан туған қалаларында Астана мен Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарынан асып түспесе кем түспейтін, мұз айдыны мен қазіргі заманғы алты кинотеатры, басқа да ойын-сауық орындары, жер асты автотұрағы бар кешен салынғалы жатса қалай желпінбесін. Оның үстіне мердігерлер кешеннің құрылысын бір жылда бітіріп, 2015 жылы көктемде пайдалануға беруге уәде етіп отырса. Мердігер «Vivat-Taraz» ЖШС-ның бас директоры Шамиль Хакимов жергілікті басылымдардың біріне берген сұқбатында тілшінің «Бізде осындай ірі жобалар қарқынды басталғанымен «сақалды құрылысқа» айналып, тіпті, аяқталмай қалып жатады. Бұл да солардың кебін кимей ме?» деген сұрағына «Жоқ. Жобаның бас мердігері — түріктер. Сондықтан құрылыс белгіленген жоспарға сай жүргізілетін болады» деп сендірген болатын. Шындығын айтқанда отандық беделді инвесторлар қаржысын құйған, облыс әкімі Кәрім Көкрекбаевтың өзі қолдау білдірген, бас мердігері түріктер болып табылатын ғаламат құрылыстың уақтында бітетініне елдің де күмәні жоқ еді. Бірақ...

Жобаның бас мердігері шетелдіктер екені де, облыс әкімінің қолдауы да, мердігердің тастай сенімі де Таразды айналдырған «қырсыққа» қарсы тұра алмады. Жаңа кешен құрылысы 2015 жылы да, 2016 жылы да бітпеді. Мердігерлердің «MART TARAZ» кешенінің ашылуын Астанадағы «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінің ашылуына орайластырамыз деген талпынысы да жүзеге аспады.

Бұл аралықта Алматы мен Астананы айтпағанда оралдықтар жалпы көлемі 20 мың шаршы метрлік ASIA MALL, шымкенттіктер 50 мың шаршы метрлік «Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық кешендерінің құрылысын ылдым-жылдым бітіріп, пайдалануға беріп қойды. Осылай жалғаса берсе Шым қала қазір құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан Қазақстандағы ең үлкен (120 мың шаршы метр) «Shymkent mall» сауда-ойын сауық кешенінің ғана емес, аспанмен таласқан 57 қабаттық екі мұнара-үйі бар «Shymkent City» қалашығының да құрылысын бізден бұрын бітіріп қоя ма деген күдік бар.

Неліктен көршілеріміз кез келген құрылысты қысқа уақытта дөңгелентіп тастайды да, біз «сақалын» сала құлаш қылып өсіріп жібереміз? Сыры неде? Әрине, құрылыстың созылып кеткені үшін кәсіпкерді кіналау ақылға қонбайды. Жобаға өз қалтасынан қыруар қаржы құйып отырған кәсіпкердің құрылысты тезірек бітіріп, пайда табуға барын салатыны белгілі. Нарық талабы солай. Мүмкін билік тарапынан қолдау жетпей жатқан шығар? Мәселен, «Shymkent Plaza» кешені құрылысына жұмсалған 15,5 миллиард теңгенің 4,5 миллиардын облыс әкімдігі беріпті.

Жалпы, өңірімізге ат басын бұрған базбір инвесторлар неліктен кеткенше асығады? Алысқа бармай-ақ Шудың қарасорасын өңдейтін зауыт саламыз деп келген шетелдік инвесторлардың санынан шатастық. Басқа мысалдар да аз емес. Оларды сонда үркітетін не? Шенеуніктердің «тәбетінен» тайсақтай ма, әлде олардың «кәсіпкерлік саласы былтырғымен салыстырғанда пәлен пайызға өсті» деген деректі малданатын таяздықтары көңілдерін қалдыра ма?

Қалай дегенде де бұл арнайы зерделеп, шешім қабылдауды талап ететін мәселе. Әрине, біз енді Оңтүстік Қазақстанның, Шымкенттің деңгейіне жете алмаспыз, бірақ, «болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай хакім айтпақшы ұқсап бағуға ұмтылғанымыз жөн-ау.

29.06.2017
261

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...