Жамбыл бизнесінің жолын байлап тұрған не? Шыдамның да шегі бар

Жамбыл бизнесінің жолын байлап тұрған не? Шыдамның да шегі бар

Газетіміздің өткен нөмірінде Жамбыл бизнесінің жолы байланған жобалары, нақтырақ айтқанда облыс орталығында сән-салтанатпен басталап, аяқсыз қалған, сақалды құрылысқа айналған сауда ойын-сауық кешендерінің жайы туралы әңгімелегенбіз. Әулиеата өңірінде «сақалы өсіп бара жатқан» тағы бір ғасыр жобасы бар. Ол – «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы (АЭА).

Әңгіменің әлқиссасы
Елдің өнеркәсібін қарқынды дамытуға, шетелдік капиталды тартуға айрықша мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақтар құрудың тиімділігін дамыған елдер әлдеқашан түсінген. Түсінген де сексенінші жылдардың өзінде шетелдік және отандық кәсіпкерлерге ерекше кедендік, визалық, т.б., жеңілдіктер қарастырылатын осындай 600-ден астам аймақ ашқан. Олардың саны бүгінде 3,5 мыңнан асып отыр. Бір деректерге қарағанда бүгінде әлемдік сауда айналымының 30 пайыздан астамы осындай аймақтар арқылы өтуде.

Елімізде арнайы экономикалық аймақтардың мол мүмкіндігін пайдалануға талпыныстар 1991-1992 жылдардан басталды. Бастапқыда мұндай аймақтар, негізінен, тұралап қалған облыстардың экономикасына қан жүгірту мақсатын көздеді. Осы мақсатта Жезқазған облысында Жәйрем-Атасу, Талдықорған облысында Алакөл мен Жаркент, Қостанай облысында Лисаковск, жалпы елімізде тоғыз арнайы экономикалық аймақ құрылды. Дегенмен, белгілі бір талдауларсыз, негіздемелерсіз ашылған аймақтар экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шықты. Сондықтан, билік арнайы аймақтарды жойып, бәрін ақ парақтан бастау туралы шешімге келді. 1996 жылы Мемлекет басшысының Заң күші бар «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Жарлығы шықты. Онда тоқсаныншы жылдардың мол тәжірибесі ескеріле отырып, аймақтарды басқару жүйесі жетілдірілді, құқықтық режимі салық және кеден заңдылықтарына сәйкестендірілді, әр аймақтың басымдылықтары айқындалды.

Сөйтіп, 2002 жылы Елордамызда жаңа негіздегі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы жұмысын бастады. Еркін аймақтың ғаламат жетістігі (АЭА аумағы жеті есе ұлғайып, 7634,71 гектарға жетті, бастапқыда 238 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген болса, қазір ол 2,2 триллион теңгені құрайды) елімізде басқа да аймақтар ашуға негіз болды.

Жалпы 2001-2012 жылдар аралығында Астанамен қатар Маңғыстау облысында «Ақтау теңіз порты», Алматы қаласында «Информациялық технологиялар паркі», Оңтүстік Қазақстан облысында «Оңтүстік», Атырау облысында «Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопаркі», Ақмола облысында «Бурабай», Павлодар облысында «Павлодар», Қарағанды облысында «Сарыарқа», Алматы облысында «Қорғас – Шығыс қақпасы», Жамбыл облысында «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймақтары іске қосылды. Олардың қызметі елімізде қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыруға ықпал етті. Бүгінде АЭА аумақтарына 651 миллиард теңге инвестиция салынып, 154 жоба іске қосылған, 12 мыңдай жұмыс орны ашылған. Бюджетке салық түрінде 100 миллиардтан астам теңге құйылған.


Талайлы «Тараз» химпаркі
Еліміздегі оныншы арнайы экономикалық аймақ — «Тараз» химиялық паркі» Елбасының Жарлығына сәйкес 2012 жылы құрылды. Химия саласын дамытуды мақсат тұтқан ірі жоба үшін Жамбыл облысының, соның ішінде Шу қаласының таңдап алынуы тегін емес еді. Аймақта шикізат қоры мол әрі химия өнеркәсібінің тарихи қалыптасқан жүйесі мен осы саланың білікті мамандары бар. Ал, Шу Қазақстандағы ең ірі көлік-логистикалық тораптардың бірі болып табылады.

Жаңа АЭА жобасы сол жылы өткен «TARAZ INVEST-2012» халықаралық экономикалық форумында таныстырылды. Жалпы сомасы 2,7 миллиард доллардың жобасы жүзеге асқанда 16 суперзауыт іске қосылып, 2,5 мың адам жұмыспен қамтылып, жылына 75 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі екен. Тараздықтар «мұндай алып жоба неге облыс орталығында ашылмайды?» деп облыс әкімінің блогына дейін шығып, реніштерін білдіріп, шулықтар қуаныштан бөріктерін аспанға лақтырып жатты. Бірақ, ерте қуанған екен…

Шу қаласының маңынан бөлінген 505 гектар жерде басталған болашақ химпарктің құрылысы ә, дегеннен оңбады. Бюджеттің бағын дағдарыс байлады ма, әлде, жамбылдық жайбасарлығымыз себеп болды ма, АЭА инфрақұрылымының құрылысы кібіртіктеп жүрмей-ақ қойды. Соның салдарынан, «Тараз» химпаркі» 2015 жылдың соңында іске қосылады» деп биік мінберлерден айтылып, мемлекеттік ақпарат құралдары жарыса жазғанымен іс жүзінде айтылған кезеңде химпарктің ауы да, бауы да дайын болмай шықты. Осыдан кейін басқарушы компания өкілдері 2017 жылы қалайда пайдалануға береміз деп ант-су ішкенімен ол да уәде түрінде қалатын сыңайлы. Өйткені, сыртқы электр желілерінен басқа инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталмай отыр. Жоспар бойынша «Хим-Плюс» ЖШС-ы 2017 жылдың бірінші тоқсанында өнім өндіре бастауы керек еді. Жыл екінші жартысына ауып барады, өндірілген өнім көрінбейді.

«Арнайы экономикалық аймақ — дәл белгіленген шекаралары бар, арнайы басқару режимі қолданылатын, бір ұйыммен басқарылатын, аймаққа өз бизнесін орналастыратын компанияларға мемлекет тарапынан ерекше ынталандыру кешенін (кедендік баж салығынан босату, жеңілдетілген кедендік режим, т.б.) ұсынатын жер телімі» (The World Bankтің айқындамасы).

Осыдан кейін еріксіз көршіңе көз тастайсың да, ұнжырғаң түсіп, отырып қаласың. Шымкеттік ағайындар екі-үш-ақ жылда дөңгелентіп тастаған шаруаны біз бесінші жыл жыр қылып жүрсек қалай ұнжырғаң түспейді. Шымкент қаласында тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында 2010 жылы құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар-жоғы үш жылда инфрақұрылымын ғана емес, зауыттарын да салып, бұрқыратып өнім өндіріп жатыпты. Оны айтасыз, алдағы уақытта экономикалық аймақтың аумағын ұлғайтып, басымды қызмет қатарына химия, мұнай-химия, құрылыс материалдарын өндіру ісін енгізуді жоспарлап отырған көрінеді. Инфрақұрылымының 15-20 пайызын ғана бітірді деп Үкіметтен сөз етіп отырғанына қарамастан «Павлодар» АЭА-да оншақты химия зауытын салып, өнім өндіріп жатқан әлеуеті бізбен шамалас павлодарлықтардай да бола алмадық. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Ердебай мырза осы қордың есебінен Таразда 2014 жылы арнайы экономикалық аймақ үшін мамандар даярлайтын қазіргі заманғы оқу орнын ашуға уәде берген еді, қимылымызға қарап химпарктің жуық арада ашылатынына күмәнданды ма, аяқсыз қалды.

Бізде қазір бар күш химпарктің инфрақұрылымын бітіруге жұмылдырылып жатыр. Бітірдік делік. Онда кімдер жұмыс істемек? Бар тапқанымыз — алты әлеуетті инвестор. Олардың өзі отандық, әрі кеткенде шетелдік үлесі бар отандық кәсіпкерлер. «Тараз» химиялық паркі» АЭА атқарушы компаниясының өкілдері отырып қалған кәрі қыздарын өткізе алмай жүрген қариялар сияқты бес жыл әлемді шарлағандарымен қызығушылық танытқан шетелдіктер байқалмайды. Ал, уақыт зымырап өтіп барады. Осылай жалғаса берсе химпарктің бастапқы жоспардағы 2020 жылды былай қойғанда, кейін межелеген 2023 жылы да жобалық қуатына шыға алмасы анық.

Шыдамның да шегі бар демекші, арнайы экономикалық аймақтың жұмысын жүргізе алмасақ, әлеуетті инвесторлар тауып, бәсекеге қабілетті өнім шығара алмасақ, күндердің күнінде Мемлекет басшысының «Қазына қаражатын рәсуа қылмай, қолынан келетін шымкенттіктерге беріңдер. Қызмет аясын кеңейтіп, химия саласымен де айналысып жатыр ғой, солар жүзеге асырсын» демесіне кім кепіл?..

06.07.2017
97

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...