Жамбыл бизнесиниң жолын байлап тұрған не? Болашағы бұлыңғыр индустриалды аймақтар

Жамбыл бизнесиниң жолын байлап тұрған не? Болашағы бұлыңғыр индустриалды аймақтар

Газетіміздің өткен нөмірлерінде Жамбыл бизнесінің жолы байланған жобалары, нақтырақ айтқанда облыс орталығында сән-салтанатпен басталап, аяқсыз қалған, сақалды құрылысқа айналған сауда ойын-сауық кешендерінің, «сақалы өсіп бара жатқан» тағы бір ғасыр жобасы – «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының тасбақа тірлігі туралы әңгімелегенбіз. Әулиеата өңірінде жолы болмай-ақ қойған тағы бір жоба бар. Ол – кезінде ресми орындардың ақпараттары мен жергілікті басылымдардың бетінен түспеген, бүгінде бар-жоғы белгісіз индустриалды аймақтар.

Әлемдік тәжірибе
Индустриалды аймақтардың тарихы Ұлыбританиядан бастау алады. Әлемдегі тұңғыш индустриалды парк – Траффорд-парк XIX ғасырда дәл осы мемлекетте құрылды. Ағылшын кәсіпкері Эрнст Холи 1896 жылы Манчестер теңіз каналы бойынан 10 гектар жерді сатып алып, жол салып, инженерлік инфрақұрылымдар жүргізіп, дайын телімдерді өнеркәсіптік компанияларға сатуды және жалға беруді бастады. Осы орайда Генри Фордтың 1910 жылы Еуропадағы алғашқы аутозауытын осы Траффорд-паркта орналастырғанын айта кеткен жөн. Бар болғаны он жылдан кейін аталмыш паркте үш жүздей американдық компанияның кеңселері мен өндіріс орындары жұмыс істеп жатты. Әлемдегі индустриалды аймақтардың атасы Траффорд-парк қазір де жемісті жұмыс істеуде.

Индустриалды аймақтар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс еуропада кең қанат жайды. Бүгінде әлемде 20 мыңнан астам индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бір атап айтатыны – Еуропада мұндай аймақтар индустрияны құрылымдық тұрғыда жаңғыртудың құралы ретінде қолданылса, Азия елдерінде қысқа уақытта елеулі нәтиже беретін индустриалды аймақтар құрудағы басты мақсат мемлекет экономикасын жеделдете дамыту болып табылады.


Қазақстандық нұсқа
2006 жылы индустриалды аймақтар құруды қолға алған Қазақстанның да сол арқылы елдің экономикасын жеделдете дамытуды мақсат тұтқаны анық. Ол дұрыс та еді. Мұндай аймақтарда қазіргі заманғы технологиялар мен құрал-жабдықтарды пайдалана отырып жаңа өндіріс орындарын ашудың пайдасы шаш-етектен болатын: еліміздің аумағында өндіріс ошақтарын барынша тең орналастыруға мүмкіндік береді, жекелеген аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады, қоршаған ортаға зиянды азайтады, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындары ашылады, білікті инженер және басқа мамандырға сұраныс артады, бюджетке түсім еселеп өседі...

Сөйтіп, 2007 жылы елімізде екі индустриалды аймақ – Астанада «Құрылыс материалдары», Қарағандыда «Индустриалды парк» іске қосылды. Сонымен қатар Үкімет екі жылда Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында осындай аймақтар құруды жоспарлаған. Бірақ, Үкіметтегі ойды әлемдегі дағдарыс бұзды.

Қазақстанда индустриалды аймақтар құру «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануына орай қайта жанданды. 2014 жылы Алматы облысында 4, Шығыс Қазақстан облысында 2, Оңтүстік Қазақстан облысында 3, Астана қаласында бір аймақ жұмыс істеп, оларды қаржыландыруға «Жол картасы» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 7 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды.

Үстіміздегі жылы маусым айында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамыту мәселесіне арналған Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі елімізде инфрақұрылымы дайын 22 индустриалды аймақтың жұмыс істеп жатқанын, олардың құрылысына 53 миллиард теңгедей қаржы жұмсалғанын мәлімдеді. Бұл аймақтарда шамамен 100 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған 107 өндіріс орны іске қосылып, 7700 жұмыс орны ашылған. Қазіргі кезде 150-дей инвестжоба жүзеге асырылу үстінде.

Министрдің айтуынша, жұмыс істеп тұрған аймақтарға қосымша Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында 9 жаңа индустриалды аймақ салынуда. Ал, 12 аймақ – жобалау сатысында.


Қобыланды келеді сайменен...
Жоғарыда келтірілген деректерді оқып отырғанда елімізде жұмыс істеп тұрған 22 индустриалды аймақтың ішінен Жамбыл облысын іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Біздің облыс, тіпті, салынып жатқан 9 аймақтың қатарында да жоқ. Осыдан үш жыл бұрын «шағын және орта бизнеске көмек ретінде ірі өндіріс кәсіпорындарына бекітілген индустриалды аймақтар ашамыз, бұл аймақтарға инфрақұрылым тартуға қажетті қаржыны толықтай мемлекет көтереді, жеке бизнеске осы аймақтарда өз зауыттарын ашу мүмкіндігі ұсынылады» деп салтанатты түрде мәлімдегенімізбен әлі күнге дейін Әулиеата өңіріндегі индустриалды аймақтар жобалау сатысынан аса алмай тұр.

Жалпы облысымызда «Тараз» химиялық паркі» арайы экономикалық аймағымен қатар Тараз қаласында «Тараз», Талас ауданында «Талас», Сарысу ауданында «Сарысу», Шу ауданында «Шу», Қордай ауданында «Отар» индустриалды аймақтарын құру жоспарланған. Соның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттар мен агроөңдеуші логистика орталығы орналасатын «Тараз» және «Казфосфат», «ЕвроХим-Удобрения», «Talas Investement Company» серіктестіктері сияқты жергілікті өндіріс орындарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететін «Талас» аймақтары бірінші кезекте жүзеге асырылмақ.

Қолға алынғалы бері үш жылдан астам уақыт болған бұл жобалардың қазіргі жайы мынандай. «Тараз» аймағында нидерландтық инвестор Energy Emissions компаниясына тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін орталықтың құрылысы үшін жер бөлінген, «Талас» аймағында 370 гектар жер бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Бітті. Бар болғаны осы ғана!

«Көрмейін десем көзім бар» демекші, бұл мәселе оларда қалай екен деп тағы да көршімізге, Оңтүстік Қазақстанға көз саласың ғой. Олардағы жағдайды көресің де, ұнжырғаң түседі. Сонау 2010 жылы Шымкет қаласындағы Фосфор зауытының аумағында ұйымдастырылған Қазақстандағы тұңғыш индустриалды аймақ «Оңтүстік» бүгінде жұмыс көрігін қыздырып жатыр. Тіпті, осында кәсіпорын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге 337 гектар аумақ тарлық еткендіктен облыстық әкімдік қосымша инфрақұрылым тарту мәселесін қолға алған.

Жалпы, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында (Шымкент, Түркістан қалалары, Созақ, Мақтарал, Қазығұрт, Түлкібас аудандары) 6 индустриалды аймақ іске қосылған, оларда 145,6 миллиард теңгенің 148 жобасы жүзеге асырылуда. Тағы бес аймақтың инфрақұрылымының құрылысы аяқталып келеді. Осылайша көршіміз инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 931 гектар өндірістік аймақ қалыптастырып отыр.

Ал, біз «Қобыланды келеді саймененнің» кебін киіп отырмыз.

P.S: Көршілес жатқан Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының бизнес саласындағы бәсекелестігі турасында әңгіме бола қалғанда бір әріптесім қызды-қыздымен «бизнесімізді Шымкенттегідей шарықтату үшін екі облыстың шекарасында біздің әр жүз кәсіпкерімізді шымкенттің бір кәсіпкеріне айырбастауымыз керек» деп күлдіргені бар еді. Меніңше бұл дұрыс тұжырым емес. Жеке кәсібін ашқан кім-кім де бизнесінің табысты болуына жанын салатыны белгілі. Мәселе сол кәсіпкерге жергілікті биліктің, шенеуніктердің барынша жағдай туғызып, қоладу білдіруінде, кедергі келтіріп, аяғынан шалмауында болып тұр. Бізде сол жетпей жатқан сияқты. Ендеше, жамбылдық жүз шенеунікті шымкенттің бір шенеунігіне айырбастаған жөн-ау.

Әрине, бұл – қалжың. Дегенмен, орыстар «әр қалжыңның астарында бір шындық бар» демей ме...

10.08.2017
103

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...