Әулиекөл

Әулиекөл

Асқақ Алатаудың қойнауында, Меркі мен Құланның ортасында Көккөл деген ғажайып көл бар екен, анда-санда келушілердің көзіне айдаһар көрініп, ғаламат үн шығаратын тылсым сырларына орай ел оны «Әулиекөл» деп атап кетіпті дегенді естіп, іштей «шіркін, бір барып көрсе ғой» деп қызығып жүретінмін. Оның ретін осы өңірдегі әріптес ағаларым Сейсен Қожеке мен Серік Құралбай келтірді.

Тамылжыған тамыз айында Ақтоған ауылында бас қосып, жолға жиналдық. Бізге Серіктің курстасы, белгілі журналист Сапарбай Парманқұлов пен фототілші әріптесі Асқар Беков қосылды. Жолбасшымыз – Көккөл орналасқан Қарақыстақ аймағында дүниеге келген, ұзақ жылдар Құлан өңірінде басшы қызметтерде болған, бүгінде зейнет демалысындағы Қыстақ қария.

Жолға жиналу оңай ма, оның үстіне жүретін жолың бірде өр, бірде ылди, асу бермес ирелеңдеген тау жолы болса. «Ал, кеттік!» дегенше күн тырмысып төбеге жетіп қалды. Каменка ауылынан өтіп, одан әрі Қарақыстақ жайлауын бетке алып тау ішіне ендік. Үш көлікте бас аяғы он бес шақты адамбыз.

Біз мінген жол талғамайтын шетелдік көліктің тізгіні Қыстақ ақсақалдың кенжесі Нұржігіттің қолында. Көзіміз – мұздақтары мұнартып жатқан асқақ Алатауда. Құлағымыз – Сейсен Қожекеде. Әншейінде Құлан өңірінің шежіресін жыр қылып айтатын Сейсекең іздегені жерден табылып, Әулиекөлге, Әулиешоқыға байланысты аңыз-әпсаналардың тиегін бірінен соң бірін ағызды.

— Жергілікті ел Көккөлді ғана емес, ол орналасқан Қарақыстақ аймағын да, Әулиешоқыны да киелі жерлер деп есептейді. Ол туралы аңыздар да аз емес. Солардың бірі Әулие Мүшәріп турасында. Бір жылдары қыс қатты болып, малға қатер төнеді. Осы маңды мекен еткен Қалмақ ханы «малымды қыстан кім аман алып шықса, соған қызым Гүлқақыны беремін» деп жар салады. Сонда мына Әулиешоқының басында отыратын Мүшәріп әулие ханға келіп, «уәдеңізде тұрсаңыз, малыңыздан бір бас та шығын қылмай, көктемде алдыңызға айдап әкелемін» дейді. Амалы қалмаған хан көнеді. Бірақ, «қанша әулие болса да жалғыз өзі қыруар малды аман алып қала алар ма екен» деген күдік көкейін тырналап маза бермейді. Болмаған соң Мүшәріптің не істеп жатқанын біліп келуге өзінің жансызын жібереді. Жансызы Мүшәріптің Әулиешоқы басында жолбарыс, аю, қасқыр сияқты аңдардың ортасында отырғанын, үлкен қазанда қайнап жатқан жас малдың етінен алып, аңдарға кезекпен жегізіп жатқанын айтып келеді. Осыдан кейін ғана Мүшәріптің құдіретіне күмәні қалмаған ханның көңілі орнына түседі. Көктем келеді. Уәделі күні Мүшәріп әулие ханның малын, бір басын да шығын қылмай, айдап келеді. Уәде — Құдай сөзі, хан да уәдесінде тұрады. Айдай сұлу Гүлқақыны үлде мен бүлдеге орап ұзатады.

Алайда, көп ұзамай Гүлқақы қырық күн ауырып, қырық бірінші күні бұл дүниеден өтеді. Сол күннен бас¬тап Әулиешоқының басына бұлт үйіріледі. Қарақыстақта қырық күн бойы селдетіп жаңбыр жауады. Тауды тұмшалаған қалың бұлт пен толассыз жауын әбден әбігерге салған ел «мына топансудан құтқар» деп Мүшәріпке келеді. Сонда әулие мына Бұрқантөбенің басына шығып, «Қақ айырылғырдың аспаны, қақ айырыл!» деп қолындағы қамшысымен қорғасындай қара бұлтты бір тартады. Аспан қақ айырылып ашылады.

Аңыз ғой, әрине. Бірақ, қанша аңыз десек те, Қарақыстақ өңірінде аспанның қашанда қалың бұлттан қақ айырылып ашылатыны таңғалдырмай қоймайды...

Әңгіме желісін Қыстақ ақсақалдың «Әне, әне, анау ұшар басына ақ мұнар байланған сол Ақшоқы!» деген дауысы үзіп жіберді. Көліктен шығып кетердей болып ентелеп отыр екен.

— Сол жерде мен туғанмын. Апам жарықтық «сені Әулиешоқыдан сұрап алғанмын» деп отыратын. «Бір ұл бере гөр» деп ниет қылып Ақшоқыға жалаңаяқ шыққан ғой. Келесі 1935 жылы қысқа салым мен дүниеге келіппін. Киелі емес деп қайтіп айтарсың осыдан кейін. Бір кереметі — қыс айларында айналада қалың қар жатқанда таудың іші болса да Қарақыстаққа қар түспейді. Есімді білгелі қар жауғанын көрген емеспін. Жер қарайып жатады. Қарақыстақ деген атының өзі осыдан қойылса керек. Осындай ерекше жерде дүниеге келгендігімнен бе, әлде, анам айтатындай, туа салысыммен Әулиекөлдің суына бір шомылдырып алғандықтан ба, осы жасыма дейін қатты ауырып көрген емеспін.

Байқайсыңдар ма, балалар, анау – асқақ Әулиешоқы, етегінде Әулиекөл жатыр көз жауын алып, жағасында жалғыз түп арша – Әулиеағаш өсіп тұр. Осыншама киелінің бір жерге шоғырлануы бекер ме? Меніңше бекер емес. Қарақыстақтың өзі киелі, ерекше өңір. Оңғарбек көкем қашанда жол жүрерде әудем жердегі Әулиеағашқа келіп, үстіндегі киімінен жыртып алып, ағаштың биіктеу бұтағына байлап кететін. Бала кезімде тіктеп келген ажалдан алып қалған да осы Әулиекөл мен Қарақыстақтың киесі ғой деп ойлаймын.

Біз елең ете түстік. Қыстақ ақсақал әңгімесін жалғастыра берді.

— Соғыс жылдары болатын. Қателеспесем, жеті-сегіздердегі кезім. Ауылда (ауыл деген аты ғана, әйтпесе, бес-алты ғана жанбыз) «соғыстан қашқандар осы маңда жүр екен, елдің малын тартып әкетіп жатыр екен, қарсыласқандарды атып кетеді екен» деген үрейлі әңгіме пайда болды. «Әскер келіп, қашқындарды ұстап әкетіпті» дегенше үрейленіп жүрдік. Кейін үлкендерден естідім ғой, әлгі қашқындар біздің қыстауды да біраз торуылдапты. Іштеріндегі құс мылтықты біреуі тергеуде: «Жеті-сегіздер шамасындағы бала жүрді малдың басында. Нысанаға алып көп отырдым. Қанша атайын десем де беймәлім бір күш атқызбады», депті…

Қыстақ ақсақалдың үнінде діріл пайда болды.

Биік таулардың қойнауындағы Қарақыстаққа түн жамыла жеттік. Шамалауымша Меркіден төте тартсаң, елу-алпыс қана шақырым болар. Бірақ, тауда төте жол бар ма. Ирелеңдеген ауыр жолмен бірде өрге шығып, бірде еңіске түсіп, биік таудан асып, итшілеп отырып жүз елу шақырымды артқа қалдырдық. Айнала тас қараңғы. Шопанның шағын үйінің шамы ғана сығыраяды. Кешкі асты сол үйде іштік. Азанда ерте тұрып, Көккөлге жаяу баруға уағдаласып, түнемеге жайғастық.

(Жалғасы бар)

24.08.2017
256

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...