Әулиекөл-2

Әулиекөл-2

(Жалғасы. Басы газеттің өткен нөмірінде)

Асқақ Алатаудың қойнауында, Меркі мен Құланның ортасында Көккөл деген ғажайып көл бар екен, анда-санда келушілердің көзіне айдаһар көрініп, ғаламат үн шығаратын тылсым сырларына орай ел оны «Әулиекөл» деп атап кетіпті дегенді естіп, іштей «шіркін, бір барып көрсе ғой» деп қызығып жүретінмін. Оның ретін осы өңірдегі әріптес ағаларым Сейсен Қожеке мен Серік Құралбай келтірді.

Тамылжыған тамыз айында Ақтоған ауылында бас қосып, жолға жиналдық. Бізге Серіктің курстасы, белгілі журналист Сапарбай Парманқұл мен фототілші әріптесі Асқар Беков қосылды. Жолбасшымыз – Көккөл орналасқан Қарақыстақ аумағында дүниеге келген, ұзақ жылдар Құлан өңірінде басшы қызметтерде болған, бүгінде зейнет демалысындағы Қыстақ қария.

«Әй, балалар, тұрыңдар! Таң атып кетті. Баратын жерімізге ертерек барайық. Күн де жақсы болып тұр...» Қалың ұйқы құшағында жатқан бізді Қыстақ қарияның самбырлаған дауысы оятып жіберді. Шіркін, таудың саф ауасы! Кеш жатып, ерте тұрсақ та, ұйқымыз қанып қалыпты.

Сыртқа шықтық. Күн көрінбегенмен, таң атып кетіпті. Үй иелері мал жайғап жүр. Тіпті, кішкентай қарадомалақтарына дейін тұрып алған. Бұлақ суына жуынып едік, кешегі жолсоқтылықтан жұрнақ та қалмады. Таңғы шайымызды ішкен соң, Әулиешоқыны бетке алып жолға шықтық. Бес шақырым жердегі Көккөлге апаратын жалғыз аяқ тау соқпағымен жүріп келеміз. Тауда жүру оңай ма, көп ұзамай шаршай бастадық, шашырай бастадық. Шаршамайтын… Қыстақ қария ғана. Сексенді алқымдап қалса да жүрісі жастардан ширақ. Оқ бойы ұзап кетеді де, қолынан тастамайтын темекісін тартып, әңгімесін айтып, медицина ілімінің «темекі адам өмірін қысқартады, өкпесін құртады» деген пәлсапасының күл-талқанын шығарып, күтіп тұрады. «Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес» дейді темекіні татып көрмеген екі өкпең ырс-ырс етіп. Бірақ, көзің көріп тұр! Қыстақ ақсақалға құрыш денсаулық сыйлаған Қарақыстақтың құдіретін, Әулиекөлдің қасиетін еріксіз мойындайсың.

Ал, жол бойғы әңгіме Көккөлдің құпиялары, тылсым болмысы туралы, әрине. Тау ішіндегі бір қуыста жатқан, бір де бір өзен келіп құймайтын не ағып шықпайтын Көккөлдің суы ешқашан борсымайтын көрінеді. Осы маңдағы малшылар көлден тұншыға шыққан алапат дауысты жиі естиді екен. Ел оны осы көлді мекен ететін аждаһа деп есептейді. Ел арасында «пәленше осы көлден тұрпаты жыланға келетін алып су тіршілігін көріпті», «аждаһа пәленшенің көзінше суатқа барған малды тартып әкетіпті» дегендей аңызға бергісіз әңгімелер көп. Келе-келе Әулиекөлге зиярат етудің тұтас бір рәсімі қалыптасқан. Дертіңе шипа іздеп келсең, алдымен ықылас қылған тиын-тебеніңді ақ шүберекке орап, көл жағасында өсіп тұрған жалғыз арша ағашына байлайсың. Содан кейін ғана көлге шомыласың. Аждаһа рақымын түсірсе, бар кеселіңнен құлан-таза айғасың. Қаһарына іліксең, құрдымына жұтылып кете бересің…

Жергілікті жұрт көлдің суын да шипалы санап, алып кетіп жататын көрінеді. Судың шипалық қасиеті көл беті бейне бір алып мақұлық жүзіп келе жатқандай шымырлап, уілдеген жұмбақ дыбыс шыққанда пайда болады деп сенетін ел көлдің суын алуға осы мезетте асығады екен.

– Келдік, – деді Қыстақ ақсақал келесі бір асуға көтерілгенімізде. Айналамызға аңтарыла қарадық. Алуан түрлі шөп өскен жазық тауға барып тіреледі екен. Көл көрінбейді.

– Әулиекөл еңісте жатыр, жақындамасақ көрінбейді.

Ентелеп алға ұмтылдық. Бірақ, жүзін көрсеткісі келмеген арудай біразға дейін көрінбей қойды. Ақыры жеттік-ау. Міне, ынтықтырған тылсым көл! «Көккөл» десе көк көл екен. Көкпеңбек болып күнмен шағылысып жатыр. Айналасы ат шаптырым. Тау жақ беті тықыр да, жазық жағалауында қалың шөп, түрлі тал-дарақ өскен. Ортасында байланған шүберектерден көрінбейтін жалғыз арша өсіп тұр.

Бабалар дәстүрімен Құран оқылды. Ырымдап Әулиеағашқа шүберек байладық. Көл суына беті-қолымызды жуып, шипалы суынан іштік. Тылсымына таңқалдық. Тостағандағыдай тоқтап тұрған су болса да борсымаған. Борсығанды айтасыз, дәмі анау-мынау өзен-көлдеріңнің суынан көш ілгері. Ал, таяқ тастам жердегі көлемі шағындау екінші бір көлдің суы сап-сары, борсығаны білініп тұр. Тағы бір еріксіз таңқалдыратыны – Көккөлдің айналасында тал-дарақтар мен қалың шөп өсіп тұрғанына қарамастан су бетінде қылпық жоқ, тап-таза! Оны аз десеңіз, апталап жауын жауса да, жаздай құрғақшылық болса да көл суының деңгейі еш өзгермейтін көрінеді.

– Көлдің тереңдігі қандай болды екен? – Табиғат аясында жайылған дастархан басында әріптесіміз Сапарбай Парманқұл жергілікті азаматтарға сұраулы жүзбен қарады. Дәл жауабын ешкім білмейтін болып шықты. «Қайдам, ел түпсіз дейді ғой, әйтеуір» деумен шектелді. Әңгімеге бағанадан бері үнсіз отырған, ел УАЗ-игімен тау жолында ызғытып жүретініне орай «тау королі – Бақай» атап кеткен ақтоғайлық Бақберген Егембердиев араласты.

– Ана бір жылдары Көккөлдің жағасынан үш-төрт жігітті байқап қалдым. Жақындап келіп жөн сұрасам, ресейлік сүңгуір (аквалангист) мамандар екен. Әулиекөлдің кереметтерін естіп, Новосібірден арнайы келіпті. Алдымен арнайы киімін киіп, көлге біреуі түсті. Біраз уақыттан кейін судан атып шықты, жоқ, әлдекім судан лақтырып жібергендей жағалауға топ ете түсті. Түрі өрт сөндіргендей. Әріптестері киімін шешісіп, не болғанын сұрап жатыр. Ол үнсіз. Біраз отырып, ес жинағаннан кейін ғана көргенін айтты. «Көлдің табаны біраз жерге дейін жайдақ болып барып, күрт құламаға айналады екен. Қанша тереңдікке түскенімді білмеймін, ұшы-қиыры жоқ, үрейлі мылқау бір әлемге еніп кеттім. Көзім көрмей қалды. Кенет беймәлім бір күш іліп алды да су бетіне қарай атып жіберді». Үнінен діріл сезілді. Бірақ, небір тереңдерге түсіп жүрген әккілер болуы керек, қасындағылар ыққан жоқ. «Давай, лучше поедем» деп жалынған әріптестерін күлкі қылып, қағыта бастады. Сәлден кейін суға екіншісі түскен. Көп ұзамай ол да атып шықты. Жүзінде үрей. «Да ну его» деп шешіне бастады. Осыдан кейін тез-тез жиналып, кері қайтты. Соған қарағанда «түбі жоқ» деген сөздің жаны бар-ау, сірә.

(Жалғасы бар)

31.08.2017
34

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...