Әулиекөл-3

Әулиекөл-3

(Соңы. Басы газеттің өткен нөмірлерінде)

Асқақ Алатаудың қойнауында, Меркі мен Құланның ортасында Көккөл деген ғажайып көл бар екен, анда-санда келушілердің көзіне айдаһар көрініп, ғаламат үн шығаратын тылсым сырларына орай ел оны «Әулиекөл» деп атап кетіпті дегенді естіп, іштей «шіркін, бір барып көрсе ғой» деп қызығып жүретінмін. Оның ретін осы өңірдегі әріптес ағаларым Сейсен Қожеке мен Серік Құралбай келтірді.

Тамылжыған тамыз айында Ақтоған ауылында бас қосып, жолға жиналдық. Бізге Серіктің курстасы, белгілі журналист Сапарбай Парманқұл мен фототілші әріптесі Асқар Беков қосылды. Жолбасшымыз – Көккөл орналасқан Қарақыстақ аумағында дүниеге келген, ұзақ жылдар Құлан өңірінде басшы қызметтерде болған, бүгінде зейнет демалысындағы Қыстақ қария.

– Жезқазғаннан келген әпкесінің әңгімесі тіптен қызық. Бақберген, соны айтып берші… – Секең қып-қызыл қарбызды тіліп отырып, тағы бір қызық әңгіменің шетін шығарды. «Тау королі» бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.

– Былтыр Жезқазғанда жұмыс істейтін Нағима әпкем қыдырып келді. Елден естіген екен, «Қарақыстақтағы Әулиекөлді бір көрсетші» деп қоймады. Алыстан келіп отырғаннан кейін көңілін қимадым. Күйіп тұрған бүкіл жұмысты кейінге қалдырып, әпкемді ертіп тауға тартып кеттім. Сол жолы әпкем қызы екеуі Қарақыстақ өңірін емін-еркін аралап, мөлдіреп жатқан Әулиекөлге жуынып, мауқын басып қайтты. Ұлытауға қайтарда Нағима киелі Әулиекөлге бір мал атағанын, келер жылы арнайы келіп, құрбандық шалатынын айтты. Біз әпкеміздің көлден алған әсерімен айтқаны шығар деп қойғанбыз. Сөйтсек, шын ниеті екен. Биыл жаздың басында «келе жатырмын» деп қоңырау шалып тұр. Содан жүгіріс басталды. Атаған сойыс малын дайындадық. Сержан молдаға әпкеміздің келетін күнін алдын ала айтып қойдық. Көп ұзамай қызын ертіп әпкем де жетті. Жол-жөнекей Сержан молданы алып, оншақты адам Қарақыстаққа келдік. Көл басында әруақтарға бағыштап Құран оқылды. Атаған малды сойып, ет асып, дастархан жасағанша кеш түсіп кеткен. Сондықтан, осы жерде түнеп шығуға келістік. Сержан молда «босқа жатқанша зікір салайын» деді. Кереметтер осыдан басталды. Ала келген қобызының дауысы шықпай қалды. Қобызды ыңғайлап қойып, Құран бастаған. Кенет сүттей жарық ай сәулесі түсіп тұрған тып-тыныш көл беті дірілдеп, уілдеген бір үн құлаққа жетті. Көлдің ортасы қақ жарылып, аппақ бу пайда болды. Сәлден кейін будың аржағынан аппақ алып жыланның басы көрінді. Біраз уақыт ойнақшып тұрып-тұрып, ғайып болып кетті. Есеңгіреп қалғанымыз сонша, бір бірімізден «көрдің бе», «сен ше» деп сыбырлап сұрап жатырмыз.

Сержан молда екі-үш сағаттан кейін қайта зікір салды. Арасында қобызын қолға алған. Әлгінде ғана үні шықпай қойған қобыз күңіреніп кеп берсін! Көл бетіне қайтадан жан бітті. Бұл жолы аждаһа ащы дауысымен айналаны тітіркентіп бізге қарай ұмтылды. Жал-жал толқындар ақ көбіктеніп, екпінімен жағаға ұрды. Тұра қашқым келген. Бірақ, беймәлім бір күш тырп еткізбеді. Бар болғаны «бисмилла, бисмилла» дей бердім. Аждаһа жағаға жақындай бергенде қайтадан буға айналып жоқ болды. Көл де тыншыды, ащы дауыс та сап тиылды. Мең-зең болып айналама қарадым. Көзін тарс жұмып алған Сержан молда қобызын күңірентуде. Ал, әпкемнің қызы өз өзінен солқылдап жылап отыр. Басқаларында үн жоқ. Жүздерінде «бұл не?!» деген сұрақ. Шын дейін десең, ақылға қонбайды, өтірік дейін десең, көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Ақыры әпкеміздің ниетінің қабыл болғаны шығар деген ұйғарымға келдік...

Дастархан басында өлі тыныштық орнады. Серіктестерімнің де Бақбергеннің әңгімесіндегі тылсым жайды дәл қазір, осы жерде өз бастарынан өткізгендей бір күйде отырғандарын байқадым. Басқаларды қайдам, өз басым бұл сезімнен көпке дейін айыға алмадым.

Көккөлдің тылсым қасиеттері туралы ата-бабаларымыздың ықылым замандардан-ақ білгені анық. Ал, бұрынғы Одақ көлеміне танытқан меркілік қарапайым өлкетанушы ұстаз Анатолий Печерский екен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оның осы көлден ғылымға белгісіз он-он бес метрлік алып мақұлықты көргендігі туралы мақаласы мәскеулік ғалымдардың үлкен қызығушылығын туғызған. КСРО Ғылым Академиясы Жануарлар экологиясы мен эволюциялық морфологиясы институтының аға ғылыми қызметкері С. Клумов хат жазып, көлді мұқият зерттеуге кеңес берген. Ал, Оңтүстік Қазақ¬стан геологиялық барлау бас¬қармасының геологы Борис Волчков 1976 жылы Көккөлге арнайы келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көлдің тау қуыстарындағы мыңжылдық мұздақтардың еруінен пайда болғанын анықтаған. Мұндай қуыстарда жер асты жықпылдарының арасымен ағатын сорғы сияқты арналар оңай қалыптасатын көрінеді. Көккөлдің суы жауын-шашынға, жер астының гидрогеологиялық ерекшелігіне қарай ауық-ауық осы арналардың біреулері арқылы жердің терең қойнауына сорылып кетіп, екіншілері арқылы қайта толтырылып отырады, деген болжам жасапты ғалым. Су жай сорылса – көл бетінде майда иірімдер немесе айнала жүзген «аждаһа» пайда болады. Күші қатты болса – сумен бірге ауа да сорылып, «аждаһаның» ащы дауысы естіледі. Жердің терең қойнауындағы мұндай сорғы-арналардың көл деңгейін реттеп отыратыны, суының борсып кетуіне жол бермейтіні, керісінше жер асты минералдарымен байытып, шипалық қасиет беретіні түсінікті.

Алайда ғалым қиял-ғажайыппен айналысып жатуды өз деңгейінен төмен санаған болуы керек, «аждаһа» көл бетінде қалай пайда болады?» деген сауалға жауап бермеген. Ал, Печерский оны қар, жаңбыр жауғанда көл бетінде пайда болатын бұлтпен байланыстыруға тырысыпты. Бірақ, көптеген куәгерлер «аждаһаны» ашық күндері, айлы түндері көргенін айтады. Сонда қалай болғаны? Біздіңше оның себебін де сорғы-арналардан іздеген жөн сияқты. Бұл арналар жер қойнауынан шипалы минералдар ғана емес, галлюцинация туғызатын улы газдарды да ала шығатын болып отыр. Бұл газ көл маңындағы адамдардың санасына әсер етіп, көз алдарына әртүрлі құбыжықтарды елестеткен. Әрине, бұл біздің болжамымыз ғана.

Дегенмен, ғалымдардың ғылыми негізді тұжырымдары Көккөлде ғылымға белгісіз көне мақұлықтың мекендейтініне сенетін әріптестерінің тарапынан да, «аждаһаға» сенетін жергілікті тұрғындардың тарапынан да қолдау таппай отыр. Керісінше, Әулиекөлге тәу етіп, шипа іздеп келушілер қатары жыл өткен сайын көбеюде. Ал, әлемдегі ауытқушылық бар аймақтар мен тылсым құбылыстарды зерттеумен айналысатын ресейлік ғалымдар Роман Фадеев пен Евгений Красновский Әулиекөлдің түбіндегі үңгірлерде атамзаманғы ихтиозаврлардың бар екендігіне сенімді. Арнайы келіп зерттеген олардың айтуынша, Көккөл көп уақыттан бері әлемнің уфологтары мен сталкерлерінің бақылауында тұр. Бұл орайда аталмыш көлдің еліміздегі ауытқушылығы бар аймақтардың қатарына енгізілгенін де айта кеткен жөн.

P.S: Шотландияда Лох-Несс деген көл бар. Жылына әлемнің әр шалғайынан жарты миллионнан астам адам ат арытып іздеп келеді. Табиғаты қатал осынау елдегі қатардағы көлді Шотландияны былай қойғанда әлемдегі ең танымал көлдердің біріне айналдырып отырған не? Туристерді қызықтыратын, еліктіретін бір ғана нәрсе – атышулы Лохнесс құбыжығы. Бір таңқаларлығы, Лох-несс көлі де тау қуыстарындағы мыңжылдық мұздақтардың еруінен пайда болған көрінеді. Оның үстіне құбыжықтың қимылы ықылым замандардан келе жатқан аңыздарында да, бүгінгі куәгерлерінің суреттеуінде де біздің Әулиекөлдегі беймәлім мақұлықтан айнымайды. Бар айырмашылығы – шотландтар өз құбыжықтарын көл тұңғиығында сақталып қалған су динозавры деп санайды, ал, біз «аждаһа» деп атаймыз.

Айтпақшы, тағы бір айырмашылығымыз бар. Ол – жаратқанның өзі берген осы сирек туристік брендті пайдалана білудегі жер мен көктей алшақтық. Шотландияның туристік саласы ғалымдардың қоректік заттар аз мұндай көлде алып мақұлықтың өмір сүруі мүмкін еместігін әлдеқашан дәлелдеп қойғанына қарамастан ауық-ауық «ойбай, пәленше деген адам көріпті», «суретке, бейнетаспаға түсіріп алыпты» деп отқа май құйып, жарнамасын келістіріп, пайдаға белшесінен батып отыр. Тіпті, Драмнадрочит деген ауылдарында Лох-несс құбыжығының музейін де ашып қойған. Нәтижесінде жыл сайын ел қазынасына ондаған миллион еуро пайда түсіп жатыр. Ал, бізде «аждаһа» мекендейтін Әулиекөліміздің бар екенін шет елді былай қойғанда қазақстандықтардың, тіпті, жамбылдықтардың өзі білмейді. Өкінішті-ақ...

07.09.2017
33

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...