Билік пен бизнес тіл табыса алмай отыр

Билік пен бизнес тіл табыса алмай отыр

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам – 2011-2015 жылдарға арналған үкіметтік бағдарлама сәтсіз болғанына қарамастан мемлекет бұл жүйеге жан бітіру талпынысын тоқтатпай келеді. Өйткені, мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтамақтастықты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институтының билік үшін даусыз артықшылықтарының бірі – мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты елеулі түрде азайтатыны. Мемлекеттің қолы мен қаражаты жетпей жатқан балабақшалар ашу, шалғай аудандар мен ауылдарда әлеуметтік нысандар салу, тағы басқа әлеуметтік маңызды жобаларға әріптестік негізде өз қаражаттарын салатын бизнес өкілдері де ұтылмайды, мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болады.Әлеуеті төмен, орталықтан дотация алып отырған біздің облыс үшін таптырмайтын-ақ жүйе. Дегенмен, біздің осы мәселеге жауапты құрылымдар, өкінішке қарай, оның көзін таба алмай отыр.

Әлемдік тәжірибе мұндай әріптестіктің мемлекет үшін де, бизнес үшін де тиімді екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Алып Қытайдың өзінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке негізделген құны 2,4 триллион доллар 13 мың жобаны жүзеге асырып жатуы сондықтан.

2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заң қабылдануына байланысты елімізде бұл бағыттағы жұмыстардың екінші тынысы ашылды. Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының талдаушысы Едіге Айткеннің айтуынша, 2015 жылдан бері республикада МЖӘ негізінде 91,635 миллиард теңгенің 112 келісіміне қол қойылса, оның 84 келісімі (66,4 миллиард теңге) 2017 жылдың үлесіне тиесілі көрінеді. «Бұл бұған дейін мемлекет қана жұмыс істеп келген әлеуметтік саланы жеке компаниялардың мемлекетпен әріптестік негізде игере бастағанын көрсетеді», дейді Едіге Айткен мырза.

Ал, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі қаралған Үкімет отырысында бүгінгі таңда елімізде осындай негізде 70 миллиард теңгенің 53 нысаны пайдалануға берілсе, 69,5 миллиард теңгенің 63 нысаны салынып жатқанын мәлімдеді. Олардың ішінде 45 білім беру, 27 денсаулық сақтау, 17 мәдениет және спорт нысаны, 7 сервистік-дайындау орталығы, «ақылды қала», энергетика және жолаушылар тасымалы саласындағы үш республикалық жоба бар көрінеді. Министр МЖӘ негізінде тартылған инвестициялар көлемі бойынша Ақтөбе облысы мен Астана қаласы көш бастап тұрғанын атап көрсетті.

Ал, Жамбыл облысы ше? Өкінішке қарай, біздің облыс әдеттегідей көш соңында ілбіп келеді. Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының мәліметі бойынша басқалардан оқ бойы озып тұрған Ақтөбе облысы мен Астана қаласында инвестициялық жобалардың жиынтық сомасы тиісінше 16,6 және 15,1 миллиард теңгені құраса, бар болғана 775 641 мың теңге инвестиция тартқан Жамбыл облысы тізімді тұйықтайтын Алматы қаласының алдында ғана тұр.

Жағдайды жақсартуға ілгеріде «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның қолдауымен «Тараз Инвест Консалт» ЖШС негізінде құрылған Жамбыл облысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы қауқарсыз болып отыр.

Биыл көктемде Ақтөбе облысына тәжірибе алмасу сапары барысында Жамбыл облысының делегациясы осы аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі өндірістік және әлеуметтік жобалармен танысып қайтқаны белгілі. Сапар қорытындысында облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев жамбылдықтарды ақтөбеліктердің МЖӘ саласында атқарып жатқан ауқымды жұмыстары қатты қызықтырғанын, Жамбыл облысы олардың тәжірибесін кеңінен қолдануға мүдделі екендігін айтқан. Бірақ, ол да көмектеспеді. Содан бері де жарты жыл уақыт өтті. Баяғы жартас — сол жартас.

Сонда осы мәселеге тікелей жауапты облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы не бітіріп отыр, деген сұрақ туындайды. Қолдарынан келмей ме, әлде құлықтары жоқ па?

16.11.2017
40

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...