Алина Кабаева қазақ па?

Ресей президенті Владимир Путин әйелімен ажырасқаннан соң ел арасында бірінші леди белгілі спортшы, көркем гимнастикадан олимпиада чемпионы Алина Кабаева болады екен деген сөз желдей есуде. Оған Владимир Владимировичтың Алинаның сұлулығына деген таңданысын жасыра алмай баспасөз беттерінде оны Ресейдің ең сұлу аруы деп мәлімдеуі негіз болса керек.

Қалай болған күнде де «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық». Бірақ, айтпағымыз сергектікті жанына серік еткен сом тұлғалы Путин мен спортшы қыз Кабаеваның арасындағы махаббат жайлы емес. Бүгінде Қазақстанда, тіпті Тараз қаласында да біраз ел Кабаеваны қазақ екен деп жүр. Егер Кабаеваның қазақ екені рас болса, онда Владимир Владимирович сіз бен бізге күйеу бала болмақ. Алайда, Алинаның өзі бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында тегінің татардан тарайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.

Міне, көптің көкейінде жүрген осынау мәселенің ара-жігін ашып беру үшін біз футбол әлемінің бар құпиясына молынан қанық кәнігі маман Александр Поляковқа қайырылған едік. Аздаған зерттеуден соң ол «Тараз Times» газетінің редакциясына төмендегіні мәлім етті.

– Алинаның әкесі Марат Кабаев Өзбекстан КСР-і, Сунхандария облысында дүниеге келген. Бала күнінен футболмен шұғылданады. Кейін Мәскеуде ПТУ-ге оқуға түсіп, осында «Трудовые резервы» қоғамының қатарында астана чемпионаттарына қатысады. Оны сол жақтан ташкенттік «Пахтакорға» ойнауға шақырады. Ал, 1991-94 жылдары Марат павлодарлық «Ертістің» құрамында ойнап, Қазақстан чемпионатының күнтізбелік матчтарына қатысу үшін Тараз қаласына да келген. Мараттың ұлты татар. Әйелі Любовь орыс қызы. Ол да кәсіби спортшы. Баскетболдан Өзбекстан чемпионы атанған. Біраз уақыт Павлодарда аспазшы болып та жұмыс істеген.

Олардың үлкен қыздары Алина Ташкентте туылған. Павлодарда кейін Ресей құрамасының сапында сынға түскен құрбысы Алия Мұстафина екеуі Никитин есімді жаттықтырушыдан көркем гимнастиканың қыр-сырын үйренеді. Кейін Алина көркем гимнастикадан көп жылдар бойы Ресей құрамасын басқарған, жерлесі Ирина Виннер-Усманованың шақыртуымен Мәскеуге көшіп кетеді. Алинаның өзінен екі жас кіші Лиззан есімді сіңілісі бар.

Марат Кабаев бүгінде Ташкентте тұрады. Әйелімен ресми түрде ажыраспаған. Қыздарымен жақсы қарым-қатынаста. Жақында ғана Алинаның отыз жас тойына қатысу үшін Ресейге барып қайтты.

19.09.2013
234

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...