Мүшәйрадан мән, қазылардан сән қашқан ба...

Мен 30 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүрген азаматпын. Саясаттың неше сайқал әрекеттерін әділетсіздік пен қиянаттың неше түрін көрдім. Екі мәрте Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер болып тіркеліп, басшылыққа да сондай сорақы әрекеттері үшін өкпелеген күндерім болды.

Қасымда жүрген ағаларымнан да көп сатқындық көрдім, шыдап келемін, амал қанша, бірақ уақыт бәрін өз орынына қояды, күту керек.

Осы 55 жасқа келгенше шындық үшін күресіп келемін, ақиқат іздеп, арымды сатпай, адами қасиетіме дақ түсірмеуге тырыстым, нәтижесіз емес.

Бүгін де міне Төле би бабамыздың туғанына 350 жыл толуына орай өткізілген Мүшайра қорытындысымен танысып, амалсыздан қолыма қалам алдым.

Бұдан бұрын мен «бармақ басты, көз қысты», ымырашылдық, рушылдықтың қызметке тұруда, депутаттыққа сайлануда, әртүрлі конкурстарда және спортта болатынына еш күмәнсіз сенетін едім, енді мұндай қиянаттың өнер саласын да шырмап алғандығына көзім жетті.

Мен, бір өлеңдер жинағын кітап етіп басып шығарған, өлең жазудың техникасын толық меңгерген, ұйқас пен буын байланыстыруды, мағынасын мәнді етуді бір кісідей білетін жанмын.

Еліміз Егемендік алғалы бері республикалық деңгейдегі үш Мүшайраға қатыстым, нәтижесі былай болды:

Бірінші Мүшайраны «Наурыз» тақырыбымен «Қала мен дала» газеті жариялады. Нәтижесінде республика бойынша менің де өлеңім бар ең үздік деп танылған он өлең газет бетінде жарияланды, бірақ белгілі журналист ғалым Жанғара Дәдебаев басшылық еткен қазылар тобы асықпады, 2 айдан соң әділетсіз шешім шығарды. Алғашқы жарияланған өлең авторларына тағы да қосымша уақыт созу арқылы мүмкіндіктер беріп, мағынасыз, үйлеспейтін өлең ұйқастары жүлде алды. Тіптен Наурызға еш қаны қосылмайтын.

— Көз жасымды көреді қандай соқыр, Дауысымды естиді қандай керең деген сөз ұйқастары бар 5 шумақты өлең жазған астаналық бір қызға үшінші орын берілді, ал, белгілі ақын-сазгер Үміт Битенова, ел сүйіктісі Таластың таланты, талайлар тәнті болған Нарша Қашағанұлы оң баға берген менің өлеңіме ынталандыру сыйлығы да бұйырған жоқ. Бұл жөніндегі менің сын мақалам «Жас Алаш» бетінде жарық көрді.

Екінші Мүшайраны Егемендік тақырыбында Астанада «Гумилев» орталығы жариялады. Бас бәйге автокөлік болған. Мен де өлеңдерімді жібердім. Қорытындысында өзім бәйге алған өлеңдерді тауып оқи алмадым, жариялылық болған жоқ, есесіне өлеңдерімнің конкурсқа қатыспағанын білдім. Сол комиссияда менің өлеңдерім жазылған (әрине жасырын атпен) конвертті комиссия мүшелері ашпай бұрышқа лақтыра салған. Бұл кісі менің жерлесім еді деп конвертті қайта ұсынған жігітке олар – «Орындарды белгілеп қойдық, енді қажеті қанша?» деп ұр ысып тастаған. Ол жігіт Қаратауға келгенде маған болған жайды көзбе-көз баян етті және жалған сөйлейтін жан емес.

Енді міне үшінші мәрте осы жылы Жамбыл облыстық Мәдениет басқармасының «Халық шығармашылығы орталығы» облыстық «Арай» газетінің №32(408) санында «Төле бидің қасиеті мен өсиеті атты ақындардың республикалық жабық жыр Мүшайрасын» өткізу жайлы Ережесін басты. Мен орталыққа барып 39-шы болып тіркелдім, соңғы күні 69 үміткер тіркелгендігін білдім. Қорытындысында 63 ақыннан 126 өлең түсті деп жүлделі орын алған өлеңдер тағы да сол «Арай» газеті бетінде жарық көрді (6 адамның өлеңіне не болғанын қайдам).

Жүлделі орындарды ақындар былай бөлісіпті. Бас бәйге Райымбекұлы Маралтайда, бірінші орын жас ақын Ерлан Жүністе, екінші орын Иранбек Оразбаевта, төртінші орын Рафаэль Ниязбековке бұйырыпты үшінші орын маған белгісіз Алия Даулетбаеваға берілген. Хош делік «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» демекші, атағы дардай, алыптармен айтысқалы отырған жоқпын, дегені мен әркімнің өз ойын айтуға, дат сұрауға құқысы бар емес пе.

Менің ұстазым Нарша Қашағанұлы айтушы еді:
— Тарихта ұлы Абайдан бастап Мұқағалиға дейін, бүгін де қаншама ақын қиын ұйқас құрамай-ақ қара сөзбен халыққа танымал болды, қазақты танытты. Қара сөзге ән жазуға да оңай. Өлең оқуға да, ұғуға да жеңіл, шумақтары бір-бірін толықтырып отыру, — керек деп. Мен негізінен осы ұғымды басшылыққа алдым да Төле би бабам туралы барлық материалдармен танысып, Мүшайраның талаптарын басшылыққа алып оқырманға ұғымды «Данышпан бабам — Төле би» деген 32 шумақ толғау жаздым. Осы жерде оқырмандарға түсінікті болу үшін газет бетінде жарияланған Ереже талаптарынан үзінді оқиық.

1. «Мүшайраның мақсаттары» бөлімінде Төле бидің даналығын, шешендігін жырға қосу, өлеңмен өрнектеу, сол арқылы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосу. Әділдікті ту етіп жоғары көтерген, ел тұтастығын сақтауға зор мағына берген Төле би келбетін үлгі тұту, адамдық қасиеттерін үйрету, істерін өнеге ету, жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар рухына, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу деп тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

2. «Мүшайраның талаптары» бөлімінде — Төле бидің өмірі мен шығармашылығын оны қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі мен қалдырған мол мұрасын, ел бірлігін сақтаудағы еңбегін ұрпаққа үлгі ету, дәріптеу делінген.

Ендеше біріншіден, Төле би аңыз емес өмірден өткен данышпан. Төле биге тарихта қаншама теңеу айтылған. Әулие, данышпан, кемеңгер, дарабоз, ойшыл қайраткер, Би, Әз, Кеңесші.

Мен жырымда осының барлығын қамтыдым, Төле бидің тегі мен шығуы, текті іс-әрекеттерінің бәрін ашып жаздым. Шындығына келсек мектеп жасындағы оқушылар үшін таптырмайтын материал болып шықты.

Екіншіден, Төле бидің еңбегі мен өмір жолы, тарихы бар болғаны 9-10 шумақ өлеңге сиюы мүмкін емес. Болмаса Қобыландының, Алпамыстың қайдан шыққанын, кім болғанын, біздер қайдан білер едік. Тарих кейінгі ұрпаққа ұғынымды болып жазылуы шарт, өлеңде де, солай.

Үшіншіден, кім болсаң, ол бол, Мүшайраның мақсаты мен талабы биігінен көрінуің шарт. Бір ғана эпизодпен Төле бидің кім болғанын бүгінде көбінесе кітап оқымайтын жас ұрапақтың ұға қоюы неғайбыл. Мен өз басым Маралтайдың, Иран Ғайыптың, Рафаэль ағаларымыздың Ерлан інімнің талантына бас иемін, құрметтеймін, қадір тұтамын. Бірақ доданың аты дода. Көкпарда үзеңгі біреудің жағына, біреудің басына, кеудесіне тиіп жатқанымен шатақ шықпайды. Әдебиетте әсірелеу, теңеу, балама суреттеу, дегендер заңдылықтар бар, алайда Төле би бабамыздың Қарлығаш би атануының да өз тарихы бар емес пе. Маралтайдың өлеңінде алғашқы халықты Ташкенге бастап барған кейін жеріміздің кең екендігін бізге айтатын қай Қарлығаш. Ұядан ұшырған қарлығаштарының бірі ма дейін десем Төле бидің өзі қарлығашқа айналып азасына елді бастап жүрген сияқты.

Керек болса, бабамызды Қарлығаш би атап жүргендердің өзі қазақтар емес өзбек халқы ғой. Миллион теңге жүлде алған осы өлеңде Мүшайраның талаптарының қаншалықты толық қамтылғандығын оқырман бағалап жатқан шығар, дегенмен осы Төле би бабамыздың Қарлығашқа айналып кеткендігімен, ол кісінің кім болғандығы, қандай еңбектері бар екендігін, өмір жолын, кейінгі ұрпақ ұға қояр ма екен. Иранбек ағамыздың өлеңінде «Мейлі жаман заманға күйлесін, мейлі күйлеп бассын желігін! деген ұйқастар бар. Бұны Абай айтты дер, алайда Абай оны сол замандағы малмен мал болып жүрген қазаққа ашынып айтқан, Абай қазақ жүрген жері азап, сақал-мұрты аузына түскен деп те теңеген, алайда ол заманнан өттік емес пе. Төле биді жырласақ бүгінгі жетістігімізді қосып жырламаймыз ба. Күйлеу деген негізінен адамға емес айуанға айтылатын теңеу. Адам күйге енеді, күйінеді, күйеді, күйленеді, бірақ күйлемейді. «Тәуелсіздік- Алдық… Әйтеу… Ақыры, Жә, Жарайды. Жә, Жарайды дейді. Бұл қандай аяқталмаған сөз Әйтеу деген, жоқ әлде буынды теңестіру үшін бе, оның «Әйтеуірі» екендігін мен түсінермін, басқалар ше… Мүмкін атақты ақын өлеңіне «Төле бидің айтқаны» деген тақырып қойған соң оқырман бас шұлғи салар, сұрамас деді ма екен.

Ерлан ініміз Төле биден гөрі заманды көп жырға қосса да айдаладағы Моцартпен байытса да аяғында бабамызға жақсы теңеулер айтқан. Негізінде бас бәйгеге осы өлең лайық деп есептер едім.

Рафаэль ағамыз екуміз бір ауылданбыз, ол кісінің өлеңдеріне де сын айтар ма едім қайдам, тауып оқи алғаным жоқ.

Ал, Әлия Дәулетбаеваның өлеңінен Уа би! деген қаратпа сөзден басқа салиқалы ұғым аз, керісінше өмірге деген өкпе, қаралау, аяғында өксіп-жылап тоқтайды. Болмаса мына 2 шумақ үзіндіні оқып көріңіз.

Азаттығым аспанға тигізер деп төбемді,
Ақ қағаздың бетіне жазған едім дәмемді.
Алшая атқа қонатын абаданды аңсағам
Болып шықты көбісі ұрғашыға тәуелді.
Қайтем анау ағамның қоңырайған бөркін құр,
Ұлттың емес, руының шежіресін шертіп жүр.
Жалғыз қазақ қалғанша тарқамайтын күйігім,
Жалғыз қазақ қалғанша жазылмайтын дертім бұл
.

Өлең өзі не туралы, Төле би туралы ма, әлде кімді меңзеп, кімді қарғап отыр! Менің ойымша бұл кісі тақырыптан алшақтап кеткендей әрине қоғамға, қоршаған ортаға деген өкпе әрбір жанда бар, бірақ оны бақилық жанға айтып, бадырайтып, баспасөзге жазып, басшыларды қаралап жүлде алып жатқандарды көрмедім. Тура осы өлеңде Мүшайраның қай талабының орындалып отырғандығын мен түсінбедім. Сонда 9 адамнан құралған алқалы топ нені қарап, неге баға берді. Төле би туралы қандай деректер аталып, қандай өлеңнің бағын ашып отыр.Автор айтқандай бұл әлде шыныменен ұрғашыға тәуелділік па, болмаса алқа мүшелері Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова әпкелеріміздің мысы басты ма екен. Мұндай өлеңді бағалап баспасөз бетіне шығарудың өзі ұят емес пе. Елдігімізді, бірлігімізді бұзатын ұғымдары бар, жеке адамның арызындай бұл өлеңге қошемет жасап қарап отырған Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы, бұған не дер екен. Қалай болғанда да Құлагерді мерт еткен Батыраштай тұлғалардың, өзекті мәселе емес, өз басын ғана ойлайтын ойшылдардың, сөз бағалар зиялы қауым арасында да бар екендігіне көзім жетті. Әйтпесе жоғарыдағы отырған жазушы, журналист, ақын, сыншы- сатирик бауырлар билікке таласып шу шығарғанша, осындай шикі дүниелерден неге бу шығармайды. Қазір қара сөзді өлең етіп «хит» жасап жүргендерге де етіміз үйренді, соларға неге «тәйт» демейді. Бір сөзбен айтқанда айтпасаң сөздің атасы өледі. Ашындым. Айттым. Төрелігі сіздерде қалың оқырман, сөз түсінер зиялы ағайын. Мүмкін меніне қате болар, пікір айтыңыздар.

Сабырғали Рысбаев, Қаратау қаласы

22.11.2013
588

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Загрузка...