Көне Тараздағы көрнекті ғимараттардың бірі - орталық «Хибатулла Тарази» мешіті туралы сөз бола қалса тараздықтардың, жалпы Жамбыл жұртшылығының кеудесін осынау асқақ та әсем ғимаратқа деген мақтаныш сезімі кернеп қана қоймай, талай жылға созылған, басшылардың да елдің де жүйкесін тоздырған құрылысы ойға оралатыны анық. Олай болатын жөні де бар, Құдай үйінің құрылысына тараздықтар ғана емес, жалпы облыс жұртшылығы талай рет ерікті, кейде ерікті-мәжбүрлі түрде ақша жинаған. Бірақ, ол осынау діни кешен құрылысына қатысты шырғалаңның жалпы жұрт білетін бет жағы ғана. Бұл «сақалды құрылыстың» кезінде жекелеген лауазым иелерінің жүйкесін қаншалықты тоздырғаны және қанша қаржыға түскені бұған дейін терең құпия болып келді. «Тараз Times» тілшілері бірен-саран қала тұрғындары мен шенеуніктерге ғана белгілі осы құпияның шымылдығын түруге тырысқан еді.