The news is by your side.

Құланда мал бордақылау және мал сою алаңы ашылды

0 304

Құлан ауылының құрметті арда­ге­рі, жеке кәсіпкер, «Дәулетбай» ша­руа қожалығының басшысы Үмбет Жана­ділов талай жылдан бері ауыл­ша­руашылығы саласын алшаң бас­ты­руға ерекше үлес қосып келе жатқан жандардың бірі. Құланның қазы­налы қариясына айналған ақсақал бүгінде жеке ісін дөңгелетіп, өз кәсі­бінен нәсібін тауып жүрген жайы бар. Дәл қазіргі таңда ақсақалдың мен­ші­гіндегі шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен, төрт түлікті борда­қылаумен айналысады. Онда 10 адам тұрақты түрде жұмыс жасаса, маусым­дық кезеңдерде жұмысшылар саны екі есеге ұлғаяды.
Үмбет Дәулетбайұлының ықпалымен 2004 жылы құрылған кәсіпорын бүгінгі күн­ге дейін үй жануарларына қажетті азық­тың бірқатарын өндіріп, нарыққа шы­ғарып, саудалап келеді. Сонымен қатар, Үмбет ақсақалдың кәсіпорыны ау­дан тұрғындарынан төрт түліктің жүні мен терісін де қабылдайды. Өз кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкер қалтасынан 253 000 000 теңгеге жуық қаражатын жұмсап, жуырда мал сою алаңын да ашты. Барлық санитарлық талаптарға сай келетін мал сою алаңы заманауи үлгіде жабдықталған екен. Онда бір мезетте 6-7 ірі-қараны немесе бір тәулік ішінде 500 басқа жуық ұсақ малды союға болады. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш кәсіпорын жылына 500 тонна ет өнімін дайындауға қауқарлы. Кешеннің өзінің тоңазыту камерасы, таразыға тарту бөлмесі мен қасапшыларға арналған демалыс орындары да бар. Нысанға қажетті қондырғыларды алу үшін Алматы қала­сындағы «ҚАЗТЕХПРОМ-СЕРВИС» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігімен ке­лісімшарт жасалынып, техникалық құрылғылар жақын арада келеді деп күтілуде. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге шаруа қожалық бас­шысы Үмбет Жанаділов пен оның ұлы Мүслім Жанаділов мәлімдеп берді. Сондай-ақ, қожалық жетекшілері ны­санның мал бордақылау алаңы да то­лықтай жұмыс істеп тұрғанын айтып, бү­гінгі таңда онда 200 бас қой, 16 жылқы, 24 ірі-қара бордақыланып жатқанын тілге тиек етті.
Аталмыш нысанның ашылу сал­танатына аудан әкімі Ерболат Садыр­құлов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және бірқатар бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Соны­мен қатар, іс-шараға облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Ер­бол Жиенқұлов та арнайы келіп, ны­санның алдағы уақытта атқаратын жұмыс­тарымен танысты.
Ашылу салтанатында ауылша­руашылығына қатысты келелі ойлар, ұтым­ды ұсыныстар да айтылды. Мәсе­лен, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов инвестициялық жобаның аудан эконо­микасына тигізер пайдасы зор екен­дігін айтып, кәсіпорын толықтай жұ­мыс істей бастағанда жылына 500 тонна ет, 20 000 дана тері, 500 тонна жүн дайындайтынын атап өтті. «Бұл жоба­ның екі бірдей ұтымды тұстары бар. Біріншіден, біз аудандағы ұсақ мал сою алаң­дарын орталықтандырып, оларға барлық санитарлық талаптарға сай ке­летін осындай нысанның жұмысын ұсы­на аламыз. Ол үшін біз бөлім басшы­ларымен, кәсіпкерлермен бірлесіп, ауданда үш бірдей мал сою алаңын дайындадық. Алдағы уақытта кез кел­ген жерде ет өнімі дайындалмайтын бола­ды. Екіншіден, осы жоба арқылы біз нарықтағы бағаны тұрақтандырып, ортадағы делдалдардың жұмыстарына тұсау салатын боламыз. Осы арқылы қарапайым тұрғындардың табысын арттыра аламыз» деп өз ойын білдірді. Жиын­да аудан әкімінен бөлек келген қонақ­тар да сөз сөйледі. Кейіннен нысан­ның лентасы қиылып, қонақтар мал сою алаңын аралады. Аралау кезінде табысты арттыру, өнімді өткеру және шет ел нарығына шығару жолдары сөз болды.
Жиын соңына қарай аудан әкімі осы іске бастамашыл болған жандарға алғысын айтып, Үмбет Жанаділовтың жаңа бастаған ісіне сәттілік тіледі.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

qulantan

Leave A Reply

Your email address will not be published.